Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алматыда коронавирустың бұрын-соңды болмаған түрі анықталды

0 251

Алматыда коронавирустың «омикрон» штамы анықталған жоқ. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қала 13 желтоқсаннан бері «жасыл» аймақта тұр. Апта сайын аурушаңдық көрсеткіші төмендеп жатыр. Желтоқсанда болжам бойынша 1200 жағдай тіркеледі, себебі айдың аяқталуына бір апта қалды. Ал қала бойынша тәулігіне 35-40 жағдай тіркеліп жатыр», – деді Бекшин.

Қаланың бас санитар дәрігері коронавирустың «омикрон» штамы көпшілікті алаңдатып отырғанын айтты.

«Денсаулық сақтау министрлігінен зерттеу нәтижелерін алдық. Қаламызда «омикрон» штамы табылған жоқ. Барлық жағдайды бақылап отырмыз», – деді Жандарбек Бекшин.

Айтуынша, зерттеу кезінде қалада «дельта+» штамы жиі анықталған.

«Омикронның» алдын алу шаралары барысында шетелден келетін әуежай жолаушыларын бақылауға алып жатырмыз. «Омикрон» тіркелген елдерден қаламызға 1 600 адам келген. Олардың арасында зерттеу жүргізген кезде алты адамнан коронавирус қоздырғышы анықталды. Қазір алты сынама Нұр-Сұлтан қаласына арнайы зертханаға жіберілді. Оның жауабын 10 күннен кейін аламыз», – деді қаланың бас санитар дәрігері.

Жандарбек Бекшин АҚШ, Германия, Ресей, Ұлыбритания, Израильден келетін жолаушылар алаңдатып отырғанын айтты. Оның сөзінше, коронавирус қоздырғышы анықталған алты жолаушы Германия мен Ұлыбританиядан келген.

Айта кетері, бұған дейін Бекшин қалада «омикрон» штамының бар-жоғын анықтау қалай жүріп жатқанын айтты.

«Қазір қала бойынша «омикрон» бойынша бақылау жүргізіп жатырмыз. 3 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласына 53 сынама жібердік. Оның мақсаты – сол сынамаларда «омикрон» штамының бар-жоғын анықтау. Зерттеу ұзақ уақытқа созылады», – деді Бекшин 10 желтоқсанда өткен брифингте.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.