Тәуелсіздік жылдары халықты тұрақты жұмыспен қамтуға ерекше ден қойылды. Соның нәтижесінде көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып, жемісін берді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де толастар емес. Мәселен, үстіміздегі жылы «Еңбек» бағдарламасының аяқталуына байланысты халықты шағын несиелендіру және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы аясында жұмыстар жүргізілуде.
Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, биыл аталған жоба шеңберінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылатындардың саны 11054 адамды құраса, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар жоспары 434 адамға жетіп отыр. Оның 313-і жастарға арналған. Сондай-ақ биылғы өзгерістердің бірі былтыр бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар көлемі 200 айлық есептік көрсеткіш болса, биылдан бастап 400 айлық есептік көрсеткішке дейін көтеріліп отыр. Яғни бұл сома 1 225 200 миллион теңгені құрауда. Сонымен қатар үміткердің тұрғылықты мекенжайы шаһарда 1 жыл тіркеуде тұруы міндетті. Бұдан бөлек, жұмыссыздықты жою, болдырмау, алдын алу мақсатында, оның ішінде жастарды тұрақты жұмыспен және жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту бойынша субсидияланатын жұмыс орындарын көбейту бойынша жастар тәжірибесіне өткен жылы 352 орын берілсе, 2022 жылы 500 орын, яғни 148 орынға көбейіп, жолданған жас түлектердің айлығы 25-тен 30 айлық есептік көрсеткішке өсіп, мерзімі 6 айдан 12 айға ұзартылған. Тағы бір айта кетерлігі, алғашқы жұмыс орынға жолданған жұмыссыз азаматтардың айлық мөлшері 30 айлық есептік көрсеткіш, мерзімі 18 ай болып белгіленген. Сонымен қатар биылдан бастап Ұлттық жоба аясында «Күміс жасы», «Ұрпақтар келісімшарты» атты жобалар да іске асырылуда.
Бүгінгі күні қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан шаһар аумағында орналасқан «Құмшағал», «Қайнар» шалғай алқаптарына жылжымалы қызмет көрсету жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде 50 жұмыс орны ашылып, 29 жасқа дейінгі 5 азамат жұмыспен қамтылған. Солардың бірі – құмшағалдық Ербосын Төребеков. Ол бүгінде алқаптағы №56 орта мектепте жұмыс істеуде. Оның міндеті білім ордасына келетін балғындардың дене қызуын өлшеп, арнайы журналға тіркеп отыру екен.
– Жұмыссыз, бос жүргендіктен, қалалық жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Мұндағылар мәселемді тез арада шешіп, осы оқу ордасына орналастырып берді. Сондықтан орталыққа айтар алғысым шексіз. Әрине, жастардың екі қолға бір күрек табуына септігін тигізетін мұндай бағдарламалардың көп болғанын құптаймын, – дейді жас маман.
Жалпы жұмыспен қамтудың белсенді шаралары тек мұнымен шектелмейді. Атап айтсақ, жуырда қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Құмшағал» алқабында көшпелі жастар форумы өткізілді. Шара аясында «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған», «Қызылабад» алқаптарының жастарына жұмыспен қамту, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар, мемлекеттік бағдарламалар жайында кеңес берілді. Сонымен қатар жастар арасында кіші футболдан турнир, гір тасын көтеру мен арқан тартудан жарыс ұйымдастырылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Шіркей Аида
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика мамандығының 4 курс студенті