Қалалық қоғамдық-саяси газет

№48 мектепте өткен тағылымды кеш

0 279

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Тұрар Рысқұлов атындағы №48 орта мектепте «Тәуелсіздік – ащы термен келген жеңіс» атты мерекелік іс-шара өтті.

Қазақ елінің азаттық жолындағы сан ғасырлық күресін арқау еткен көріністер оқушылар күшімен сахналанды. Әр кезеңнің ауыртпалықтары мен зардаптары шынайылығымен көрермендерді үлкен әсерге бөледі. Одан бергі уақытта әлемді дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісі де назардан тыс қалмады. Мектеп өнерпаздары Қайрат Рысқұлбеков секілді ұлт қаһармандарының іс-әрекеттерін бейнелеп, лайықты көрсете білді.
Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Талғат Кеншінбеков, Жеңісбек Қалмырзаев және Света Иманқұлова осы шараның ортасынан табылды. Олар сол жылдары Алматы қаласының жоғары оқу орындарында оқып жүрген өрімдей қыз-жігіттер болатын. Брежнев алаңында бас көтерген қазақ жастарының бостандық жолындағы күрестерінің бел ортасынан көрініп, сол кездегі жүйеге қарсы үн қата білді.
Желтоқсаншылар бүгінгі білім қуған жастарға жүректерге жара салған сол кезең туралы тебірене айтып берді. Көрген қиындықтары мен азаптарын еске ала отырып, бұл көтеріліс тәуелсіздік үшін жалғасқан күрестердің бастауы болғандығын жеткізді. Ендігі жерде осы тәуелсіздікті сақтап, баянды әрі мәңгілік ету үшін барынша қорғау қажеттілігіне тоқталды.
Қазақстанның Құрметті журналисі Мақұлбек Малдарбеков №48 орта мектебінің 1990 жылы ұлт патриоттарының халықпен бірлескен күш-жігерлерінің арқасында аралас мектептен таза қазақ мектебіне айналғаны туралы естеліктерімен бөлісті.
Шараны мектеп директоры Айжан Абдешова қорытындылап, жиналғандарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Әсел Алтыбаева,
№48 орта мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.