Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үкімет әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру бойынша жоспар ұсынды

0 1  820

Ұлттық экономика министрлігінде Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел іс-қимыл жоспары таныстырылды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында министрлік орталық мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел іс-қимыл жоспарын бекіту туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасын әзірледі.

«Жоспар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымдар, әлеуметтік мәселелер, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, халық пен кәсіпкерлікті қолдау және ұйымдастыру – қаржы мәселелері бойынша 51 іс-шарадан тұрады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру бағыты бойынша жоспарда 11 іс-шара көзделген. Осылайша, Мемлекет басшысының күштік құрылымдар қызметкерлерінің жауынгерлік әзірлігін арттыру және моральдық рухын қолдау, зақымдалған жылжымайтын мүлік объектілерін қалпына келтіру, сондай-ақ күштік құрылымдардың, денсаулық сақтау, білім беру және коммуналдық шаруашылық салаларының материалдық-техникалық базасын қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру көзделіп отыр», деп түсіндірді Әлібек Қуантыров Үкімет отырысы барысында.

Әлеуметтік мәселелер бағыты бойынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Олар жарақат алған тиісті органдардың қызметкерлеріне өтемақы төлеуді, қаза тапқан осы органдар мен бейбіт азаматтардың отбасыларына көмек көрсетуді, бизнес пен халыққа борыш жүктемесін азайту шараларын, мұқтаж азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тәртібі мен тетігін енгізуді қамтиды.

Министрдің айтуынша, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Бұл іс-шаралар сұйытылған мұнай газын өткізудің жаңа тетігін әзірлеуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жөніндегі форвардтық тетіктерді қаржыландыруды ұлғайтуды және көмір бағасының өсуіне жол бермеу жөніндегі шараларды қамтиды. Ал халық пен кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша 7 іс-шараны іске асыру көзделген.

«Мәселен, басталған салықтық және кедендік тексерулерді 2022 жылғы 1 ақпанға дейінгі мерзімде тоқтата тұру және кейінге қалдыру, кәдеге жарату алымының мөлшерлемелері мен тәсілдерін қайта қарау, 2022 жылғы 20 сәуірге дейінгі кезеңге құрылыстарды көшіруге, орналастыруға, бұзуға байланысты атқарушылық әрекеттерді жүргізуге уақытша тыйым салуды енгізу жоспарлануда. Ұйымдастыру-қаржылық мәселелер бағыты бойынша 8 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Олар теңгеге деген сенімді толық қалпына келтіргенге дейін валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді, Батыс өңірлер үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын әзірлеуді немесе өзектендіруді, жаппай тәртіпсіздіктер салдарын жою жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауды қамтиды»,  деді Әлібек Қуантыров.

Министр ұсынылған жедел іс-қимыл жоспары Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, жақын арадағы бірнеше ай ішінде мемлекеттік органдардың тиісті міндеттерді үйлестіре шешуіне бағытталғанын атап өтті.

«Жоспарды іске асыру елдегі экономикалық жағдайды жедел қалпына келтіруге және күнделікті өмірге оралуға әкеледі. Жоба Қаржы, Әділет министрліктерімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдармен келісілді», деп қосты министр.

egemen.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.