Парида МАМЕДОВА,
облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ басшысы
Ассамблеяны қазір көп жұртшылық «жабу керек, оның ешқандай да елге пайдасы жоқ» деген сынды алып-қашпа әңгімелер айтуда. Бұл пікірлерді өз басым қате деп санаймын. Қазақстан халқы Ассамблеясы түсіне білгендерге ел тыныштығын сақтау жолында жалпыхалықтық біртұтастықты, бейбітшілік пен келісімді дәріптеп отырған бірегей ұйым. Оған дәлел – атқаратын іс-шаралары мен ауқымды жобалар. Арқалап жүрген жүгінің де салмағы ауыр. Мәселен, өңірде 87 этнос өкілдері тұрады десек, 75 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Олардың 34-і қоғамдық тіркеуден өтіп, Ассамблея тізіміне енгізілді. Облыстық Ассамблея жанында ғылыми-сараптамалық топ, Қоғамдық келісім кеңестері, Ақсақалдар, Аналар кеңестері, медиация кабинеті, Журналистер клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және «Ассамблея жастары» ұйымы да жұмыс істеуде.
Еліміздің барлық өңірлеріндегі ҚХА көрпесіне қарай көсіліп, қазіргі Қазақстанды қайта жаңарту, жаңа дамуы жолында қарқынды жұмыс атқаруда. Әрбір іс-шараның пайдасы мен маңызы зор. Соның ішінде Жамбыл облысына тоқталатын болсақ, жыл сайын Қазақстандағы этносаралық ахуалдың бірыңғай әлеуметтік мониторингі өткізіледі. Оған 2021 жылы 3000 респондент қатысып, өңірдің 10 ауданы мен Тараз қаласы қамтылды. Әлеуметтік зерттеу деректері бойынша барлық этникалық топтар арасындағы өзара қарым-қатынас төзімді болып табылады.
Баршаға белгілі «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы бойынша Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу, Шу және Меркі аудандарында этносаралық жағдайды бағдарлау мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп отыр. Жергілікті жерлерде тұрғындардың қатысуымен «Қазақстан аймақтарындағы этносаралық жағдай» тақырыбына фокус-топтар және терең сұхбаттар ұйымдастырылды. Сапар аясында 274 адамды қамтыған 24 іс-шара өткізілді. Сонымен бірге «Қоғамдық келісім» КММ «Медиация кабинеті» медиация институтын дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыруда. ҚХА медиаторлары (40 адам) халыққа практикалық және медиативтік көмек көрсете отырып, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Өткен жыл бойынша облыстық ҚХА медиаторларына 1063 азамат жүгінсе, оның ішінде 775 жанжал мен даулы жағдайлар шешілді. Түйіні тарқатылған түйткілдер азаматтық – 163, отбасылық – 199, еңбек – 8, қылмыстық – 114, тұрмыстық – 283 және мектеп бойынша – 8 дау. Шешілген жанжалдар мен даулы жағдайлардың өткен жылмен салыстырғанда жалпы санынан 22,8 пайызға артып, бұл медиация арқылы дауларды шешудің оң динамикасын көрсетті. Пайыздық өсім облыстың барлық аудандарында Билер кеңесі мен Қоғамдық келісім кеңесі құрылып, жұмыс істейтіндігімен байланысты. Олардың құрамына әртүрлі елді мекендердің ақсақалдары мен құрметті тұрғындары ғана емес, ҚХА медиаторлары да кірді.
2021 жылдың есепті мерзімінде қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған 1078 іс-шара өткізіліп, оған 51 920 мақсатты аудитория қамтылды. Оның ішінде этномәдени бірлестіктер тарапынан 38 600 адамды қамтыған 800 шара өтті. Бұған қоса, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» шеңберінде Қордай ауданында «Ынтымақты елдің іргесі берік» жобасы ұйымдастырылып, Сортөбе ауылында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты ашық алаң эстафетасы бастау алды. Бұл жоба бойынша қыруар жұмыс атқарылып, жер-жердегі этнос өкілдерінің біршамасы мемлекеттік тілге ден қойып, қазақ тіліне деген қызығушылықтары артып, аз ғана уақыттың ішінде тілді меңгеріп шықты. Бұл үрдіс әлі де жалғасын таппақ.
Сондай-ақ «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» қайырымдылық марафоны аясында облыс кәсіпкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, меценаттар жалпы былтыр 325 778 400 теңгеге 22 555 адамға, соның ішінде этномәдени бірлестіктердің қатысуымен 148 266 000 теңгеге 17 517 адамға қайырымдылық жасалды. Ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңестері өткен жылы облыс бойынша 824 іс-шара өткізіп, оған 34 517 адам қамтылды. Есепті мерзімде Қоғамдық келісім кеңестеріне 1102 өтініш келіп түссе, 723 өтініш шешімін тапты. 379-ы орындалу үстінде.
