Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өнегелі өмір үлгісі

0 2  221

Заманының заңғар тұлғасы, аса көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дүниеге келгеніне биыл 110 жыл. Өмірінің елу жылын ел ағасы болып өткізген ұлы тұлғаның өмірінде өнеге тұтар үлгі жетерлік.

Дінмұхамед Ахметұлы КСРО құрамындағы мемлекеттің басшысы ретінде ел өнеркәсібінің өркендеу қарқынын одақтас он бес республика арасында маңдайалды межеге көтеріп, елдің жерасты және жерүсті байлығын, стратегиялық ресурстарын, түсті металлургиясын, индустриялық қуатын, интеллектуалдық әлеуетін, өндіргіш күшін, өнімді еңбегін Қазақстанның, қазақ халқының ұлттық игілігіне айналдырды, халықтың еңбекпен, жұмыспен толық қамтамасыз етілуіне қол жеткізді, әр адам өз еңбегінің рәтін көретін әлеуметтік жағдай қалыптастырды, халқына қалтқысыз қызмет етті, елінің аманатына адал болды.
Оның тұсында КСРО басшысы Н.С.Хрущевтің Қазақстанның аумақтық тұтас-тығын бұзуға бағытталған бірнеше әрекеті болды. Бұл жайында Д.Қонаев өзінің ғұмырнамалық еңбектерінде баяндады. Қазақтың көрнекті ақыны Хамит Ерғалиев осы жағдайдың кейбір қырларын анық азаматтық пайыммен суреттеді.
Д.А.Қонаев өзінің емес, республика құрып отырған халықтың мүддесін қорғады. Осылайша Одақ басшысы Хрущевтің өктемдігіне қарсы шықты. Хрущевтің ойының төркінінде астамшылықпен астарланған қиянат жатқанын білді. Саяси биліктің биік кеңістігінде республика құрып отырған ұлттың мүддесін мұндай қиянаттан білектің күшімен емес, саяси жолмен, ақыл-ойдың алып қуатымен ғана қорғауға болушы еді.
Хрущев ойына алған мақсатына жету үшін нақты іс-шараларды жүзеге асыруға кірісті. Əуелі Маңғыстаудың мұнайлы аудандарын Түрікменстанға қосу туралы мəселені көтерді. ҚКП ОК бірінші хатшысы Д.А.Қонаев бұл мәселені Қазақстанның мемлекеттік мүддесі, халықтың ғасырлар бойы сыналып, саф алтындай жарқыраған тарихи танымы, патриоттық сезімі, ұлттық бірлігі мен ынтымағы тұрғысынан сараптады. Халқының намысына тиетін, халқының, өсер өркенінің алдында өзінің бетіне шіркеу болатын, арына дақ түсіретін өктем өкімге батыл қарсы шықты. Қазақстан халқы алдында мұндай ұсыныстармен келісуге де, оларды бағыныштылықпен қабыл алуға да бара алмайтынын, халықтың өмірлік мәні зор құндылығын, аманатын бұзуға сол халықтың өкілі ретінде адамдық-азаматтық құқы жоқтығын ұсыныс иесіне – Одақтың азуын айға білеген бірінші басшысына бетпе-бет, батыл айту және айтқан ойын ғылыми, саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан қапысыз негіздеу қандай тереңдікті, қандай кеңдікті, қандай қайратты қажет еткендігі тарих айнасында сақталып қалды.
Азаматтық парыз, халық мүддесі, ел игілігі туралы биік сөздермен Одақ басшысын алған бетінен қайтару мүмкін емес-ті. Мұндай жағдайда қарсы жақты саяси иінге салып, ақыл асырып қана тоқтату мүмкін еді. Дінмұхамед Ахметұлы дәл солай жасады: әр сөзін, әр ойын ғылыми тұрғыда барынша негіздеп, тұжырымын Одақтың саяси, экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттарының өзегімен өріп, ешкім бұзып не бұрып кете алмастай дәлелдермен дәйекті етіп түйіндеді. Оның үстіне өз тұжырымдарының Қазақстанның ғана емес, бүкіл КСРО мемлекетінің экономикалық қуатының өсіп-өркендеуі үшін маңызды екеніне мемлекеттің саяси билігіндегі жайсаңдардың көзін жеткізді. Түркіменстан мен Қазақстанның мұнай өндіру ісі мен геологиялық-барлау жұмыстарына ғылыми сараптама бере отырып, бұл бағыттағы жұмыстардың барлық салалары бойынша Қазақстанның басқалардан көш ілгері екендігін, сондықтан да Маңғыстаудың мұнайлы аудандарын Түркіменстанға қосуда ешқандай экономикалық тиімділіктің жоқтығын, болмайтынын дәлелдеді. Д.А.Қонаевтың дәлелдерін ақылдың күшімен жоққа шығару мүмкін болмады, оны теріске шығаруға негіз болғандай дәлел, дәйекті ақыл-ой күшімен табу қиынға соқты.
