Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тіл – көңілдің тілмашы

0 607

Тіл – мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Тіл – ұлттың тірегі. Тіл – өз халқымыздың рухани байлығы, өткені мен болашағы. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ұлт болғың келсе, бесігіңді түзе» деуі тегін емес. Ол біздің ұлттық бейнемізді сақтап қана қоймай, оны дамыта беруге арнаған көрегендік сөзі деп түсінгеніміз жөн. Тіл – тазалықтың, имандылықтың жаршысы. Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің туы.

Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген уақытта ана тіліміз тұғырына қайта қонып, үстемдікке ие болды. Соның нәтижесінде қазіргі таңда тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі бүгінде ұлттық руханиятымыздың өзегіне айналды. Көпұлтты мемлекетте қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ету – өте күрделі мәселе. Осы тұста мемлекеттік тіл саясаты дұрыс бағытта жүргізіліп келе жатқанын баса айтуға тиіспіз.
Расында, әлемде тілдер өте көп. Бірақ олардың барлығы мемлекеттік мәртебеге ие бола алмады. Бұл тұрғыдан алғанда, өзінің мемлекеттік тілі бар біз бақытты халықпыз. Сол үшін кез келген ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмауы тиіс.
«Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі сайрап тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ», – деп терең толғанған екен Алаш арысы Мағжан Жұмабаев.
Белгілі ақын Қадыр Мырзалиев:
Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, – деп жырлайды. Сол үшін мемлекеттік тілдің беделін биіктету – баршамыздың ортақ парызымыз.
Жуырда Халықаралық ана тілі күніне орай Тараз қаласындағы №5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында «Тіл – көңілдің тілмашы» атты қызметкерлер арасында мәнерлеп оқу сайысы өткізілді.
Тіл тазалығын сақтап, қазақ тілінің елімізде жетекші рөл атқаратынын ұғындыруды мақсат еткен шара 2 кезеңнен тұрып, 6 адам бақ сынады. Алғашқы кезеңде қатысушылар тіл туралы туындыларды мәнерлеп жатқа айтса, екінші кезеңде «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» тақырыбына 5 шумақ өлең жазды. Байқау нәтижесінде үздік атанғандар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айтулы күнге орай ұйымдастырылған байқау орталықтың тіл саясатына қосқан тамшыдай болса да үлесі екені даусыз.

Шолпан НҰРМАХАМБЕТОВА,
№5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының
әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.