Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ессіз кесел, ерсі індет

0 487

Көршілес есіктен елең-алаңда сыртқа шығып, алдымен естен танғандай үдеріп, сәлден соң қарқ-қарқ күле беретін қара жігіттің қылығы мені бейжай қалдырмайтын. Бірде сыртта серуендеп жүріп, бірінші қабаттағы көршінің айқара ашық терезесіне көзім түсті. Балшыққа ұқсайтын әлденені алақанына салып, умаждап отырғаны анық көрінді. Терезенің жақтауына сусыннан босаған пластик бөтелкені қойып, соны үрлеп, түтінін будақтатып жатқанын аңғардым. Көрініске таңданып, сыртынан қарап тұрғандардан именбеді де, мүмкін байқамады ма, ол жағы беймәлім. Әйтеуір есіл-дерті қолындағы бізге түсініксіз көрінген дүниеде. Әлемді ұмытқандай кейіпте беріліп кетіпті.
Бала біткен терезеге телміріп, ішегін тартып қарап тұрғанын ыңғайсыз көріп, жасөспірімдерді кейін шегеріп жібердім. «Терезеңізді жауып қойыңыз» деп айтпаққа оқталғаным сол, қара жігіттің өзі де сырттан үңілген бізді байқап, әйнекке пердені ысырып, қымтай бастады.
Сол күні кешкісін қара жігіт жылыұшырай жымиып әңгімеге тартты. Бір қызығы, күліп тұрып ашуланып, ашуға булығып тұрып сылқ-сылқ күле салуы расымен оп-оңай екен. Оның үстіне әңгіме барысында отыздың ордасын бұзған жасында жұмыс істегісі келмейтінін жасырмады. Жалғыз анасының айлығы екеуіне жетіп артылатынын желпініп жеткізе бастағаннан-ақ, көз алдымда бар сүйкімі екі есе азайып қоя берді. Отбасы құруға да құлқы жоқ болып шықты.
– Сізге отбасы құру керек. Өмірдің жалғасы болар сәби сүю керек қой, жассыз әлі, – деймін аузыма түскені сол болып.
– Ой, мен кедеймін ғой, кім тисін маған?! – деп бетіме қарады.
– Жұмыс жасап, ақша табуға болады ғой, – дей бергенім сол:
– Ой, ерінем! Таңмен таласып тұрып, жүрейін сол жүгіріп?! Өмірге бір-ақ рет келеміз. Сонда бар уақытымды жұмысқа арнауым керек пе?
– Анаңызды аямайсыз ба? Таңнан кешке дейін жүр ғой сіз үшін де жүгіріп! Тапқан-таянғанын отыздан асып, қырыққа таяған сіздің аузыңызға тосады. Сізбен жасты жігіттер бір қауым елді асырап отыр.
– Иә, шешем байғұс шаршап жүр. Бірақ маған жақсы жұмыс жоқ қой, – деді ол темекісін тұтатып жатып.
Ақыл-ойында тежелу процесі байқалды. Сөзін де дұрыс жеткізе алмады. Оның үстіне ертеңі бұлыңғыр әрі ойланғысы да келмейді. Ал жұмыс есірткі тұтынушылар мен нашақорлардың ата жауы екенін білуші едім. Сәлден соң:
– Сұрағым бар, – дей бергенім сол:
– Анаша туралы сұрайын деп пе едіңіз? Өз өмірім, не істесем де өз шаруам! – деп дүрсе қоя берді.
Бір үйдің жалғыз ұлы болып еркелеп өсті. Әкесі бес жасында дүние салған соң, шешесі барын аузына тосып, барынша мәпелеген ұл еді бұл. Енді міне, парыз бен қарыздың не екенін түсінгісі келмейді һәм түсінуге құлқы мен терең ойлануға мұршасы да жоқ екенін танытып отыр. Өзіне беймәлім бағытта, бұлыңғыр болашаққа қарай бет алып бара жатқан жігітті аяп кеттім…
Есірткі заттарды қолдану тарихы біздің заманнан 5 мың жыл бұрын шумерлердің өркениетінен шыққан екен. Сол кездегі қазба жұмыстары барысында алғашқы есірткілерді дайындау және қолдануға қатысты жазбаша анықтамалар табылған. Бір қызығы, онда «қуаныш» деген жазу болыпты.
Адамға тажал болып жеткен бұл біртіндеп орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, рухани және физикалық тепе-теңдігін бұзады, тәуелділікке жол ашады, жеке адамның, қоғамның экономикалық және әлеуметтік жағынан міндетті түрде құлдырап, азып-тозуына әкеліп соғады.
Нашақорлардың хал-жағдайымен танысу мақсатында Тараз қаласында орналасқан Жамбыл облыстық наркологиялық диспансеріне бас сұққан едік. Алайда басшылық не ішке кіргізбеді, не өздері бір ауыз мәлімет беруден де бас тартты. Айқара ашылған есікті қайта жауып, қайтудан басқа амал қалмады.