Ол заманда ақылдың сөзін тыңдай білетіндер, тыңдағанын түсіне білетіндер аз да болса, болған. Орынды, жүйелі, негізді тұжырымға иланбасқа, ақиқат алдында басын имеске мәселені шешуге қатысқандардың мүмкіндігі қалмады. Димаш Ахметұлының нақты, ресми мәліметтерге, тиісті жолмен сараптан өтіп, бекітілген сандық және сапалық көрсеткіштерге негізделген, басқаша пікір айтуға иненің жасуындай саңылау қалдырмай, логикалық аргументтермен берік шегенделген ойларын, стратегиялық маңызы зор қағидалары мен тұжырымдарын КСРО Геология министрі қолдады. Д.А.Қонаевтың тұжырымдарының негізділігі, дәлелділігі Н.С.Хрущевті өз ұсынысын кері қайтарып алуға мәжбүр етті.
КСРО тарихында Одақтың бірінші басшысы КОКП ОК жүйесінде қарауға тапсырған ұсынысын кері қайтарып алмаған, Одақ басшысының ұсынысы орындалған. Сол тұста мұндай ұсынысты іс жүзіне асыру үшін республика КП ОК қолдауы шарт еді. Республика КП ОК бірінші хатшысы Д.А.Қонаев мұндай ұсынысқа қарсы болды. Д.А.Қонаевтың ақыл-ой байлығын, саясаткерлігін, қайраткерлігін, азаматтығын Одақтың жақсылары мен жайсаңдары мойындауға мәжбүр болды. Д.А.Қонаев оларды Н.С.Хрущевтің арандатуынан сақтап қалды. Бұл КСРО тарихында бұрын-соңды болмаған саяси ерлікке пара-пар аса ірі оқиға еді. Бағынышты бола тұрып бағындырудың ауыр жолын КСРО тарихында Д.А.Қонаев салды.
Д.А.Қонаев ел экономикасын көтеру және оны басқаруды жақсарту мақсатында республикада Торғай облысын ашу туралы ұсыныс жасағанда, Н.С.Хрущев бұл ұсынысты басқаша шешуге ұйғарды. Ұйғарым бойынша, Қазақстан Коммунистік партиясының астықты аймақтар бойынша арнайы бюросы құрылып, оның төрағалығына республика хатшыларының бірі тағайындалмақ еді. Көп уақыт өтпей, Одақ жетекшісі Қазақстан басшысына өзінің жаңа шешімі туралы хабарлайды. Онда аталған Бюро жойылып, құрамына бес астықты аймақ кіретін Тың өлкесін құру көзделген-ді. Тың өлкесі құрылды. Хрущев көп ұзатпай, Тың өлкесі құрамына Қарағанды облысын қосу туралы ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныстың астарында бұзақы ниет бар еді. Хрущевтің ұсынысына Д.А.Қонаев Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы ретінде тағы да үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Кейін бұл әңгіме Москвада Хрущевтің кабинетінде жалғасты. Д.А.Қонаев Хрущевтің Тың өлкесіне Қарағанды облысын қосу туралы ұсынысымен келісе алмайтынын айтып, өз пікірін дәлелдейді. Хрущев еш нәрсені тыңдағысы келмей, Д.А.Қонаевтан өз пікірін қайтып алуды талап етеді. Республика КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы өз ұстанымынан таймады. Пікір таласы саяси майданға ұласты. Саяси майданда Қазақстан КП ОК басшысының ойы дәлелді, ұстанымдары тегеурінді, терең екендігіне көзі жеткен Микоян өз пікірін білдірді. Ол Д.А.Қонаевтың пікірі негізді және КСРО үшін экономикалық тұрғыда тиімді екенін мойындады, Н.С.Хрущевтің ұсынысын қолдамайтынын білдірді. Д.А.Қонаевтың саяси-экономикалық көрегендігі, батылдығы, ойының негізділігі, пікірінің ғылыми жағынан дәлелділігі, ақыл-ой қуатының артықшылығы нәтижесінде Н.С.Хрущев өз ұсынысын тағы да қайтып алуға мәжбүр болды.
