Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қыз көңіл – қырсық қашан да…

0 440

Қыз көңіл

Қыз көңіл – қырсық қашан да,

Қарама қыз айтқан тыйымға

Ұнатқан бағыңа қол созып

Талпыну саған қиын ба?

 

Қыз көңіл – тұспалдар қалауын,

Сұрап біл, ұғып ал талғамын.

Бұлтартса білдірткен сезімнен

Қолыңды сілтей салмағын.

 

Қыз көңіл – тәкаппар кейде шын,

“Жоқ” деп ап, хатыңды жүр тілеп.

Рас көргің келсе бейнесін

Мүмкін еместі мүмкін ет.

 

Қыз көңіл – тым нәзік, уайымшыл.

Ойлайды қарамай жүрсе де.

Келіспей қалса сен одан

Бас тартып, сылтау іздеме.

 

Қыз көңіл – шытырман, адаспа.

Болмағын сүюден үрейлі.

“Оралма мүлдем” десе де

Ішінен келгенін тілейді.

 

Қыз көңілін – түсіну қиын-ақ

Терлерсің жету жолында.

Қарамайтын бір ару жоқ

Барлығы жігіттің қолында.

 

Қыз көңілі қалса да қаншама

Ер мінез серіден үміт бар.

Сүйе алмайтын қыз болмас

Сүйдіре алмайтын жігіт бар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.