Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нұр-Сұлтанда ер адам 6 сағат бойы сауда үйінің дәретханасына тығылып, қылмыс ұйымдастырған

0 350

Нұр-Сұлтанда жас жігіт цифрлық техника сатылатын бутиктен 15 бірдей қымбат ұялы телефонды ұрлап кеткен, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Бутик бизнес орталықтың ішінде орналасқан. Алдымен 19 жастағы жігіт ол жерге клиент ретінде барған. Артынан ұрлық жасауға бел буады. Оған дейін бутикке бірнеше рет барып, бәрін алдын ала зерттейді.

Сол күні кешкі уақытта бизнес орталыққа барып, бірінші қабаттағы дәретханаға тығылады. Ол жерде алты сағат отырады. Түнгі сағат бірдің кезінде ұялы телефондар тұрған бутикке барып, гипсокартоннан жасалған қабырғаны бұзады. Ішінен IPhone 12 және Samsung маркалы 15 ұялы телефонды алып шығады. Сосын бизнес орталықтың қызметтік кіреберісі арқылы тайып тұрған. Бутик иесіне келген шығынның жалпы көлемі 5,7 миллион теңге болды. Ұры барлық телефонды белгісіз біреулерге сатып жіберген.

Шұғыл іздестіру шаралары кезінде жас жігіт қолға түсті. Ол өз кінәсін мойындады. Полицейлер оны уақытша ұстау изоляторына қамады. Осы уақытқа дейін ұрланған төрт телефон табылды. Қалған гаджеттерді іздестіру шаралары жалғасып жатыр.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінге тергеу басталды. Бұл бап бойынша кінәлі адамның мүлкін тәркілеп немесе онсыз, 1 000 айлық есептiк көрсеткiшке (2 917 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса, үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.