Қазақ елінің тарихында ерекше дарындылығымен өзгелерден оқшау озық тұрған Ұлық Тұлға ретінде, аса көрнекті қоғам қайраткері, ірі саясаткер және ғұлама ғалым – Тұрар Рысқұловты айта аламыз. Т.Рысқұловтың аты Орта Азия мен Қазақстанда 1917-1936-шы жылдар аралығында шын мәнінде дүркіреп тұрды.
Тұрардың әкесі – Рысқұл Жылқайдаров ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарында бір топ руластарымен (шілмембеттермен) бірге Шымкент уезінен Верный уезінің Шығыс Талғар болысына көшіп барады. Сонда жүріп, жергілікті болыс Саймасай Үшкемпіровтің айдап салуымен барымташылыққа ұрынған Рысқұл ақырында әділетсіздікке ашынып, Саймасайды өлтіріп тынады. Осылай, тағдыр тәлкегіне ұшыраған Рысқұл Верныйдың түрмесінде сот үкімі шыққанша бір жылдай қамақта отырады. Осы аралықта Саймасайдың туыстарының кек алуынан қорыққан Рысқұл 11 жасар Тұрарды түрме бастығына қол балалыққа береді. Міне, осындай алмағайып жағдайда Тұрар түрме жанынан ашылған орыс тілін үйрену курсын бітіріп, жазуды үйренеді. Сот Рысқұл Жылқайдаровты 10 жыл каторгаға айдайды. Сахалинге бірге барсақ деген әкелі-балалылардың ойы жүзеге аспай, Тұрар 1906-шы жылы Меркідегі туыстары Молдабек пен Қырғызбайдың қолдарына келеді. Соңғысының фамилиясын алып, 1905-ші жылы жаңадан ашылған үш жылдық орыс-қазақ мектебіне оқуға түседі. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ зеректігімен көзге түскен Тұрарды ұстазы И.А.Андреев Меркідегі сот тергеушісі Семашконың өзіне хатшы етіп алуына ықпал етеді. Мектепті ойдағыдай тәмамдаған Тұрарды жергілікті болыс Бектен бастаған зиялы топ 1914-ші жылы Пішпек ауыл шаруашылығы мектебіне оқуға түсіріп, жас таланттың агрономиялық және жалпы білімнің негіздерін нақты меңгеруіне ықпал етеді. Осылардың көмегімен 1915-ші жылы Ташкенттегі мұғалімдер институтына оқуға түскенімен, Тұрар аталған оқу орнын аяқтай алмайды. Себебі, 1916-шы жылы Меркідегі ұлт-азаттық көтерілістің басталғанын ести салысымен, шұғыл түрде Әулиеата уезіне жолға шығып, көтерілісшілерге жетіп, оларға саяси жетекшілік етті, идеологиялық жағынан күш-жігер, ұйымдастырушылық сипат берді.
Революцияға дейінгі Тұрар тұғырының келесі сатысы Ақпан буржуазиялық-демократиялық төңкерісінен кейінгі кезеңге сәйкес келеді. Дәл осы тұста, яғни тарихи жеңістің эйфориясы толқынында, қоғам белсенділерінің көпшілігі, бұрынғы отаршыл әкімшілік өкілдерінің өз өңдерін демократ ретінде өзгертіп, жергілікті халықты қанауды ары қарай жалғастыра беруді мақсат тұтқанын түсіне алмады. Тек мұндай қараниеттілік қадамды Тұрардың қырағы көзі қалт жібермеген еді. Осы орайдағы өзін мазалаған ойларын Ташкенттегі мұғалімдер институтында оқып жүрген Тұрар Меркіге қайтып келген бойда митингіде айтқан болатын. Уақытша үкіметтің жергілікті атқару комитеті келімсектердің жергілікті халықтың жерін тартып алып байыған топтарының айдап салуына көніп, 1916-шы жылғы көтеріліс барысында зардап шеккен орыс кулактарының шығынын қазақ ауылдарына төлету туралы мәселе көтерген болатын. Т.Рысқұлов мұндай шовинистік талқының түйінін бірден шешіп, аталған шығынды Уақытша үкімет қазынадан төлеуді ұйғарғандығын, ал қазақ ауылдарының тұрғындары ешқандай контрибуция төлемейтіндігін айтып, қатерлі топқа қасқайып қарсы тұра алды. Осындай жағдайда Т.Рысқұловтың маңына жастар жиналып, 1917 жылдың наурыз айында Меркіде «Қазақ жастарының революциялық одағы» ұйымдастырылып, оны Тұрардың өзі басқарады. Жастар одағының құрамындағы Қабылбек Сарымолдаев, Мақсұт Жылысбаев, Ысқақ Әсімов сияқты қазақтың зиялы ұлдары әділеттілік, теңдік және бостандық үшін күреске бел шеше кіріседі. «Революциялық» Одақтың негізгі міндеттері мынадай болды: Бірінші – негізгі күшті Уақытша үкіметтің жергілікті атқару комитетіне қарсы бағыттай отырып, олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеу. Екінші – билік құрамынан монархияны жақтаушылар мен олардың агенттерін шеттету. Үшінші – болыстар мен ауылдарда адал адамдарды тарта отырып, атқару комитеттерін құру. Төртінші – орыс селоларындағы сияқты, аштарға көмек көрсету үшін Қазақ азық-түлік комитетін құру. Бесінші – Халық мүддесін қорғау ісіне сатқындық жасағандарды аяусыз жазалау. Алтыншы – ауылдардағы ағарту және насихат жұмыстарын жолға қою. Қарап отырсақ, Тұрар халқының қаһарман ұлы ретінде 1917-ші жылдың өзінде-ақ қалыптасып үлгерген сияқты. Себебі, жоғарыда көрсетілген, көпшілігімізге мәлім эпизодтарда Тұрардың іс-әрекеттері таптық көзқарас тұрғысынан емес, ұлттық көзқарас тұрғысынан айшықталып тұр емес пе?!
