Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бизнесті дамытуға бағытталған 100 жоба

Шалғай алқаптар баянды бастамадан шет қалмасын!

0 221

Тараз қаласы жылдан-жылға көркейіп, тотықұстай түрленуде. Әсіресе шеткі аумақтардың әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Қала әкімі Ержан Жылқыбаев округ тұрғындарымен кездесулерінде шалғай алқап тұрғындарының мұң-мұқтажына құлақ түріп қана қоймай, елді мекендердің еңсесін тіктеу үшін «100 бизнес-жобасын» жандандырды.

Баянды бастаманың барысы апта басында өткен аппараттық жиында күн тәртібіне көтеріліп, жан-жақты талқыланды.
Қала әкімінің орынбасары Дәулет Әбілқайыровтың сөзіне сүйенсек, жұмысшы топ шаһардың «Шалғай Қарасу», «Құмшағал», «Шөлдала», «Қант зауыты», «Барысхан», «Солнечный» алқап тұрғындарының сұранысын ескере отырып, шалғай елді мекендерге қажетті 100 бизнес-жобаның тізімін жасапты. Соған сәйкес бүгінде 100 жобаның 45-і жүзеге асқан. Жемісті бастаманың бір оңтайлы тұсы – кәсіпкер қажетті қаражаттың 50 пайызын өзі шығарса, қалған бөлігін банк несие-леп береді.
– Шеткі аудан болған соң, ең әуелі мал шаруашылығын дамыту және бордақылау үшін 19 жоба әзірледік. Сонымен қатар сауда орталықтары мен дүкендер, жылыжайлар ашу, құрылыс материалдарын шығару, наубайхана, балабақша, техникалық-жөндеу орталықтары, тігін цехы, дәріхана, монша, спорт алаңшалары, сұлулық салоны, оқу орталықтары, қоймалар (жем-шөп сатуға), банкоматтар орнату, автотехника сату орталықтары, сонымен қатар пластик өнімдерін қайта өндеу цехы, жиһаз өндірісі, кофехана, жанар-жағармай стансаларын ашу жоспарланған. Аталған 100 жобаның 14-і тұрғындардың ұсынысымен қолға алынса, 22-сі «Бастау-Бизнес» қысқа мерзімді онлайн оқыту арқылы жүзеге аспақ. Төртеуі аукционда (жер мәселесі) болса, екі жоба кәсіпкерлердің қаржылық жағдайына байланысты орындалмаған. Он үш жоба бойынша кәсіпкер несие алуға өтініш жолдады. Сонымен қатар қарашада екінші деңгейлі банктермен жиналыс өткізіп, мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін 31 жоба ұсынылды. Ол тізімде жер мәселесі, субсидия, инфрақұрылымды дамыту және басқа бағыттағы жобалар бар. Енді соның ішінде 11 жобаға қолдау көрсетілмек, – деді Дәулет Мақсұтұлы.
Дәулет Әбілқайыровтың баяндамасын мұқият тыңдаған қала әкімі Ержан Жылқыбаев жобаның басты мақсаты шеткі аумақтарға басымдық беру екенін баса айтты. Шаһар басшысы өз сөзінде жобаның статистикасы көңілге қонымды болғанымен, онда 28 саяжай секілді шалғай алқаптар қамтылмағанын сынға алды.
– Облыс орталығынан бизнес нысандары онсызда ашылып жатыр. 100 бизнес-жобаның негізгі мақсаты – шалғай алқап тұрғындарының әлеуетін арттыру. Сондықтан қаланың орталығында ашылған кәсіпкерлік нысандарының санынан «сұлу» статистика түзе бермей, нақты жұмысты көрсетіңіздер, – деді шаһар басшысы.
Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Дәулет Мақсұтұлы шалғай алқаптардан кәсіпкерлік нысандарын ашу үшін тұрғындардың мүлік құны банкке кепілдікке қоюға жетпей жатқанын өзекті етіп көтерді. Десе де, Ержан Жұматұлы бұл мәселеге сылтау болмайтынын ескертіп, түйткілдің түйінін қалайда тарқатуды тапсырды.
Хош, әзірге бастама аясында 404,7 миллион теңгеге 45 жоба жүзеге асырылса, нәтижесінде 216 адам жұмыспен қамтылып отыр. Қала әкімінің орынбасары Дәулет Әбілқайыровтың сөзіне сенсек, қалған 55 жоба келер жылдың қысқа мерзімінде толықтай орындалмақ.
Жалпы Тараз қаласында 11 айдың қорытындысы бойынша барлық салада өсім бар. Бюджеттің кіріс және шығыс бөлігінің игерілу көрсеткіштері де оң динамиканы сақтауда. Бүгінгі таңда бюджеттің игерілуі жоспарға сай. Қала әкімі жиында жыл соңына дейін қаржының игерілуі 100 пайыздық көрсеткішті діттеуі қажеттігін бөлім басшыларына шегелеп тұрып тапсырды.
Басқосуда Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің есебі де тыңдалды. Бөлім «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындал- уын жүйелеп, жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағым, өтініштерін қабылдауда. Бұдан бөлек, «109» қызметіне түскен сұрақтарға да жауап береді. Шаһар басшысы Ержан Жұматұлы бөлім басшысы А.Бөбеевке «Дизайн код» жобасына сәйкес жұмысты жандандыруды ескертті.

Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.