Қалалық қоғамдық-саяси газет

Атырау облысында туған ағасын өлтірген бұрынғы полиция қызметкері мәйітті ауласында жасырған

0 188

Атырау облысында бұрынғы полция қызметкері туған ағасын өлтіріп, мәйітті 3 ай бойы ауласында жасырған. Қанды оқиға Индербор кентінде болған. Мәйітті марқұмның баласы әкесіне іздеу жариялағанда ғана табылған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Көршілерінің айтуынша, бауырлар арақ ішіп, арты жанжалға ұласқан. Інісі мәйітті ауласындағы қоқыс жинайтын шұңқырда жасырған.

«Шошып кеттік «Жеңіс солай істеді ме?» – деп. Оның үйіне кіруге тіптен қорықтық. Осы жерде 15 машина тұрды. Атыраудан эксперттер, прокурорлар келді. Ал сондайға барады деп ойламаймын. Бірақ адам барып тұр ғой. Ішкендіктен болған шығар сол. Ішіп жүрді. Сосын марқұм да тілі жаман кісі. Ұрынған болар. Өлген кісі туралы айтуға да болмайды, күнә», – деді көршілерінің бірі Гүлшат Жантасова.

Марқұмның інісі отбасымен тұрып келген. Ал ағасы арасында келеді екен. Шаруа қожалығында мал баққан. Соңғы рет 20 қыркүйекте ауылға келіпті. Содан кейін оны ешкім көрмеген. Күдікке ілінген інісі бұрын полицияда қызмет еткен. Қазір зейнет демалысында.

«Өте жақсы адам. Отставкамен зейнетке шыққан жігіт. Ол майормен пенсияға шықты ғой», – деп мәлімдеді көршісі Амандық Қалиев.

Кент әкімінің сөзінше, марқұмды ауылдан көп көрмеген. Әлеуметтік жағдайы төмен болса да, көмек сұрап келмеген екен.

«Бұл кісі 65-тің үстіне шығып кеткен кісі. Ол қырда болған соң ауылдан көрмейміз. Естуімізше, ішімдікке жақындығы болған. Көп балалы әке. Жағдайы кішкене төмен», – деді Индербор кентінің әкімі Асхат Айтмұратов.

Қазір Индер аудандық полициясында «Кісі өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Алайда марқұмның балалары ағасының жауапқа тартылуына қарсы.

«Жоқ. Ол кісі – ағам, ана кісі – әкем. Ажал солай келіп тұрса, оған кім қарсы тұрады? Кім кедергі жасай алады. Шок қой. Автоматты түрде кеткен өлтіріп алғаннан кейін. Не істеп, не қойғанын білмейді. Бізге айтты сөйтіп қойдым, бүйтіп қойдым деп», – дейді марқұмның ұлы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.