Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа Қазақстанның іргетасы қалануда

0 568

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауынан көп жаңалық, елеулі өзгеріс күткеніміз рас. Қоғамға келелі өзгерістердің қажет болғанын, халықтың әсіресе нақты қай бағыттың түбегейлі өзгеруін қалайтынын және ол бағытқа қай жолмен жүрсе дөп түсетінін нұсқай алатын бағдарды бір көрсетсе, Президенттің өзі көрсете алатынына кәміл иландық. Сондықтан «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдаудың дүйім елді елең еткізген тұстарына тоқтала кетпекпін.

Президент құнды құжатта Алматы агломерациясына қатысты түйткілді мәселелердің көптігін айтты. Сол себепті Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай еместігін сынға алды. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысының екіге бөлінетіндігін және бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылатындығын жеткізді. Енді Алматы облысының орталығы Қапшағайда, ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасатын болады. Сондай-ақ Қапшағай қаласының атын Қонаевтың есіміне ауыстыруды қолдайтынын жеткізген Президенттің сөзінен заманымыздың ұлы тұлғасы Д.Қонаевтың есімі расымен де ұлықталар ұтымды уақыттың келгені бірден байқалды. Оның үстіне биыл оның туғанына 110 жыл толып отыр. Сондықтан ұлы қайраткерді өз биігіне қондырар сәттің кешігіп болса да пайда болғаны әділеттіліктің салтанат құрғаны деп түсінуіміз керек. Қонаевтың есімін алған әсем қала бірте-бірте әдебиет пен өнердің рухани қазығы шоғырландырылатын мәдениет ортасына айналатынына сеніміміз мол.
Күллі Алашты сүйсіндірген тағы бір шешім – Семей аймағында Абай облысының құрылатындығы. Бұл жаңалыққа, жасыратыны жоқ, неше жылдан бері жетімдік көрген жасық баладай күй кешіп жаутаңдаған сол өңірдің тұрғындары бөркін аспанға ата қуанды. Сондай-ақ Ұлытау облысы құрылып, Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы мәртебесіне ие болады. «Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз», – деген Президенттің сөзі де рухымызды оятып, санамызға сілкініс жасайтыны хақ. Бұл шешімдердің арғы жағында үлкен әлеуметтік мәселелердің тұрғандығы белгілі. Жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындар екі қолға бір күрек тапса, көп түйткілдің түйіні өзі-ақ тарқатыла кетпек. Соның нәтижесінде демография, баспана, көші-қон мәселелері де өз шешімін табары сөзсіз.
Дамудың жаңа сатысын салып берген Жолдауда бұдан да өзге көкейге қонатын көп бастама көтерілді. Қаңтар оқиғаларынан сабақ алуымыз керектігін айтқан Президент бұл қасіретті жағдайға жоғары лауазымды қызметте болған азаматтардың да қатысы барын ашық айтты. Бұл да біздің ашық әрі әділетті қоғамға қадам басқандығымыздың көрінісі. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізетін және мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз ететін «Елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртудың бағдарламасын» ұсынды. Сондай-ақ суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар жүйеге көшу қажеттігін баса айтты. Президент пен аймақтағы әкімдердің ешқандай саяси ұйымды басқармайтыны, Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік қызметке, квазисекторлық нысандардың жұмысына араласуға тыйым салынғаны жоғарыдағы бастаманың алғышарты болып табылады. Бұл орайда «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алатынын қатаң ескерткен Мемлекет басшысы «Президенттің өкілеттігі туралы», «Өкілді билік тармағын қайта құру», «Сайлау жүйесін жетілдіру», «Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту», «Сайлау үдерісін жаңғырту», «Құқық қорғау институттарын күшейту», «БАҚ-тың бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту», «Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру», «Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру», «Дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар туралы» сынды 10 негізгі басымдыққа кеңінен тоқталды.
Тағы бір айта кетерлігі, өз міндетін табысты атқарған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрамы жағынан ауқымды, ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастыратын Ұлттық құрылтай құрылмақ. Демек, бұқараның мәселесі алаңда емес, осындай көптің талқысында шешілетін күн жақын.
