Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балалар жылынан не күтесіз?

0 622

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін», – деді Президент. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жылды мереке түрінде атап өту ғана емес, барлық салада балаларды қорғау, сақтандыру, жанашыр болу мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы тиіс екенін нақтылады. Осы орайда түрлі салада еңбек етіп жүрген мамандармен тілдесіп, Балалар жылынан не күтетінін білген едік.


«Қазақстан халқына» қорынан күтеріміз көп»

Сағындық Ордабеков,
медицина ғылымдарының докторы, профессор

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры құрылатыны жөнінде айтқан болатын. Президент өз сөзінде: «Қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысады. Мәселен, сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларға көмектесу. Шынында да, көптеген отбасылар үшін емделу құны қолжетімсіз», – деді. Балалар жылында осы «Қазақстан халқына» қорынан көп үміт күтеміз. Расында, ата-анасының үздіксіз қарап, бақылап, арқалап өсірген баласын емдетуге қаражаты жетпей жатады. Қу тапшылық қолдарын байлайды. Міне, осы қордан жиылған қаражат ауруға шалдығып, денінің саулығы үшін алақан жайып жүргендерді қаражат тапшылығынан құтқарып қана қоймай, құлан таза айығуына септігін тигізеді деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, оңалту орталықтарын дамыту керек. Қазір туа біткен ауру балаларын күтіп, үйінде отырған ата-ана көп. Сол балаларды оңалту мақсатында осындай орталықтарға көңіл бөліп, кеңейту керек. Содан кейін ауруларды емдеу үшін жас мамандардың шетелде оқып, біліктілігін арттыру мәселесін қолжетімді ету керек. Сонда дәрігерлер шетелде білім алып, тәжірибесін арттырып, елімізге келіп, түрлі дертке шалдыққан балаларды емдеуге мүмкіндік туар еді.
Тағы бір мәселе – елімізде донорлар тапшы. Трансплантология да аса дамымаған. Міне, осы мәселелер биылғы жылы шешімін тапса деген үмітім бар.
Ауылдарда балаларға дәрігерлік тексерістер жіті жүргізілмейді. Кейде бала күнінде білінбеген денсаулық ақауы өсе келе айықпас дертке айналып жатады. Міне, осы тараптан ойланар болсақ, ауылдардағы дәрігерлік пункттердің де дамуына атсалысу керек.


«Нәресте дүниеге жоспарлы түрде келуі керек»

Тәтті Исабекова,
қалалық №16 емхананың балалар бөлімінің меңгерушісі

– Әрбір нәресте жоспарлы түрде дүниеге келуі керек. Баланың денсаулығы, өсіп-өнуі, дәрумендермен толық қамтылуы үшін ол нәрестенің ата-анасының жағдайы және мүмкіншілігі болу шарт. Баланың жағдайын жасайтын – ана. Сондықтан сәбиі 3 жасқа толғанға дейін анасы уайымсыз бала тәрбиесімен айналысып, денсаулығына баса назар аударуға толыққанды кірісуі қажет. Сол үшін балаларға арналған жәрдемақы 3 жасқа дейін берілуі шарт деп ойлаймын.
Баланың денсаулығын қалыпқа келтіріп, дамытатын – спорт. Сол себепті балаларға арналған спорттық секциялар балабақша, мектеп, колледждер мен жоғары оқу орындарының ғимаратының ішінде және мүмкіндігінше тегін қарастырылса деген тілегім бар.
Қоғамдық көлік балаларға 16 жасқа дейін тегін қатынап, мектептерде бастауыш сыныптың оқушыларына тегін тамақтандыру мәселесі де жолға қойылғаны жөн. Және де көпбалалы жанұя деп 4 баласы бар отбасыны айту керек. Осы орайда төрт баласы бар отбасыларға медицина тұрғысынан жеңілдіктер көптеп қарастырылса нұр үстіне нұр болар еді.
Тағы бір айта кететін жайт, қазіргі таңда тісі сау бала жоқ. Мектептерде стоматология кабинетін ашу қажет. Стоматологтар мектепте өздері профилактикалық тексеріс жүргізіп, уақытымен емдер еді. Ал медицина саласындағы қызметкерлерге арендалық тұрғын үй қарастырылуы басты назарға алынса, алғысымыз шексіз болар еді.