Қазіргі таңда этнос өкілдері тығыз шоғырланған Қордай, Меркі, Шу, Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу, Жуалы аудандарында облыс әкімінің бастамасымен құрылған Бірлескен қоғамдық келісім кеңестері де жемісті еңбек етуде. Сондай-ақ облыс әкімінің «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Бірлескен қоғамдық келісім кеңесі отырыстарында 131 мәселе көтеріліп, оның ішінде 56 мәселе жергілікті деңгейде қарастыруда шешімін тапты. 75 мәселе тиісті органдарға жолданды. Іс-шараларға 540 адам қамтылды. Кеңес отырыстарында ұлттар достығын нығайту, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, жастарды қазақстандық патриотизмге баулу, жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу, ерте неке, дін мәселесі, әскер қатарына шақыру, этностық топтар тығыз тұратын ауылдық округтердегі балабақшаларда мемлекеттік тілде тәрбие беретін және оқытатын топтарды, сыныптарды ұлғайту бойынша жүргізілген жұмыстар туралы мәселелер қаралды.
Бұдан бөлек, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі есепті мерзімде 4850 адамның қамтылуымен 100 іс-шара өткізді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша көшпелі отырыстар өткізіп, дүнген, әзірбайжан этнос өкілдерінің қыздары арасында ерте тұрмыс құру, жәрдемақы тағайындау, қандас әйелдердің азаматтық алуы, 3 ауысымдық мектеп мәселелері бойынша 40 түйткіл көтеріліп, 19 мәселе жергілікті деңгейде шешімін тапты. 21 мәселе тиісті органдарға жолданды. Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл толуына байланысты «Ақ орамал» республикалық акциясы аясында 21 іс-шара өткізіліп, оған 305 адам қамтылды. Қараша айында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Анаға тағзым» халықаралық форумы ұйымдастырылды. Шараға ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, ҚХА Аналар кеңесі төрайымы Н.Шанаи бастаған танымал іскер әйелдер, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Игі де жақсы қасиеттеріміз бен өнегелі істерімізді жалғастырушы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өңірлік штабы жыл бойына 42 іс-шара өткізіп, оған 3200 адам тартылды. Шу, Меркі, Талас, Сарысу, Байзақ, Жамбыл, Қордай ауданы жастары арасында ұлтаралық татулықты нығайту, әлеуметтік және өзге де мәселелерді анықтау мақсатында «Өзіңді ұсын» тренингтер кешенін өткізіп, 400 адам қамтылды. «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өңірлік штабы мен жастар басқармасы және жастары ұйымдарымен бірлік пен келісімді дамыту мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меркі ауданында ұйымдастырылған «ҚХА жастары 2021» имиджборды аясында «Көшбасшы бол» және «Еркін сөйле» тақыбындағы тимбилдинг, «Кибербулингтің алдын алу және әлеуметтік мәселе» атты тренингтер өткізіліп, нәтижесінде халықаралық дәрежедегі сертификаттар табысталды.
ҚХА-ның «Этностардың қазақстандық алуан түрлілігін рухани-мәдени танымал ету» мәдени-ағартушылық жобасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған облыс этностарының қазіргі заманғы суретшілерінің 10 көрмесінің оффлайн мен онлайн жобасы іске асырылды. 2021 жылы осы жоба бойынша 10 көрме өткізілсе, оған өңірдің 10 этномәдени бірлестігінен 18 суретші қатысып, 4700 көрермен тамашалады.
Былтырғы жылы баспасөз қызметінде республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің қатысуымен маусым, қараша айларында Журналистер клубының екі отырысы өтті. Сонымен бірге маусым айында республикалық, облыстық, қалалық және аудандық БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Бір шаңырақ астында» атты облыстық байқау өткізілді. Нәтижесінде республикалық «Шаңырақ» байқауына «Казахстанская правда» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Михаил Те қатысып, 3-орынға ие болды. Сондай-ақ маусым айында өңірлік этномәдени бірлестіктер мен облыстық БАҚ өкілдері арасында тығыз байланыс орнату мақсатында «Интернет кеңістігіндегі коммуникацияның жаңа технологиялары: даму болашағы мен мәселелері» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды. Бұған қоса, 2021 жылдың желтоқсан айында облыстар арасында алғашқы болып Жамбыл облысында мектепке дейінгі жастағы балалармен жұмыс істеуге бағытталған «Ассамблея бөбектері» іс-шарасы өтті.
