Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көне де мәңгі жас қала

0 250

Тараз – құндылығы топырақ астында қалмай, тарих қойнауынан бүгінгі күнге жеткен шаһар.

Толғанай АТАБАЙ

Уақыт тезінен өтіп, атауы бірнеше рет өзгерген тарихи қалаға Тараз атауының қайтарылғанына жыл басында 22 жыл толды. Иә, жылнамасы көне замандардан сыр шерткен шежірелі Тараздың тарихы тым әріден тамыр тартады. Облыс орталығы болған ескі шаһардың өткені мен бүгінін Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында өткен келелі жиында облыс зиялылары тағы бір қаузады. Басқосуда облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев қала тарихына кеңінен тоқталды.


– Осыдан 22 жыл бұрын 1997 жылы 22 қаңтарда ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Қарахан» кесенесінің маңындағы алаңда қала тұрғындарының басын жиып, облыс орталығының атын «Тараз» деп өзгерту жайлы Жарлыққа қол қойды. Құрлығымыздың шығысы мен батысын жалғайтын «Ұлы Жібек жолы» бойында орналасқан бұл көне де мәңгі жас қала ғасырлар бойы Талас, Тәңірғұт, Яны, Әулиеата, Мирзоян, Жамбыл, Тараз атанып келді. біздің жыл санауымыздың бірінші ғасырының басында құрылған Тараз Қытай елінің көне жазба тарихында, сол заманның өзінде аты әлемге әйгілі қала болғандығы айтылады,– деді басқарма басшысы.


Тараз қалалық мемлекеттік архиві ұйытқы болған шарада Елбасының Тараз қаласының тұңғыш «Құрметті азаматы» атанғаны және мәрмәр тастың астына 2100-ші жылғы ұрпаққа арнап, аманат хатын қалдырғаны да айтылды. Одан кейін архив ісінің ардагері, облыстық «Қарахан» журналының бас редакторы Сатыбалды Досымбеков Тараздың осы күнге дейінгі бірнеше атауына тоқталып, ертеректе қаланың биік дуалмен қоршаулы болғанын, сондықтан алты ай бойы жау шаһарға кіре алмағанын, Еуропа балшық кешіп жүргенде Таразда күрделі кәріз жүйесі болғанын мақтанышпен айтты. Ал, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жанындағы «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ қаланың тарихы терең екендігін айта келіп, кешегі ғана емес, бүгінгі Таразбен де мақтануымызға болатынын айтты. Орталық «Достық» алаңындағы Бәйдібек батыр, ТарМУ-дың алдындағы Дулати баба ескерткіштерінің еңселі, тұғырлы екеніне тоқталды.


Сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов Қытай жазбаларындағы Жібек картада Тараздың аты бар екеніне, кешегі тарихымен мақтанатынымызды жеткізіп, бүгінгі қаланың әсем жерлерін аралау үшін туристерге, тұрғындарға сенбі күндері тұрақты орыннан арнайы автобус бөлінсе деген тілегін жеткізді. Келелі кездесуде көне қала тарихы жайлы еңбек ардагері Жаңабек Тоқсабаев, Білім беру ісінің үздігі Бәтес Егембердиева, денсаулық сақтау саласының үздігі Ғибадат Кемелбекова өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты.


Жиын соңында аталмыш басқарма басшысы Дүйсенәлі Дыбысалыұлы Тараз қалалық мемлекеттік архивінің директоры Бақыткүл Әбдікәрімованың зейнет жасқа жетуіне орай, оның ұзақ жылғы еңбегіне алғысын білдірді. Сонымен қатар, Тараз атауы берілген жылы дүние есігін ашқан қала тумасы Әл-Таразидың мерекелік лебізі жиналған көпшілік назарына ұсынылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.