Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ауған соғысы өзінің тиісті бағасын ала алмай келеді»

0 363

Осыдан дәл 33 жыл бұрын, яғни 1989 жылы 15 ақпанда Кеңес Одағының әскері Ауған жерінен шығарылған болатын. Бейресми мәлімет бойынша 10 жылға созылған қан майданға 20 мыңнан аса қазақстандық қатысты. Бұдан бөлек, хабар-ошарсыз кеткендері қаншама. Талай шаңырақты ортасына түсіріп, ананы баладан, бауырды ағадан айырған сұрапыл соғыстың зардабы әлі санадан өшкен жоқ. Осы бір қаралы күнге орай «Жамбыл облысы және Тараз қаласының Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Дүкенбай Ермековпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Дүкенбай Сайлаубекұлы, Ауған жеріне қай жылы, қалай аттандыңыз? Сол жөнінде әңгімелеп берсеңіз…
– Сөзімді әріден бастайын. Мен қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келдім. Сол жердегі Қ.Сәтбаев атындағы білім ордасын тәмамдап, Семейдегі аң терілері техникумына оқуға түстім. 1979 жылы осы оқу орнын бітіріп, әскер қатарына шақырылдым. Содан Түрікменстан мемлекетінің Пушка елді мекеніне аттанып, сол жерде төрт айдай дайындықтан өттім. Алғашында Иранға жіберетін шығар деп ойладым, өйткені ол жақта көтерілістер болып, жағдай ушығып тұрған еді. Алайда бізді Ауғанстанға жіберді. 1978 жылы Ауған елінде үлкен төңкеріс болып, Нурмухамед Тараки жеңіске жетіп, демократиялық республиканы жариялады. Ол – Мәскеуде білім алып, коммунистік жүйеде тәрбиеленген азамат. Тараки қайтыс болған соң, Хафизулла Амин билік басына келді. Ол Америкамен ауыз жаласып, әскери базаларын Ауған жеріне орналастыруына рұқсат берді. Содан Кеңес Одағы бұған наразы болып, өз Қарулы күштерін Ауғанстанға әкелді. Бірақ ол жерде ешқандай басқыншылық әрекет жасалған жоқ. Ауған жеріне аттанған қазақ жігіттерінің алғашқы легінде өзім де болдым. Біз ол жақта дамуы кем дегенде үш ғасырға артта қалған, діннің атын жамылған экстремистердің ықпалына түскен, қыздарын күң ретінде пайдаланатын бейберекетсіздік жайлаған елді көрдік. Осылайша бұл майданда 1,5 жыл борышымды өтеп қайттым.
– Майдан даласында ерекше есте қалған қандай сәттер болды?
– Мұндай сәттер өте көп қой. Кейбіреуін еске алғанда, жанарыңа жас үйіріледі. 1980 жылы мамыр айында кезекті тапсырманы орындау барысында көлікпен келе жатып минаның үстінен түстік. Сол жерде жүргізуші-механик Сергей Никишов тіл тартпай кетсе, Володя Стрельцов бір аяғынан айырылды. Ал мен 3 тәуліктен соң есімді зорға жидым. Содан қайтадан сапқа тұрып, ұрыс даласына кіріп кеттім. Бұдан бөлек, қаншама дос-жарандарым көз алдымда оққа ұшты. Сондықтан мұндай жайттарды еске алу тым ауыр.
– Сіздің ойыңызша, Ауған соғысы тарихтан өзінің тиісті бағасын алды ма? Қан майданның ардагерлеріне қаншалықты құрмет көрсетілуде?
– Өкінішке қарай, бұл соғыс өзінің лайықты бағасын ала алмай келеді. Себебі бұл жарияланбаған майдан болғандықтан, тиісті дәрежеге көтеріле алмауда. Сан мәрте уәделер де берілді, бірақ тек сөз жүзінде ғана қалып отыр. Біреулер Ауған соғысын басқыншылық әрекет деп санайды. Алайда бұл – өте қате пікір. Жоғарыда айтқанымдай, Кеңес жауынгерлері ол жақта ештеңені қиратқан жоқ. Қайта мектеп, әуежай, электр станцияларын салып, жергілікті тұрғындардың тұрмыс жағдайларын түзеуге сеп болды. Соны түсінген халық бізді төріне шығарып, барынша құрмет көрсетуде. Жыл сайын ардагерлеріміз кезегімен санаторий, госпитальдерде тегін ем қабылдап, тынығып қайтады. Бүгінде облыс бойынша 1800-ге жуық Ауған соғысының ардагері бар. Оның 432-сі Тараз қаласына тиесілі. Өңір басшылары да қолдан келгенше бізге жәрдем беруде. 15 ақпанға қарай әр ардагерге 150 мыңнан бір реттік жәрдемақы үлестіреді. Білім ордаларында түрлі кездесулер өткізіліп, басқосуларға арнайы шақырып тұрады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан арнайы зейнетақыдан бөлек, коммуналдық төлемдерге 18 мың теңгенің төңірегінде ақша беріледі. Мұның барлығы – бізге жасалған құрметтің белгісі.
– 10 жылға жалғасқан осы қан қасап жайлы сөз қозғағанда, ең әуелі ойымызға «Қара майор» лақап атымен танымал Борис Керімбаев оралады. Осы даңқты қолбасшы туралы ел ішіндегі әңгімелер аңыз ба, ақиқат па?
– Ұлы Отан соғысы кезінде Бауыржан Момышұлының беделі қандай биік болса, Қара майор да Ауған соғысында дәл сондай дәрежеге көтерілген адам. Борис Түкенұлымен бейбіт өмірде бірнеше рет дәмдес болдым. Ол туралы әңгімелердің барлығы түгелдей шындық. Онысын дастарқан басында өзі де талай мәрте айтып берген. Қолбасшылық қабілеті, соғыс қимылдарын жүргізуі, барлық жағынан өте шебер болған. Дипломатиялық біліктілігі – өз алдына бір төбе. Көпшілік біле бермес, бірақ ол тікелей Кремльден тапсырма алып отырған жалғыз офицер еді. Ауғаннның генералы Ахмет Шах Масудтың бітіспес қарсыласына айналды. Кейіннен екеуі қол астындағы сарбаздарының амандығы үшін өзара бітімге келді. Ауған жауынгерлері одан сескеніп әрі шойындай қара келбетіне, алпамсадай денесіне қарап, «Қара майор» атап кеткен. Тіпті америкалықтар Қара майорды ұстап берген адамға 1 миллион доллар сыйақы беруге уәде еткен. Осындай арыстан жүректі азаматқа да көзі тірісінде лайықты құрмет көрсете алмағанымыз қынжылтады. Енді кеш те болса, «Халық қаһарманы» атағы берілсе деген тілегіміз бар.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.