Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаңтар қасіреті: Қылмыскерлердің аты-жөні жариялана ма?

0 169

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің онлайн отырысында: «Таяу уақытта, алдын ала тергеулер аяқталғаннан кейін әлемдік қоғамдастық сотына елімізге қарсы террорлық басқыншылықты дайындау және өткізуге қатысты қосымша дәлелдер ұсынатын боламыз», деп мәлімдегені белгілі.

Елдің тұтастығына қауіп төндірген алапат шабуылды әшкерелейтін дәлелдерді көп ұзатпай жариялаудың халықаралық қоғам­дастық үшін де, еліміз үшін де маңызы айрықша зор. Жазықсыз жандардың, әсіресе жастардың қыршын өмірін қиып, қаншама отбасына орны толмас қайғы-қасірет әкелген оқиғалардың ақ-қарасы айқын ажыратылып, ақиқаты қоғамға бүкпесіз айтылуға тиіс. Онсыз бізге енді ілгері басу қиынға соғады.

Өйткені сол аласапырандағы ақпарат тас­­қы­нында «билік халыққа оқ атып жатыр», «би­лік бейбіт шерушілерді қырып жатыр» деген сыңайдағы бейнежазбалар мен үндеу­лер мессенджерлер арқылы өте көп тарады. Бұ­қара көпшілік соған сенді. Бұрыннан іші­мізде қордаланып жүрген әлеуметтік нара­зы­лықтардың запыраны мұның арандатулар екенін байыптап жатуға мұрша берген жоқ. Сол себепті де халық көшеге көп шықты және ба­сым көпшілік өзінің азаматтық ұстанымын білдіруге ұмтылды.

Ендігі жерде халық бейбіт шерушілер мен арандатушы-терроршылардың, мародерлердің аражігін анықтауды, қылмыскерлердің кім­дер екенін көрсетуді талап етіп отыр. Бас прокуратураның бірер күн бұрын оқиға­лар хронологиясын, қаза тапқандар мен ұс­талғандардың, сондай-ақ ауруханалардан ке­тіп қалған жаралы қылмыскерлер мен морг­­тер­ден ұрланған мәйіттердің санын жа­рия­лауы осы бағыттағы алғашқы қадам. Алай­да бұл әлі жеткіліксіз. Алматы қала­лық Поли­ция департаментінің бастығы Қанат Тай­мер­деновтің 16 қаңтарда айтқан дерегіне сүйенсек, қарулы қақтығыс пен шабуылдар кезінде Алматыда 149 адам қайтыс болған. Олардың басым бөлігі – қарақшылар мен лаңкестер дейді. Жұрт осы қарақшылар мен лаңкестердің ұсталғанын көргісі келетін­діктен, құқық қорғау органдары бейбіт жұртты кімдер қалай арандатқанын, қалай ұйымдастырғанын, қандықол қарақшылар кімдер екенін, қайдан және қашан келгенін егжей-тегжейлі баяндап, бұқараға жайып салу жағын тездеткені жөн. Себебі жұртшылық арасында полицейлер өкілеттігін асыра пайдалануда, азаматтарды ұрып-соғып, мәжбүрлеп мойындату арқылы құқықтарын аяқасты етуде деген арыз-шағымдар шыға бастады. Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев құқық қорғау органдары қызмет­керлеріне қатысты 32 шағым түсіп, тексеріліп жатқанын айтты. Өкінішке қарай, мұндай ақпа­раттар, жазбалар әлеуметтік желіде әлі де тарап жатыр және ондағы айтылғандар қисынды көрінетіндіктен, ашынған халықтың жарасына тұз сепкенмен бірдей әсер етуде. Бұл да алаңдатарлық жағдай.

Сондықтан наразылықтың тағы бір толқы­нын тудырып алмас үшін терроршы­лардың өлісін-өлідей, тірісін-тірідей әшкерелеп, күдік­ті­лердің суреттерін, қылмыста­рына айғақ болатын бейнежазбаларды түгел көп күттірмей жұрт назарына тарту керек. Бұл қыршын кеткен ұл-қыздарын, оққа ұшқан аға-бауырларын, арқа сүйер отағасын жер қойнына тапсырып, қасі­реттен қан жұтып отырған отбасылар үшін, олардың қайғысына ортақ һәм ажал қайдан келгенін анықтай алмай, санасы сан-саққа жүгі­ріп отырған отандастарымыз үшін төтенше маңызды.

