Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлы Дала аруларының заманауи келбеті

0 829

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институты «Педагогика» кафедрасының ұйымдастыруымен Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Ұлы Дала аруларының заманауи келбеті» тақырыбында сыр-сұхбат өткізілді.

Баласағұн мұражайының залында өткен шара республика көлемінде қамтылды. Сыр-сұхбаттың түндігі «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Клара Бузаубакованың құттықтау сөзімен түрілді.
Шара барысында Қазақстанның беделді оқу орындарының профессор оқытушылар құрамы онлайн байланысқа шығып, қыздар тәрбиесі жайындағы өздерінің ғибратты ойларымен бөлісті. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің п.ғ.к., профессоры Акгул Жубандыкова ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін арулар идеясын кеңінен тарату мақсатында құрылған «Қыз Жібек» клубының жұмысын таныстырды.
Сыр-сұхбатта сондай-ақ «Аналар алқасы» жөніндегі комиссия төрайымы Хадиша Оспанова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, п.ғ.к. Рабиға Игенбаева, «Педагогика» кафедрасының профессоры, п.ғ.к. Сейсекул Көшімбетова, Тараз қаласы әкімдігінің жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов, «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» ҚБ төрайымы Марал Хантөреқызы қатысып, жаңа Қазақстандағы Ұлы Дала аруларының бейнесін тілге тиек етті. Сонау Томиристен бастап, Боптай ханша, нәзіктігін батырлығымен ұштастырған Әлия, Мәншүк, Хиуаз, ұлт анасына айналған Домалақ ананың ізбасарлары бүгінгінің зиялы қазақ қыздарының бейнесінде қызу талқыланып, тақырыпқа сай бейнесюжеттермен толықтырыла түсті.
Сыр-сұхбаттың модераторы «Педагогика» кафедрасының аға оқытушысы Жанна Таджибаева қазіргі қыздар тәрбиесіне қатысты көкейкесті сұрақтарын қоя отырып, қыз баласы ұрпақ тәрбиесі мен сабақтастығының мызғымас ұйытқысы екендігіне тоқталды.
Сыр-сұхбат жастар арасында жүргізілген «Бүгінгі қазақ қызы, сіз қандайсыз?» деген тақырыпта алынған әлеуметтік сауалнама көрінісімен және кафедра меңгерушісі Клара Джайдарбековнаның қазақ тарихындағы алғашқы қыздарды үлгі ете отырып: «Заманауи қазақ қызының бейнесінен осы аруларға тән қасиеттер көрінуі тиіс, өйткені қыз баласы – ұлттың ұяты, халықтың шырайы, ұлт сапасының көрсеткіші», – деген тұжырымды сөздерімен қорытындыланды.
Іс-шара соңы ұлтымыздың өте керемет салт-дәстүрінің бірі – «Қыз ұзату» көрінісімен аяқталды.

Жанна Таджибаева,
«Педагогика» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика магистрі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.