Осылай, Қазан төңкерісін Тұрар саяси демеушісі ретінде көзге түсіп, белгілі тұлға ретінде қалыптасқан жағдайда қарсы алған еді. Көп ұзамай Әулиеата уездік Кеңесінің жұмысына белсенді түрде араласып кеткен жас саясаткер бірнеше депутаттардың ұсынысымен уездік Кеңестің атқару комитетіне алғашында төрағаның орынбасары, кейіннен төраға болып сайланады.
1918-ші жылдың 1-ші мамырында Түркістан Кеңестерінің Ү съезі салтанатты түрде Түркістан АКСР-нің құрылғандығын мәлімдеді. Дегенмен, сәл кейінірек басталған Азамат соғысы әрбір саясаткерге өзінің кіммен бірге екендігін анықтауды қажет еткендігі белгілі. Осы тұста шақырылған уездік кеңестер төрағаларының съезіне – өзінің Түркістанның саяси форумына алғашқы қадамын жасаған Т.Рысқұлов та келген еді. Түркістан АКСР-і ОАК-нің төрағасы Тоболиннің Ашхабадтағы контрреволюциялық көтеріліске байланысты «Кім бізбен бірге болмаса, сол бізге жау», – деген ұстанымына осы оқиғаға байланысты құрылған «Ерекше штаб» мүшелері – Калашников, Самойленко, Полтарацкий, Алисковский, Панасюк, Феоктисов секілділер еліріп қосылғанда, тек Әулиеата депутаттары Кеңесінің төрағасы Т.Рысқұловтың: «Закаспий өңірінде контрреволюциялық күштер бас көтеріп тұрған кезде, түркімендердің біраз бөлігінің шатасуы әбден мүмкін, сондықтан да «Комиссияның» құрамына жергілікті ұлт өкілін қосу керек», – деген ұсынысы Тұрардың Түркістан саяси аренасындағы алғашқы қадамының кандай бағытта қалыптасқандығын анық көрсетіп тұр емес пе?! Тиісінше, Тоболиннің Т.Рысқұловтың ұсынысын қабылдауы Түркістан билігінің Тұрарды жатсынбағандығының белгісі болса керек. Сондықтан да көп ұзамай-ақ 1918-ші жылдың қазанында өткен Түркістан кеңестерінің ҮІ съезінде Т.Рысқұловты Түркістан ОАК-нің мүшесі етіп сайлайды. 1919-шы жылдың 5 наурыз күні Ташкентке лениндік мандатқа сәйкес төтенше өкілеттіліктер берілген, РКФСР ХКК-і Уақытша комиссиясының мүшесі П.А.Кобозев келеді. Т.Рысқұлов Кобозевпен Кеңестердің ҮІІ Өлкелік съезінде танысып, тез-ақ тіл табысып кетеді. 1919-шы жылдың 13-ші наурызында Ташкентте Түркістан Коммунистік партиясының ІІ-конференциясы ашылып, осы жиналыста Кобозев-Рысқұлов тандемы екі бірдей шешімді жүзеге асырады: ауылдар мен кишлактардағы кедей-орташалар арасындағы жұмысты жандандыру және Ресейдегідей арнайы өлкелік мұсылман бюросын құру. Мұсбюроны Т.Рысқұлов басқарады. Аталған жылдың маусым айына қарай өлкенің партия ұйымдарында Мұсбюроның 108 секциясы жұмыс істей бастайды. Осы кезде шақырылған коммунист-мұсылмандардың І-ші Өлкелік конференциясында Түркістандағы халықтың 90 пайызын мұсылмандар құрап отырған жағдайда, мұсылман ұйымдарына қатысты ұлт істері жөніндегі комиссариат пен басқа да кеңестік органдардың коммунистік бағдарламаларының жүзеге асу барысын Өлкелік Мұсбюроның қадағалауында болу керектігі жөніндегі «Ережесі» қабылданған болатын. Әрине, мұндай кіріптарлыққа республиканы басқарып отырған – А.Казаков, В.Сорокин, Н.