Интернет қосылғалы бері әлеуметтік желіге шығып жатқан «Террористер қайда?» деген мағынадағы жазбалар да осы ойымызды үстей түседі.

Содырлардың, сондай-ақ тонаушылардың аты-жөнін дәл осы күндері атап, түсін түстеумен қатар, кейінірек оларға қатысты болатын сот процестерінің де ашық өткені жөн. Бұлай ету аса өзекті болып тұрған үш мәселенің түйінін тарқатуға мүмкіндік береді. Біріншіден, қалың жұртшылықтың сауалдарына нақты жауап алып, әлі де болса көкейде тұрған күмәнін сейілтуіне септігін тигізеді. Жаудың қайдан шыққанын біліп, олардың ұсталғанына және жазасын тартқанына (жазасыз қалмайтынына) көзін жеткізіп, көңілін орнықтырады. Дәл бүгінгі күннің көңіл күйі тұрғысынан бұл да аса маңызды фактор.

Екіншіден, мемлекет те егемендіктің ірге­сін шайқалтып, тәуелсіздігімізге қатер төндір­ген сол қылмыскерлерге қатысты бар шын­дық­­ты бүкпесіз жайып салу арқылы өзіне де­ген ха­лықтың селкеу түсіріп алған сенімін нығайтады.

Үшіншіден, қандай ақпаратқа сенерін білмей абдырап қалған баршамызға болған оқиғаларды ой елегіне қайта бір салып, бойымыздағы жақсы­лы-жаманды қасиеттерімізді сүзгіден өткізуге түрткі болады деп үміттенеміз. Алматыдағы қирау мен тонаудың салдары орасан ауыр екенін және соның бәрін тек арандатушыларға жаба салу да мүмкін еместігін еріксіз мойындаймыз. Өзімізді «Біреудің ала жібін аттама», «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген өсиетті бала күннен көкейге түйіп өсетін текті халықтың ұрпағы санайтын едік, бірақ бейбіт басталған қарсылық шеруі жаппай қирату мен тонауға ұласып кеткені ойлантпай қоймайды. Әлбетте, топ жиналған жерде арандатушы-әзәзілдердің де жүретіні белгілі. Дегенмен таралып жатқан бейнежазбалардағы көріністерге қарап отырып, өзіндей қарапайым адамдардың күнкөріс кәсібін шімірікпей тонауға оп-оңай кірісіп кететіндердің көптігінен еріксіз тіксіндік. Осындайда, Беларусь еліндегі қарсылық шерулерінде, тіпті көрші қырғыз еліндегі соңғы жылдары болған оқиғаларда бірде-бір дүкен тоналмағаны еске түседі. «Біз қарсылық акцияларында дүкен тонауға жол берген жоқпыз» деп сәлем жолдаған Алатаудың арғы жағындағы ағайынның сөзі де шындықтан алыс емес.

Бұдан да күрделі заманда, нан таба алмай қалған 90-жылдарда да ел «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» қағидатына берік болып еді. Әйтпесе, қарсылық митингтері сол кезеңдерде де өтіп жатты ғой. Қиындықтың да көкесі сол уақыттары болғанына ешкім дау айта алмас. Бірақ наразылық акциялары тәртіпсіздікке, жаппай қирату мен тонаушылыққа ұласқаны есте жоқ. Рас, ол кездегі қоғамға, адамдардың санасына түскен психологиялық қысым қазіргіден басқаша еді, қазір бай мен кедейдің, бар мен жоқтың арасындағы айырмашылық жер мен көктей деп уәж келтіруге болар. Бірақ бұл бәрібір сол күндердегі ұрлықты, өзгенің мүлкін тонағандардың әрекеттерін қандай себеп болғанына қарамастан, ақтап ала алмайды. Егер де «Ол байғұстар жетіскеннен тонады дейсің бе?», «Жұмыс таппай қиналып кеткен ғой? Басқа амалы қалмаса, қайтеді енді?» деген сыңайда іштей болсын мүсіркейтін болсақ, онда өркениетті ел боламыз деп үміттенудің өзі бекер.

Түйіндей айтсақ, ағзаға жабысып алған дертті емдейтін дәрінің ащы болатыны сияқты, қоғамды емдейтін ақиқат та қанша жерден ауыр әрі ащы болса да, айтылуға тиіс.

egemen.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.