Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алматы маңында жол апатына себепші болған полиция қызметкері оқиға орнынан қашып кетті

0 163

Алматы маңында адам өлімімен аяқталған жол апаты болды. Жол апатына кінәлі полиция қызметкері оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Көлігін тастап, оқиға орнынан қашып кеткен полицей көп ұзамай ұсталды. Әлеуметтік желіде апат орнынан түсірілген видео мен фотолар тарап жатыр. Ішкі істер қызметкері басқарған «Тойота Прадо» көлігі «Хонда Стрим» көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жол-көлік оқиғасын жасаған адам мас болған. Әлеуметтік желіде тараған фотолардың бірінде жол талғамайтын көлігінің жүксалғышында бір бөтелке арақ тұрған.

Алматы облысының полиция департаменті жол апатына кінәлі полицей екенін растады. Ведомствода бұл факті бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп, 24 қаңтарда тәртіптік комиссияның шешімімен оның беделіне нұқсан келтіргені үшін ішкі істер органдарынан босатылғанын атап өтті.

«Жол апаты Алматы-Талғар тас жолының 12 шақырымында болды. Салдарынан Honda Stream көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы дене жарақаттарымен Алматы облыстық ауруханасына жеткізілді, 20 жастағы жолаушы алған жарақаттарынан көз жұмды. Тойота Прадо жүргізушісі оқиға орнынан бой тасалаған. Жол талғамайтын көлікті шын мәнінде ішкі істер органының қызметкері басқарғаны анықталды. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасын жасаған бұрынғы қызметкер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының үшінші бөлігі “Адам өліміне әкеп соққан көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы” және 347-бабы “Оқиға орнынан кету” бойынша тергеу жүргізілуде.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.