Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақтелеком қызметкерлері бар былықты жайып салды

0 356

Алматыдағы Қазақтелеком қызметкерлері өткен жылдың желтоқсан айынан бері жалақы мәселесін көтеріп, бейбіт митингке шығып, талаптарын айтып келеді. Басшылықтың бейберекет әрекетінен шаршадық деген қызметкерлер  «ерекше қамқорындағы» діндар әріптестері туралы айтып, өкпесін жеткізді. Бұл туралы «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі «Адырна» ұлттық порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Аты-жөнін ашық жарияламауды сұраған қызметкерлер басшылыққа Тимур Худайбердиев келуінен кейін, намазхандарға деген ерекше қамқорлық басталды дейді.

«Тимур Тельманұлының бізге басшылыққа келуімен намазхандарға деген ерекше қолдау басталды. Қазір ол «Қазақтелеком» АҚ төрағасы Қуанышбек Есекеевтің орынбасары. Бұрын ол кісі сатып алу дирекциясында бас директор болған, аталған филиалдағылар Тимурдың келуінен кейін намаз уақытында дәлізде қаз-қатар жайнамаз жайып, құлшылығын орындайтын болып кетті. Біреулер «құлшылық жасай берсін, онда тұрған не бар?» дейтін болар. Бірақ олардың барлығының дерлік балағы қысқа, сақалы ұзын. Сосын Алматының әр филиалындағы діндарлардың жалақысын көтеріп, жанына жинай бастады. Мәселен, бес жыл жұмыс тәжірибем бар мен және екі жыл жұмыс өтілі бар намазхан тұрсақ, лауазымды қызметке бірінші соны қояды. Себебі, ол сол жамағаттан. Сол дирекцияда кемінде 50 намазхан жұмыс істейді», — деді ол.
Елдегі рушылдық пен жершілдіктен шаршаған мамандар енді бұл тізімге кімнің намаз оқып оқымайтыны қосылды деп отыр.

«Қарапайым инженер болып жүрген намазхан жігітті Тимур мырза бірден бас менеджер етіп тағайындады. Негізі ол орынға бірнеше жылдық тәжірибесі бар маман сайланғалы тұрған еді, Тельманұлы бір телефон қоңырауымен діншіл жігітті сайлап жіберді. Кез келген мекемеде кәсіби шеберлік, жұмыс өтілі бірінші кезекте болуы керек емес пе?! Намаз, құлшылық ол адамның жеке шаруасы. Басшылардың рушылдық, жершілдігі аздай, енді кім намаз оқиды, кім оқымайды деп мамандарды бөлер болсақ, онда біз несіне бәленбай жыл ЖОО-да оқу оқыдық», — дейді ашынған қызметкерлер.

Соңғы кезде қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етіп жатқан Қазақтелеком директорларының қызығы мұнымен бітпейді. Шағымданушылардың сөзінше, кеңседегі жиналыс кезінде басшы талап қойғандарды тілдепті.
«Бірінші ақпан күні Желі дивизоны бірлестіктерінің облыстардағы техникалық директорларымен онлайн жиналысы өтті. Аталған жиналыста бас директор алкоголь ішіп алғандай көрінді, себебі этикаға сай емес сөздер айтып, өзін біртүрлі дөрекі ұстады», — деді Қазақтелеком қызметкері.

Сондай-ақ, қызметкерлер «Қазақтелеком» АҚ филиалы бас директоры Болат Ерланұлына «Алматытелеком» ТБС ұжымы жалақы мен басқа да проблемаларына қатысты жазбаша өтініш жазған. Басшылық қызметкерлердің талап-тілектеріне қатысты шараларды келесі апта айтуға уәде беріпті.

«Біз «Қазақтелеком» АҚ филиалы – «Алматытелеком» ТБКБ-нің техникалық блогы қызметкерлерінің ұжымы лауазымдық жалақылардың кемінде екі есе өсуін талап етіп отырмыз. Себебі, кәсіпорындағы қызметкерлердің штаттық санының қысқаруына байланысты орындайтын жұмыс көлеміміз ұлғайды. Міндеттеріміз бен жауапкершілік өскенімен, жалақының өсетін түрі болмай тұр. Біздегі қатардағы инженерлердің алатын айлығы – 66 мың теңге. Ойлаңызшы, оны қайда жеткізуге болады. Елде күн сайын азық-түлік, пәтер бағасы қымбаттап жатыр. Одан бөлек, арнайы мамандардың жұмыста киетін қызметтік киімдері, аяқ киімдері, техникалық құралдарының барлығы ескі. Қызметтік көліктеріміз ескі, жаңа көліктерді тек басшылық қызметтегілер қолданады. Өлшеу құралдары да жеткіліксіз. Алматыдағы Панфилов көшесі бойында орналасқан ғимараттың жартысын жекеменшікке сатып жіберіп, сыймай қалған қызметкерлерді станцияға жібере салды. Бір сөзбен айтқанда, біз сияқты қатардағы қарапайым қызметкерлерге жұмыс істеуге жағдай мүлдем жасалмаған. Біз елдегі өзгерістермен бірге жағдайымыздың да өзгергенін қалаймыз. Басшылық «9 ақпан күні жиналыс ашып, бізге бір жауабын айтамыз» деді. Бірақ бұл мәселені біздің көтеріп келе жатқанымызға бірнеше уақыт болды, енді елдегі өзгерістермен бірге біздің де жағдайымыз өзгеріп қалар деген үміттеміз», — деді қызметкерлер.
Еске салсақ, 31 қаңтар күні Алматыда «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етіп, наразылықтарын білдірді. Техникалық бөлімнің қызметкерлері бір күн жұмысқа шықпай қойған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.