Жолдауда елдегі сайлау жүйесін өзгертіп, жетілдіруге де басымдық берілді. 30 жылдың бедерінде демократиялық құндылықтарымыз нығайып, соған негізделген дауыс беру жүйесін қалыптастыра білдік. Алайда көңіл толмау- шылықтар аз емес. Жыл басындағы «қанды қаңтар» оқиғасының бір ұшы осыған тірелетіні де ащы шындық. Сол үшін де бұл жүйеге өзгеріс енгізу – кезек күттірмейтін мәселе.
«Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Бұл жұмысты сайлау үдерісі арқылы да жүзеге асырамыз. Біз осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда оның жағымсыз тұстары да байқалды», – деген Президент Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызын пропорционалдық, 30 пайызын мажоритарлық тәсілмен жасақтауды тапсырды. Әлбетте, пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталады. Олар еліміздегі азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Сонымен бірге бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түсетіні сөзсіз. Ашық сайлау жүйесінің ажырамас бөлігі саналатын байқаушылардың қызметі де заңмен реттеледі. Сонымен қатар партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктері кеңеймек. Енді партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Атап айтсақ, тіркеу шегі 4 есеге, яғни 20 мыңнан 5 мың адамға азаяды. Ал өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Сондай-ақ партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт та көбейеді. Осы арқылы сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа пар- тиялардың пайда болуына жол ашады.
Ерекше атап өтерлігі, бұл құжатта бұқаралық ақпарат құралдарына айрықша екпін түсірілді. Билік пен бұқараның арасына алтын көпір орнату жолында баспасөздің атқаратын рөлі ерекше. Сол үшін де олар бейресми «төртінші билік» саналады. Қарымды қаламгер Шерхан Мұртаза да: «Журналистердің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ», – деп бағалаған болатын. Сондықтан да журналис- тер қауымына Президенттің назар аударуы – құптарлық іс. Бұған Мемлекет басшысының: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс», – деген сөзі дәлел. Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екені айдан анық. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа-саланың даму үрдісін ескере отырып, Президент БАҚ туралы заңды қайта қарауды тапсырды. Бұл да қоғам асыға әрі елеңдеп күтіп отырған жаңалықтардың бірі.
Елбасының да, Мемлекет басшысының да жыл сайынғы Жолдауларынан халықтың әл- ауқатын жақсарту тыс қалған емес. Бұл жолы да Президент осы мәселеге бір тарау арнады. Геосаяси ахуалдың қатты ушығып кетуіне байланысты Қазақстан қазіргі тарихымызда болып көрмеген қаржылық-экономикалық қиындықтарға тап келіп отыр. Қатаң санкциялық тайталас қазірдің өзінде жекелеген елдерді ғана емес, тұтас жаһандық экономиканы елеулі шығынға ұшыратуда. Ахуал жедел, тіпті сағат сайын өзгеруде. Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршуде. Өндірістік және сауда жүйелері күйреп жатыр. Бірақ соған бола байбалам салуға негіз жоқ. Біздің елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі бар. Сондықтан бұл жағдайдың алдын алу аса маңызды.
«Үкімет дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыруға міндетті. Ең алдымен, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Бұл – біздің экономикалық қауіпсіздігіміздің негізгі факторы», – деген Президент жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қалануға тиіс екенін жеткізді.
Халыққа қажетті реформаларды жасауды өзінің президенттік басты міндеті санаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаудағы әрбір сөзі сын-қатерлі күндердегі барлық ауыртпашылықты өз мойнымен мойымай көтеруге бел буғанын айғақтап тұрғандай. Алда сан тараулы соқтықпалы соқпақсыз жолдар тұр.Енді одан елді оңға да, солға да шайқалтпай, қылкөпірдей қауіптерден аман-есен алып шығу осы кісінің жауапкершілігінде.
«Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық». Өз Жолдауында осы сөздің астын сыза, баса айтқан Президенттің беделі бұрынғыдан да биіктей түскендей. Бұдан екі-үш ай бұрын бейбіт өмірдің қадірін түсіндік. Сол үшін Қазақстанды жаңартамыз, қоғамдық құрылымды жаңғыртамыз десек, алдымен осы айтылғандарды қапысыз жүзеге асыруға жұмыла атсалысуымыз қажет. Онсыз жаңа Қазақстанның іргетасын нығайту қиын болмақ.

 

Үміт Битенова,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақын. Талас ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.