Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыс әкімі шаһардағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысты

0 461

Бүгінде Тараз қаласы тотыдай таранып, түрлене түскені ақиқат. Жаңа құрылыс нысандары жанданып, шағын және орта кәсіпкерліктің де көкжиегі кеңеюде. Бұл бағыттағы жұмыстарды зерделеу мақсатында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов №10 аумақтық округіндегі бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарын аралап, жағдайымен жіті танысты.

Облыс басшысы алдымен Жангелдин көшесіне ат басын бұрып, өткен жылы жөнделген жолдың жай-күйін көрді.
Бұдан кейін Нұржан Молдиярұлы М.Мәметова атындағы №27 орта мектепке аялдап, іргетасының қаланғанына 80 жылдан асқан білім ордасының ғимараты ескіргеніне көз жеткізді. 425 орынға арналған бұл мектепте қазіргі кезде 600-ден аса бала білім алуда. Облыс әкімі мектептің кабинеттері мен спорт залын аралап шықты. Мектеп директоры Әзиза Алтынбаева ата-аналардың өтініші ретінде жаңа мектеп салу мәселесін көтерді.
Жыл сайынғы оқушылар санының өсімін ескерген аймақ басшысы бұл мәселенің шешілетінін айтты. Білім, құрылыс басқармалары мен Тараз қаласы әкімдігіне жаңа мектеп ғимараты салынатын орынды нақтылау және құжаттарды әзірлеу бойынша тапсырмалар жүктеді.
Осы секілді №34 орта мектеп те күрделі жөндеуді қажет етеді. 1969 жылы пайдалануға берілген оқу ордасында қазіргі таңда 1000-нан астам бала білім алуда. Облыс әкімі мектеп жұмысымен танысып, асханадағы ас мәзірін тексерді. Оқушыларды сапалы білім мен тәрбие және құнарлы ыстық тамақпен қамту басты назарда болу керектігін ескертті.
Жаңадан салынып жатқан №6 қалалық емхананың құрылысын арнайы көрген Нұржан Нұржігітов жауаптыларға жұмыстарды сапалы әрі бекітілген кестеден кешіктірмей жүргізу керектігін тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, денсаулық сақтау саласына ауқымды қолдау білдіріліп, айрықша назар аударылып жатқанын жеткізіп, халыққа мінсіз медициналық қызмет көрсетілуі керектігін баса айтты.
Келесі кезекте облыс басшысы «Тараз халвасы» ЖШС мен «Пышка» ЖК-нің кондитерлік өнімдер шығару цехына ат ізін салды. Өндіріс барысы, өнім түрлерімен танысқан аймақ басшысы кәсіпорын басшыларына шикізат ретінде жергілікті өнімдерді пайдалануға, әлеуметтік жұмыс орындарын құруға баса назар аудару керектігін жеткізді. Өнім көлемін ұлғайта отырып, облыс аумағындағы дүкендерді барынша қамтудың маңыз-дылығын атап өтті. Жұмысшылардың жалақысын арттыру, әлеуметтік қолдау мәселесін де назардан тыс қалдырмауға шақырды.
А.Байтұрсынов көшесіндегі әлеу- меттік дүкенде болған облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру шаралары әрдайым бақылауда болу керектігін ескертіп, жауаптыларға қадағалау шараларын үздіксіз жүргізуді жүктеді. «Айналым схемасы» бойынша жұмыс- тарды жүйелей түсуді тапсырды.
Сонымен қатар Нұржан Молдиярұлы жуырда ғана «Асарлатып үй салу» жобасымен пайдалануға берілген үйлердің тұрғындарымен кездесті. Халық игі жоба аясында үйлі болғандары үшін облыс басшылығына ризашылығын жеткізіп, құбыры тартылғанымен, газға қосыла алмай отыр- ғандарын айтты. Бұдан бөлек, олар ауыз су мәселесін шешіп беруді сұрады.
Аймақ басшысы қала әкіміне үйлерді газға қосу мәселесін бір-екі күнде түбегейлі шешуді міндеттеді. Ал жоспарға сәйкес ауыз су мәселесі екі жылда шешімін табатынын ашық айтты. Оған дейін тұрғындар таза судың тапшылығын сезінбес үшін арнайы құдық қазылып берілетін болды.
Облыс әкімі осы алқаптағы құрылысы аяқталған 600 орынды №26 мектепті де аралап, жағдайымен танысты. Мұнда да тиісті ескертпелер мен тапсырмалар берілді.

Жұматай Көксубайұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.