Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің алдында Көрісу күніне орай «Рухани керуенін» шығарып салу рәсімі өтті.
Жобаның мақсаты – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын жүзеге асыра отырып, мейрам аясында салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды жаңғырту, облыс жұртшылығы арасындағы мәдени және рухани байланысты күшейту болып отыр.
Тараз қаласынан көш түзеген керуен Байзақ ауданы, Түймекент ауылдық округін бетке алды. Қаладағы түрлі сала майталмандары ауылға барып, өнер, ұлттық спорт, қолөнер шебері және көкпар спорты бойынша секциялық жұмыстар жүргізді.
– «Рухани керуенге» сәттілік пен ақ жол тілейміз. Қадамдарына нұр жауып, құшақтары көктемнің гүліне толсын. Барша адамзат бір аспанның астында бейбіт ғұмыр кешсін. Қазыналы керуен қайда бұрылса да, қадамы сәтті болғай, – деді облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев.
Көрісу күні «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдас- тыруымен «Айша бибі» кешенінің алдында да «Амал келді – жыл келді!» атты ауқымды шара өтті. Жиында көпшілік қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысып, төс қағыстырды. Бұдан кейін Айша бибі кесенесінің аумағына бүкіл түркілердің, соның ішінде қазақтардың тұрақ мекені болған төрт киіз үйдің салтанатты түрде ашылуы болды. Әр киіз үй тарихи орынға келушілерге қазақ халқының өнерін, дәстүрін һәм рухани құндылықтарын дәріптейді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ,
Лаура АБАЙҚЫЗЫ