Қытай мемлекетінің астанасы Бейжіңде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Төртжылдықтың додасында ел намысын 32 спортшы қорғайды. Отандастарымыз спорттың сегіз түрінен 82 жолдамаға ие болған.
Ақ Олимпиадада бас-аяғы 109 медаль сарапқа салынады. АҚШ пен Австралия Бейжің Олимпиадасына «дипломатиялық байкот» жариялаған. Мұның себебі аталған елдер Синцзянь провинциясында ұйғыр халқының құқығы айқын бұзылды деп санайды. Осы жайға байланысты Бельгия, Дания, Косова, Литва, Ұлыбритания, Канада, Литва, Жапония елдері де АҚШ-ты қолдап отыр. Бұдан бөлек, Ұлттық хоккей лигасында (НХЛ) коронавирусқа шалдыққандар санының артуына байланысты аталмыш лигада өнер көрсететін ойыншылар Олимпиадаға қатыспайды. Десе де, байрақты бәсекелерде карантиндік шектеу қатаң сақталады. Спорт нысандарына көрермен жіберілмейді.
Жуырда XXIV Олимпиада ойындарында өнер көрсететін спортшыларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, жерлестерге табыс тілеген еді. Ал одан бірер күн бұрын Қазақстан құрамасының Олимпиадалық формасы таныстырылған. Сонымен, ел тарихында тұңғыш рет эпикировкадағы Қазақстан атауы «Qazaqstan» деп латын қарпінде жазылды. Арнайы үлгідегі спорттық киімдерді «ZIBROO» компаниясы шығарған. Шеруге арналған коллекцияны ресейлік дизайнер, «SHISHKIN» брендінің негізін қалаған Дмитрий Шишкин дайындаған. Форма ең жоғары талаптарға сай келеді. Себебі спорттық киімдер экологиялық тазалығы және дизайны жағынан әлемдік трендке сай тігілген.
Айта кетелік, Бейжің Олимпиадасы 4-20 ақпан аралығында, ал Паралимпиада ойындары 4-13 наурызда өтеді. Енді қазақстандықтар аспан асты еліне 27 қаңтарда аттанады. Қысқы спорт түрлерінен үздік спортшыларға үміт артамыз.
Сәндібек Піренов