«Балалар әдебиетін қолға алатын кез жетті»

Бақытжан Советұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, балалар ақыны:

– Балалар жылы тек бөбектерге арналған түрлі ойындық аттракциондар, мәдени іс-шаралар ұйымдастырумен шектеліп қалмауы керек. Ол да қажет, дегенмен оларға рухани азық болып, ой-қабілеті мен өрісін кеңейтетін дүниелерге баса мән бергеніміз абзал. Атап айтқанда, балаларға арналған басылымдар, газет-журналдардың беделін арттырып, оның жасөспірімдерге жетуіне ықпал жасау керек. Бір кездері біз «Балдырған», «Ақ желкен» журналдарын басымызға жата-жастана оқитынбыз. Одан, әрине, жаман болған жоқпыз. Өкініштісі сол, ол журналдар Үкімет тарапынан қолдаусыз қалған соң, қазір балалардың қолына тие де бермейді. Ал біздің кезімізде оның бағасы да арзан әрі мектепте жүргенде бұл басылымдарға жазылуға ұстаздардың ниеттері де зор болды. Әдебиет үйірмесі де жұмыс істеп, онда жазу-сызуға қабілеті барлар тартылып, оқыған кітаптар талданып та жататын. Міне, осы үрдісті жандандырса құба-құп болар еді. Бұл, әрине, әдебиет сабағынан дәріс беретін мұғалімдерге құлаққағыс.
Жамбыл облысында «Өркен» журналы оқырмандарға жол тартқанына біраз уақыт болды. Әдемі безендірілген бұл журналды енді қанатын кеңге жая түсуіне тілектеспін. Балаларға арналған жалғыз басылымға мәдениет пен білім бөлімі кеңінен қолдау көрсетіп жатса, қанеки. Бұл – бір.
Екінші мәселе – кітап. Әулиеата өңірінде бөбектерді өбектеп өткен қаншама қарымды қаламгерлер шықты. Олар балалар әдебиетінің өсіп, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. КСРО Жазушылар одағының мүшелері Совет Әлімқұлов, Әлдихан Қалдыбаев және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Асқаржан Сәрсек пен одақ мүшелігіне өтпесе де, балалар тақырыбын тынбай жазған Лесбек Сайлаубек сияқты ақын-жазушыларымыз өмір бойы өз туындыларын өскелең ұрпаққа арнап, артында өшпес, өлмес із қалдырды. Мен тек өсіп-өнген өлкелерінен алыстап кетпей, туған жерлеріне туын тіккен қарымды қаламгерлерді айтып отырмын. Ал Әулиеата өңірінен түлеп ұшып, күллі қазақ еліне ғана емес, Алаш жұртына танымал болғандар да жетерлік. Жүрегі Жамбылым деп соққан сол ақын-жазушылардың артында қалған мол мұраларын жинақтап шығарса, Балалар жылында балаларға тамаша тарту болмас па еді?!
Балалар тақырыбына қалам тартып жүрсе де, кітап шығара алмай жүргендерді де ұмытпау керек. Кітапханалар мен мектеп оқушылары арасында жергілікті ақын-жазушылардың жинақтары кеңінен насихатталып, көзі тірілермен тікелей кездесу, әдеби-шығармашылық кештерін ұйымдастыруды да қолға алу қажет деп ойлаймын. Айтпақшы, Қазақстан Жазушылар одағы «Қазіргі қазақ балалар поэзиясының антологиясын» шығарыпты. Бұл – қуанарлық та, құптарлық жайт. Дәл осындай жергілікті ақын-жазушылардың «Жамбыл облыстық балалар антология- сын» неге шығармасқа?! Қорыта айтқанда, балаларға мәңгі рухани азық болатын жергілікті қаламгерлердің құнды кітаптарып шығаруға баса мән беру керек.