Жыл ішінде халықаралық ынтымақтастық шеңберінде бірнеше іс-шаралар түндігін түрді. Мәселен, Тараз қаласындағы Жастар сарайында «Қазіргі кезеңдегі этносаралық келісім: тәжірибе мен алдағы міндеттер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға этносаралық қатынастар, конфликтология және этнопсихология саласындағы отандық және Ресей,Украина, Өзбекстан, Израиль және Болгариядан келген шетелдік сарапшылар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, құқық қорғау органдарының, ғылыми институттар мен құзырлы органдар, этномәдени бірлестік өкілдері қатысты. Конференцияда «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің жетекшісі А.Идыбо баяндама жасады.
Достық үйінде Тәжікстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хайрулла Ибодзадамен, Өзбекстанның Премьер-Министрінің кеңесшісі Мехриддин Хайриддиновпен, ҚР Парламенті депутаттарымен кездесу сияқты шаралар өтті. Осыған қоса, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттау бойынша «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» атты республикалық лекторий ұйымдастырылды. Осы конференция мен лекторий аясында Қордай, Меркі, Жамбыл аудандарында ҚР АҚДМ этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің, Парламент Мәжілісінің депутаттары Ілияс Буларов пен Ерлан Саировтың, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Назипа Шанаидің қатысуымен этномәдени бірлестіктермен, Ассамблея құрылымдары және этнос өкілдерімен кездесуі ұйымдастырылды. Сондай-ақ ҚХА Медиация институтын дамыту бойынша республикалық семинар-тренинг өтті. Қатысушылар қатарында ҚХА өңірлік медиация кеңестерінің басшылары мен мүшелері, ҚХА қоғамдық құрылымдарының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және медиаторлар болды.
Биылғы жылы да баянды бастамалар бастау алды. Ішкі саясат басқармасымен бекітілген жылдық жоспары бойынша қаңтар оқиғасына қатысты облыс әкімдігінің жанынан құрылған қоғамдық қабылдаулар кезінде аймақтық Ассамблея өз үлесін қосты.
Тоқтала кететін тағы бір шара – 1 наурыз – Алғыс айту күні. Бұл мереке 2016 жылдан бері мерекеленіп келеді. Аталмыш мейрам – біздің ортақ тарихымыздың символы, Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігінің, құрметі мен ынтымағының күні. Бұл – Ұлы Дала елінің ұлағатты өткеніне тағзым, Мәңгілік Елдің бүгініне және болашағы біртұтас елдің ертеңіне деген нық сенім. Сондай-ақ Алғыс айту күні бейбітшілік пен келісім саясатының жарқын көрінісіне айналды. Өзара түсіністік пен бір-біріне қолдау көрсету біздің еліміздің, қазақстандық үлкен отбасының рухани қағидаты болып қалыптасты. Бүгін біз миллиондаған адамдардың өз ұлттық ерекшеліктерін сақтап, бақытын тапқан Отанына айналған киелі қазақ жеріне, қайырымдылығы мен кеңпейілдігі, даналығы мен қонақжайлығы үшін қазақ халқына алғыс айтамыз. Қиын-қыстау жағдайда бір-біріне қол ұшын созып, иық тіреп көмек көрсету – Ұлы Дала халқы үшін жазылмаған заң. Мұндай дүниетанымның негізінде адамға деген шынайы құрмет қалыптасқан. Отанымыздың тарихы мен жинақтаған тәжірибесінен асқақ гуманизмнің, адал ниет пен шынайы ризашылықтың мыңдаған дәлелдерін көруге болады. Көптеген жылдар бойы миллиондаған тағдырлардың тоғысуы, жүздеген этностардың өзара араласуы, дәстүрлері мен өмірлік ұстанымдарының ұштасуы дара Көшбасшымыздың жетекшілігімен, қайталанбас рухани және бірегей мәдениеті қалыптасқан ұлт болып ұйысып, болаттай берік бірлігі бар еңселі ел болуымызға негіз қалады. Алғыс айту күні, Қазақстан халқына тән асыл қасиеттер – патриотизм, абырой мен әділдік, құрметтеу мен ізгілік қосымша серпін алады. Бұл күні біз, ата-бабаларымызды ризашылықпен еске аламыз, ата-аналарымызға, ұстаздарымызға, зейнеткерлерге, ардагерлерге, бір-бірімізге алғыс айтып, халқымыздың қайырымдылық дәстүрлерін жалғастырамыз. Біз ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жапа шеккен өзге ұлт өкілдеріне пана болған қазақ халқына шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Ассамблея іс-қимылдарына жұмыла атсалысып жатқан облыстық ҚХА мүшелері мен барлық этномәдени бірлестік өкілдеріне, Ассамблея жастарына да шексіз алғысымды білдіремін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ел бірлігіне нұқсан келмесін!