КСРО-ның басқару аппаратын, КОКП ОК саяси көсемдерін өз дегеніне көндіру, мемлекеттің бірінші басшысының өзімшілдігі мен менмендігіне бұлайша батыл саяси тойтарыс беру, оны өз ұсыныстарын екі рет кері қайтып алуға мəжбүр ету – мылтықсыз майдандағы елім деген ердің ерінің, дананың данасының ғана қолынан келгендей іс. Бұл тарихта тек Д.А.Қонаевтың ғана қолынан келді. Халық даналығына негізделіп, әлемдік ақыл-ой қазынасымен кемелденген даналықты халықтың игілігіне, мемлекеттің игілігіне даналықпен жұмсау Д.А.Қонаевқа тән қастерлі қасиет болды.
Қазақстанның жерін басқа республикаларға беру туралы іс-шаралар 1955 жылдан бастап белең алды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1955 жылы 13 желтоқсандағы қаулысымен Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының оңтүстік бөлігін РСФСР Астрахан облысы Владимиров ауданының құрамына беру туралы Батыс Қазақстан облыстық депутаттар Советі атқару комитетінің шешімін қарап, онымен келісу туралы тиісті қаулы шығарды. РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы өзінің 1956 жылғы 7 наурыздағы қаулысымен бұл жерді қабыл алды. Қазақ ССР және РСФСР Жоғарғы Кеңестерінің қаулылары негізінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Указ шығарды.
1956 жылы 21 қаңтарда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі осындай тағы бір әрекет жасады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының председателі Ж.А.Тәшенов (19 сәуір, 1955 – 20 қаңтар, 1960) Жоғарғы Кеңестің қарауына аса үлкен мәселе ұсынды. Ж.А.Тәшенов өзінің баяндамасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының өтінішін арнайы комиссия жіберіп, мұқият зерттеп, екі жаққа да тиімді ортақ шешімге келгенін, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары ұжымшарларының мал жайылатын жерлерінен қоспай, Бостандық ауданын және көрсетілген жер аумағын Өзбек КСР-іне беру туралы осы шешімді республика Жоғарғы Кеңесінің қарауына және бекітуіне ұсынатынын мәлімдеді. Бостандық ауданы мен 499 мың гектар жер аумағын Өзбек КСР-іне беру қазақ халқының өзбек халқына деген шексіз сенімі мен сүйіспеншілігінің мысалы екенін атап өтті.
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Ж.А.Тәшеновті тыңдап, оның ұсынысын талқылап, тиісті қаулы алды. Қаулы бойынша Қазақстанның Бостандық ауданын, оңтүстік Бетпақдала каналы командованиесіндегі 95 мың гектар жерді, орталық Бетпақдала каналының солтүстік бөлігі командованиесіндегі 75 мың гектар жерді Өзбекстанның құрамына беру туралы шешім қабылданды, бұлардың үстіне Өзбекстанға 1936-1937 жылдары уақытша пайдалануға берілген 329 мың гектар жер қоса берілді, оны бекіту туралы КСРО Жоғарғы Кеңесіне ұсыныс жолданды. Қазақ КСР және Өзбек КСР Жоғарғы Кеңестерінің ұсынысы бойынша КСРО Жоғарғы кеңесі 1956 жылдың 13 ақпанында тиісті шешім шығарды. Бұл жер сол бойда Өзбекстан жері болып қала берді.
Жеке бір тұлғаның ішкі есебі бойынша бір мемлекеттің, бір елдің бірнеше ауданын бар халқымен, мал-жанымен басқа мемлекеттің, басқа елдің қарамағына беру, ол аудандардың халқын өз мемлекетінің азаматтығынан еріксіз айырып, басқа мемлекеттің азаматтығын алуға мәжбүрлеу – адамзат тарихында, мемлекет тарихында болмаған сұмдық, сұрапыл, сұрқия іс еді. Оны тікелей ұйымдастырып, басқарып, із жүзіне асырған Хрущев пен Юсуповтың осы лаңкестігін тарих та, халық та ұмытпастай болды.
Қазақстанның мақта өсіретін оңтүстік аудандарын Өзбекстанға қосу туралы Юсупов пен Хрущевтің бұл ұсынысына Д.А.Қонаев үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Хрущев Д.А.Қонаевқа: «Ақыры біздің ұсынысымызды орындамайды екенсіз, онда Сіздің жұмысыңыз туралы ойланамыз. Ал бізді қолдайтын мықты кісілер бар», – деп Юсуповты атады.