Успенский секілді шовинист-бюрократтар келіспейтін еді. Келіспеді де. Дегенмен жағдайды ушықтырмау мақсатында Мәскеу Ташкентке ұлт мәселесіне қатысты біршама жеңілдіктер берді. Соның бірі бойынша мемлекеттік қызметке, партия қатарында болу міндетін жүктемей, халық құрамының санына сәйкес (пропорционалды) жергілікті халықты тарту мәселесін шешу тапсырылды. Сонымен бірге шаруалар мен дихандардың мүліктерін аяусыз талау мен кәмпескелеуді доғару керектігін, мұсылмандар арасында әртүрлі алымдар мен кәмпескелеуді жалпы негізде жүргізіп, бұл үшін әрбір осындай оқиға кезінде жергілікті мұсылман бюросының немесе Өлкелік мұсылман бюросының (өлкемұсбюро) келісімін алу керек болатын. Қалаларда мұсылман пролетариаттары ұйымдарын құру жөніндегі іс-шаралар жүргізіліп, кишлактар мен ауылдардағы еңбекші халық пен диханшыларды таптық тәнтілігіне байланысты ұйымдарға біріктіру көзделінді. Анығында тепе-теңділік жағдайы бұрын да болған еді, мәселен Әулиеата Кеңестік құрамына «орыстардан» 10 адам, «Кеңес мүшесі болып түземдіктерден» – 14 адам кірген болатын. Әйтсе де, Кеңестің атқару комитетінде оның 14 мүшесінің тек үшеуі ғана жергілікті халықтың өкілдері болды – большевиктерден Рысқұлов пен Қошмамбетов, солшыл эсерлерден Жұмағұлов. Осындай азды-кемді іс-шаралардың жүзеге асырылуы барысында Орталықтың «ұлтшылдар» мен «шовинистер» арасындағы текетіресте «от көсейтін» аярлығын аңдай алмаған Тұрар Түркістан ұлттық мемлекетінің тек декларативті тұрғыда қалыптаспауына көп күш салған еді. Тек, күш-қуаттарын молайтуға уақыт оздырып барып, Түркістандағы саяси ахуалды «тұрақтандыруға» білек сыбана кіріскен Мәскеудің позициясы Т.Рысқұловтың бағытына сәйкес келмейтін еді. Бұл тұрғыдағы түйінді сөзді Түріккомиссияның белді мүшесі М.Фрунзе айтып, осы бойынша «Түркістан атауын Түрік республикасына, ТКП-сын Түрік компартиясына ауыстыру түбірімен дұрыс емес», – делініп, бұл мәселеге нүкте қойылған болатын. Ендігі жерде Түріккомиссияның ультрареволюциялық пиғылын анық байқаған Т.Рысқұлов өзін Түркістан ОАК-ті төрағалығы мен Өлкелік партия комитетінің мүшесі қызметтерінен босату туралы арызын жазады. Басқыншы алпауыттармен жалғыз арпалысқан (жергілікті «көсемдердің» жұмсартып айтқанда «ауытқушылықтарына» байланысты) Тұрарды тез арада саяси аренадан кетіру Мәскеудің жоспарында жоқ болатын. Сондықтан да Т.Рысқұлов РКФСР ұлттар ісі жөніндегі халкоматтың екінші орынбасары болып тағайындалады. Осы орайда Тұрардың тікелей басшысы И.Сталиннің С.Орджоникидзеге 1922-ші жылы жазған мына бір телеграммасына мән беруге болады. Онда: «Түркістандық комиссарларды шолжаңдатудың қажеті жоқ, олар соңғы екі жылда бәрі бірігіп, бір Рысқұловқа татымайтындығын анық көрсетті», – делінген. Осылай, орталықтағы басшылардың сенімді серігіне айналған Т.Рысқұлов өзінің сан қилы қоғамдық-саяси өмірінде бір сәтке де өз Ұлтының тағдырына бей-жай қарамағаны тарихқа белгілі. Ендігі жерде Тұрар жұлдызының жарқыраған қырларын халқына қанықты етіп көрсету, Тұрардың ұрпақтарының, яғни біздің міндетіміз екендігі анық болса керек.
Сейдахан Бақторазов,
ТарМУ доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты