Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының негізгі бағыттарын насихаттау мақсатында облыстық ақпараттық топтың өкілдері бірнеше мекеменің қызметкерлерімен кездесті.
Топ мүшелері облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаменті, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры, Халықаралық Тараз инновациялық институты, Ғылыми- клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы, облыс- тық әділет департаменті және облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне ат ізін салып, Жолдау жүктеген міндеттерді жан-жақты түсіндірді.
Жалпы қала бойынша құрылған 5 ақпараттық топтың құрамына зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, оқу орындары мен кәсіп- орын басшылары, білікті ұстаздар, этномәдени орталықтар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен ардагерлер және мемлекеттік қызметкерлер енген.
Сондай жиынның бірі Халықаралық Тараз инновациялық институтында өтіп, онда Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бақдәулет Сариев пен қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов ұстаздар және студенттермен пікір алмасты.
– Мемлекет басшысы Жолдауында саяси реформалармен қатар, билік дәлізіндегі түбегейлі өзгерістерге кеңінен тоқталды. Президенттің өзінен бастап, облыс әкімдері, олардың орынбасарлары ешқандай партияның құрамында қызмет атқармайтындығы туралы тапсырмасы ел тарихындағы елеулі өзгеріс болғаны ақиқат. Бұл бастаманы қос қолмен қолдауға тұрарлық. Себебі аймақ басшылары саяси ұйымның қатарында болса, оған қандай да бір ықпал ететіні белгілі. Ал бұл ұйымдардың жұмысын тежеп, бұқараның наразылығын туғызуы бек мүмкін. Сол арқылы билікке деген сенімсіздік пайда болып, екі араға жік түседі. Осыны жете түсінген Мемлекет басшысының мұндай батыл шешім қабылдауы көңілге қуаныш ұялатады.
Президент өз сөзінде азаматтық қоғам институттарын дамыту жұмыстарына да басымдық берді. Яғни Мемлекет басшысы жұдырықша жұмылған бірлік қана саяси һәм экономикалық дамуға апаратынын анық айқындады. Сондықтан Жолдау- ға қолдау білдіріп, оның бағыттарын жүзеге асыру – сіз бен біздің міндетіміз, – деді қала әкімінің орынбасары Б.Сариев.
Өз кезегінде сөз алған Қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов бұл Жолдау болашаққа бағдар салған құнды құжат екенін баса айтты.
– Жолдаудың ең маңызды тұ- сы – елімізде бірнеше жаңа облыс- тың құрылуы. Әсіресе Алаштың рухани астанасы саналған Семей мен Жезқазғанның өз алдына бөлек облыс болып бөлініп шығуы – құптарлық шешім. Облыс орталықтары Ұлытау, Абай деп аталуы да қуанышты еселей түсті. Бұдан бөлек, Алматы облысы екіге бөлініп, бірінің орталығы Талдықорған, екіншісінікі Қапшағай деп аталмақ. Алайда Президент халық қолдаса, Қапшағай қаласына мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілетінін де айтты. Әлбетте, бұл шалғай өңірлердің тынысының кеңейіп, түтінінің түзу ұшуына сеп болмақ.
Жолдауда Мәжіліс мәртебесі, саяси партияларды тіркеу, сайлау жүйесін өзгерту сынды ауқымды бастамалар баса айтылды. Бұл, әрине, баянды болашаққа бағытталған батыл қадамдар екені анық. Осыны оқу орнының ұстаздары студенттерге жіті түсіндіріп, саналарына сіңіргені абзал. Сонда ғана біз Жаңа Қазақстан құруға сенімді қадам жасай аламыз, – деді С.Сейдәзімов.
Кездесу барысында оқытушылар мен студенттер де Жолдауға қатысты ойларын ортаға салып, спикерлермен еркін форматта әңгіме өрбітті.
Лаура АБАЙҚЫЗЫ