Өз зерттеуімізге сүйенсек, есірткінің түрі көп. Түнгі клубтарда сатылатын экстази, амфетамин таблеткалары – осы синтетикалық есірткі. Оны қолданған жастар құштарлықпен түрлі дене қимылдарын қайталап, шаршағанын білмей, тоқтаусыз таңға дейін билей береді екен. Бұрын нашақор 15-20 жыл өмір сүрсе, қазір көрсеткіш қысқарып, небәрі 5-6 жылға шегерілген. Сондықтан да ең дұрысы – мұны бастамау. Ал бір бастасаң, тастауың екіталай…
11 жасар Милананың әке-шешесі ажырасқалы үйде жалғыз қалатын. Бірде көршінің ұл-қызы ойнауға шақырды. Олар жиналып желім иіскеді. Милананың көз алды бұлдырап, еріксіз күле берді. Оған өз еріксіздігі сондай қызық көрінді. Соңыра достарымен төбелесіп, басынан бір қызық күй кешірді. Желім иіскеп жүргенін 7-сыныпта оқитын ағасы біліп қойды. Милана анасына айтпауын өтініп, ағасының аяғына жығылып жылады. Соңыра желім иіскеуді оған да үйретті. Енді екі баланың сыры да, мұңы да біреу ғана – желім иіскеуге деген құмарлық. Бұл құмарлықты бәрінен биік қойған екеуге өздерінің бұл күйі соншалықты ұнайтын. Уақыт өте келе балалар темекіге, сосын анашаға ауысты. Алайда бас-аяғы екі-үш жылда мұның да қызығы қалмаған соң, жасөспірімдер есірткі иіскеуге көшті. Анасының көзін ала бере үйдегі бар затты сатып, құмарларын қандыратын болды. Соңыра инеге отырды. Сөйтіп, отызға толар-толмас шақта шектен тыс дозасын асырып қойғандықтан, екеуі де дүниемен қош айтысып кете барды.
Есірткіге тәуелділік қалай тез басталса, сол ғұмыр дәл солай тез аяқталады. Бірі жақынын жоғалтып, іштегі қайғы мен шерін ұмыту үшін осындай қадамға барса, енді бірі еркелеп жүріп от басады. «Бір рет қана дәмін көргеннен ештеңе өзгермес» деген оймен келетіндер де баршылық. Алайда есірткінің заңы қатал. Ол уысына бір түсірген адамды мәңгілік құл етеді.
Нашақордың ғұмырына не ата-анасының «айналайыны», не баласының көз жасы әсер етпейді. Олар тек бір күндік есірткі ләззатын алу үшін бәріне барады. Ұрлық жасап, алаяқ атанып, барынша жиіркенішті адамға айналады. Ажалға бетпе-бет жүгіріп келе жатқан жандарды ештеңе тоқтата алмайтыны жанға батады.
Есірткінің бір түрі көкнәрді ілгеріде оңтүстік өңірде пайдаланғандардың дені қарттар еді. Ауырып-сырқағанды басады деп суға қайнатып ішеді екен. Сосын оның әсеріне елітіп, қалғып-мүлгіп отыратын болған. Олар көкнәр таусылып қалса, жақындарын жұмсап, тапқыздыратын. Ал кейде таппай келіп «жоқ» деп айтса, оны аңсап тұрған қарттың хал-жағдайы бірден мүшкіл тартып, шыдай алмай, жан-тәсілім еткендері де көп кездесіпті.
Оля есімді қазақшаға судай орыс қызды студент кезімнен танимын. Оның Серік деген жан досы бар еді. Көздері ойнақшып тұратын, қу тілді жігітті ұнатпайтынмын. Бірнеше рет сол жігітке жоламауын да өтінгенмін. Алайда «ол менің жан досым, қорғаушым» деп Оля Серікке шаң жуытпайтын. Бірде Оля үйге іздеп келді. Кешкі ас ішіп болып, төсек салып, ұйықтауға жатқанда, оның оң білегіндегі тарам-тарам қан іздері мен әлі де жазыла қоймаған жарасына көзім түсті. Не болғанын сұрай бастадым. Ол сол сәтте «Серік кінәлі» деп тістенді.
– «Бір ғана рет көрші, жаныңа ләззат сыйлайды. Бір-ақ рет көресің, ұнамаса қоя саласың», – деп есірткі ұсынды. «Көрейін, қызық шығар» деген оймен келістім, содан бері қоя алмай келемін. Есірткі таппай, ақшадан қиналғанда «ломка» басталады. Ол кезде бәрін сатып кетуге бармын. Сүйегімді қытырлатып, біреулер тірідей сындырып жатқандай сұмдық ауырады. Тек қана есірткі қажет етемін, сол сәт көзіме ештеңе көрінбей кетеді. Өлгім келді. Өз тамырымды қиқалап кесіп тастадым. Өлмедім, – деді ол.
Таңертең Оляға наркологиялық диспансерге баруға өтініш айттым. Келіспеді. Ол дәретханаға кіргенде ұялы телефонынан әке-шешесінің нөмірін алып, бар жағдайды ашып айттым. 150 шақырымды артқа тастап, ауылдан ата-анасы қыздарын алып кетуге келіп үлгермеді. Оля емделгісі келмейтінін ашық айтып, терезеден секіріп, қашып кетті…
Бұл – ессіз кесел, ерсі дерт. Есірткінің аузы – ажалдың апаны. Одан шығатын жол біреу ғана. Ол жол өлімге алып барады…

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.