Қазақстанның мақта өсіретін оңтүстік аудандарын Өзбекстанға беруге Д.А.Қонаев үзілді-кесілді қарсы болғаннан кейін, Н.С.Хрущев Юсуповты шақырып алды. Әңгіме барысында Д.А.Қонаев туралы И.Юсупов та өзінің пікірін білдірді: «Кадрларды таңдау мен тағайындауда Қонаев ұлтшылдық тұрғыны басшылыққа алады», – деп шағымданды. Н.С.Хрущев Юсуповтың сөзін де, өзін де ұната түсті, оған сол сәтте Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы лауазымын ұсынды. И.Юсуповтың жауап сөзі Л.М.Млечиннің еңбегінде мына қалыпта берілді: «Сенім білдіргеніңіз үшін ризалығымды білдіремін, бірақ мені қазақ халқы түсінбес деп қауіптенемін. Өйткені мен ұйғыр халқының өкілімін. Кенеттен жалғыз ұйғыр-бастықты бірінші хатшы лауазымына…». Хрущев: «Мұның бәрін ұмыт, бар да жұмысыңды істе», – деп тоқетерін айтты.
Д.А.Қонаев өз пікірін Хрущевке бірнеше бағытта негіздеді: «Мен Юсупов ұсынып отырған ұсыныстың пайдалылығын өз халқыма дәлелдеп бере алмаймын. Біріншіден, біз тың игеруде әлдеқайда бай тәжірибе жинақтадық, екіншіден, шөл даланы игеруді бастаған да біздің республика. Оған тек мақтаның шығымдылығы жөнінен ғана емес, сонымен бірге басқа да өнім түрлерінен аса жоғары көрсеткішке қол жеткізген «Мақтарал» совхозы дәлел. Техника, қаражат беріңіз, мақта өндірісін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ең бастысы, Оңтүстік Қазақстан – республикадағы тұрғылықты халықтың ең тығыз орналасқан жері. Біз отпен ойнап отырмыз: республикалардың арасында жағдай шиеленісіп кетуі мүмкін».
1964 жылы қарашада Л.И.Брежнев Қазақстан компартиясы ОК бюро мүшелерін, Министрлер кеңесі председателінің орынбасарларын Мәскеуге шақырып, қабылдады, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы И.Юсуповтың қызметтен кетуі туралы арыз бергенін мәлімдеді, Қазақстан КП ОК бірінші хатшылығына кімді ұсыну туралы мәселе қойды. Д.А.Қонаевтың аты аталды. Л.И.Брежнев: «КОКП ОК мұндай ұсынысқа қарсы болмайды», – деп сөзін бітірді. 1964 жылы 7 желтоқсанда өткен пленумында Д.А.Қонаев Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып екінші рет сайланды.
1963 жылы Өзбекстан құрамына берілген аудандар (Жетісай, Киров, Мақта-Арал) Д.А.Қонаевтың табандылығы, саяси мәмілегерлігі, қажырлы еңбегінің арқасында 1971 жылы Қазақ Республикасының құрамына қайтарылды. Бал ұстаған бармағын жаламай қалмады. Екі совхоз, 500 мың қой және ертеректе өткен жерлер қайтпады.
Дінмұхамед Қонаевтың тұсында Қазақстан халық шаруашылығының барлық саласы бойынша барынша қарыштап дамыды, білімі мен ғылымы, мәдениеті, әдебиеті мен өнері шырқау биікке көтерілді, халықтың ұлттық санасы жаңғырды, қоғамның интеллектуалдық әлеуеті күшейді.
Дінмұхамед Қонаев Қазақстанның мемлекеттік негізін нығайтты, экономикалық қуатын арттырды, ақыл-ойын асырды, абыройын көтерді, ар-ожданын асқақтатты. Ол Қазақстанның стратегиялық ресурстарын көзінің қарашығындай сақтады, байытты, елге, елдің өсер өркенінің игілігіне қалдыр- ды. Сондай-ақ ол Қазақстанның игілігі үшін, халқының әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін, өмірін жақсарту үшін қызмет етті.
Дінмұхамед Қонаев – өз заманының теңдесі, баламасы жоқ, аса ірі саяси тұлғасы, сөнбейтін жарығы, өлмейтін рухы. Оның өмір жолында өшпейтін өнеге, көшпейтін қасиет бар.
Дінмұхамед Ахметұлының Қазақстан тарихында қалдырған өмір жолының өнегесі Қазақстан халқының санасында мәңгілік жаңғырып, жарқырап тұратын болады. Ұлы тұлғаның өмірі де, дəуірі де тарихқа айналды. Мақтаныш тұтар тарихы бар, тарихынан алар тағылымы бар, ардақ тұтар ар-ожданы бар қазақ халқының осы шағы баянды, келер шағы жарқын болсын деп тілеймін.

Жанғара Дәдебаев,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы
Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.