«Өзін-өзі танитын курстар қажет»

Әлия Сұлтанбек,
облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының психологы

– Балаларға қашанда жоғары көңіл бөлу керек екені белгілі. Себебі олардың амандығы мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі болып табылады. Психологиялық тұрғыдан биылғы жылдан балаларымыздың өзін-өзі танытуы үшін жас ерекшелігіне қарай бағдарламалар болса екен деймін. Бұл бағдарламалар балаларымыздың психологиялық тұрғыдан тұлға ретінде қалыптасып, дамуына үлкен септігін тигізеді. Сонымен қатар балаларға қатысты дамыту орталықтары көптеп ашылып, біліктілігін арттыру курстары қолжетімді болса деп ойлаймын.
Тағы бір мәселе жасөспірімдерден «Қандай мамандық таңдайсың?» десе, білмейтіндерін жиі айтып жатады. Сол себепті бір мамандықты көз жұмып таңдай салып, оқып біткен соң қиындықтарға тап болып жатады. Мысалға алсақ, Ресей мемлекетінде профориентация деген жасөспірімдерді дайындайтын арнайы курстар бар. Осындай курстар біздің Қазақстанда да көптеп ашылса деймін. Балаларға өзінің біліктілігіне, темпераментіне қарай мамандық таңдауға көмектеседі. Әрбір мамандықпен жеке-жеке таныстырып, ол мамандықтың жеңіл де қиын тұстарына тоқталады. Осыған байланысты әрбір бала өз темпераментіне сай мамандық таңдай алады. Біздің мемлекетте де әр адам өз ісінің маманы, хас шебері болып өсіп-жетілуі үшін осы мәселені мемлекет қолға алса, балалардан болашағы жарқын маман иелерін дайындауға болатынына кәміл сенемін.


«Анимация арқылы патриот ұрпақ тәрбиелейміз»

Батырхан Дәуренбеков,
ҚР мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Сақ» киностудиясының режиссер-сценаристі:

– Биыл Балалар жылы болып бекітілгені – қуантарлық жағдай. Бұл мәселе айтылып қана қоймай, нақты іспен көрініс тапса құба-құп. Балалар жылына көңіл бөлу деген сөз – қазақ әдебиетінде қазақтілді ертегі, әңгіме, өлең мен ән саласында, жазушы, ақын, композиторларға көп еңбектену керектігі бесенеден белгілі. Бұл салаға стимул ретінде қаламақы немесе белгілі бір қаржы қарастырылу керек. Негізі, балалар тақырыбында жазып жүрген ақын-жазушылар аз. Міне, сол кісілерге қолдау көрсетіліп, кітаптарын шығарса да игі іс болар еді. Тағы бір айтарым, балалар тақырыбында қалам тербеп жүргендер заманауи әңгімелерді тілге тиек етсе өтімді болар еді. Анимация деген – тәрбие көзі. Анимация арқылы тілді насихаттап, салт-дәстүрді үйретуге болады. Бала тәрбиесін көгілдір экран арқылы идеологиялық тұрғыдан қолға алған ұтымды.
Анимацияға мемлекет тарапынан көңіл бөліну қажеттілігі біздің елде бұрыннан айтылып келе жатыр. Қытай мен Ресей анимация арқылы баланы білімге баулып, мейірім дарытып, Отанын сүйетін патриот ұрпақ етіп өсіруге болатынын түсініп қойған. Біздің ел осы тұрғыдан кенжелеп келе жатыр.
Біздің халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлер басқа елдерде жоқ. Дәл қазір біз осы мәселені түсініп, көтеріп, жасауға тиіспіз. Шет мемлекеттерде фантазия таусылғандықтан, басқа елдерден ұрлап жатқан сияқты. Мысалы, біздің Таусоғар – Халкқа, ал Желаяқ – Флешке айналып кетті. Міне, қауіп қайда жатыр. Сондықтан басқа тілдерден аударып қана қоймай, өз кейіпкерлерімізді дамытып, туындымызды шет тіліне аударып ұсынатындай жағдай жасауымыз керек.
Негізі, бүгінгі таңда анимация тарапынан жасалып жатқан еңбекті жоққа шығаруға болмайды, әрине. «Сақ» киностудиясы осы тұрғыда тынбай еңбек етіп келеді. Мемлекет тарапынан балаларға арналған туындылар арқылы берілген тәрбие баланың бойына терең сіңеді. «Томпақ», «Қалқанқұлақ» телесериалдары бүгінгі таңда балалар сүйіп көретін туындыларға айналған. Бүлдіршіндер сүйіп тамашалайтын анимациялардың болашаққа берері мол. Мұның астарында балалардың болашағына деген зор үміт пен ықпал жатыр.

«Халықтың сөзін» тыңдаған Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.