Қалалық қоғамдық-саяси газет

Студенттердің ерекше тартуы көрермендерді тәнті етті

0 328

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Мәдениет және өнер» кафедрасының бітіруші түлектері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Өнер апталығын» ұйымдастырды. «Өнер және спорт» факультетіндегі «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығының 4-курс студенттерінің ерекше сыйлығы университет ұжымы мен басқа да көрермендерді тәнті етті.

Апталық барысында «Қарлығаштар мекені» атты шығармашылық кеш, «Шынайы жауап» комедиясы, «Толғауы тоқсан» инсценировкасы, «Болмаған оқиға» трагикомедиясы, «Зона» драмасы, «Басқа әлем» шоу-концерті және «Lala Land» гала концерті көрсетілді. Апталық кафедра меңгерушісі, профессор, ҚР мәдениет қайраткері Айгүл Қабиеваның жетекшілігімен және аға оқытушы, ҚР мәдениет қайраткері Шолпан Айтибаеваның көмегімен өткізілді.         

«Қарлығаштар мекені»

«Өнер» апталығының шымылдығы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер  одағы сыйлығының лауреаты, Бауыржан Момышұлы атындағы Намыс орденінің иегері Ғайни Әлімбекқызына арналған шығармашылық кешімен ашылды. «Қарлығаштар мекені» атты театрландырылған ән-сазды қойылым ақынның балалық шағынан бастап, бүкіл өмір жолы мен шығармашылығын өлеңдері арқылы инсценировкалық қойылым арқылы өте сәтті, тартымды әрекеттермен санқырлы образдар арқылы көрсетті. Шығармашылық кешке  ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Бауыржан Жақып, Жамбыл облысының мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, Жамбыл облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар, кешті Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Құрмет орденінің иегері Шырын Мамасерікова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, Қазақ телевизиясының ардагері Ұлбосын Айтөлен,«Абай ТВ» арнасының бас продюсері Жаңылхан Асылбеков, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген режиссері, документалист Ботагөз Исмаил,Қапшағай қаласының құрметті азаматы Алтыншаш Жақиянқызы тамашалады. Қатысушылар сахнаға шығып, өзінің ұстазына құттықтау өлеңдерін арнады. Кеш соңында облыстық филармонияның сазгер-әншілері ақынның сөзіне жазылған әндер орындады.

«Шынайы жауап»

«Шынайы жауап» комедиясы кафедра меңгерушісі, профессор, ҚР мәдениет қайраткері Кабиева Айгүл Қабиқызының жетекшілігімен қойылып, режиссерлік қызметтіаға оқытушы, ҚР мәдениет қайраткеріАйтибаева Шолпан атқарды. Көрсетілімде үш дос, әрі группалас Самат, Сабыржан, Кұрмаш өмірлері сомдалып, олардың университтеті бітірген соң достықтарын қалай жалғастырғаны көрсетілді. Олардың орталарында әдемі де сұлу, ашық, көңілді, әнді де, биді де керемет орындайтын, жігіттердің арманы болған Құралай атты дос қыз өз арманын қуып басқа мемлекетке кетеді. Біраз жылдан соң Құралай еліне, туған жеріне, достарына,туыстарына, сүйгеніне оралады, бірақ оның өмірге деген көзқарасы тым өзгеріпті. Комедия барысында достардың бұл өзгеріске деген көзқарастары әсерлі түрде жеткізілді.Қойылымда көмекші-режиссер қызметін Хайруллаев Сырым, гример-костюмер қызметін Садыкова Фариза атқарып, рөлдерді Куйчибаева Гулсыназ, Шегетай Нұрасыл,Ермағанбетов Нұрсұлтан және Абыдқали Абылай сомдады.

«Толғауы тоқсан қызыл тіл»

«Толғауы тоқсан қызыл тіл» инсценировкасы Абай Құнанбаевтің қара сөздерінен құралып, ақын,ұстаз, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткердің өсиеті сахна төрінен көрерменде әсерлі түрде жеткізілді. «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік… Ал енді қалған өмірімізді қайтып,не қылып өткіземіз?…» деген сұрақтармен толғанады студенттер. Абай Шығыс пен Батыс мәдениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» – тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды. ТолғауҚұдыретәлі Әбілхайыр бастамасымен, Шегетай Нұрасыл, Құлмамыр Бауыржан,Құдыретәлі Әбілхайырдың қатысуымен өткізілді.

«Болмаған оқиға»

Мария Ладо авторлық еткен«Болмаған оқиға»трагикомедиясындажануарлардың адамдар туралы ойлары көрсетілген.Қойылым «Саны бар, сапасы жоқ жануарлар  саналы адамдар жайлы не ойлайды екен?…Жануарлар біз жайлы сөйлесе ме? Жалпы, біз адамдар нәпсіге берілмей өмір сүре аламыз ба?…»деген сұрақтармен көрермендерді толғандыртады. Көрермендер қойылымда күледі де, жылайды, жалпы өміріміз туралы ойланады, қазіргі халықаралық жағдайға да басқа көзбен қарай алады. «Болмаған оқиға» –  астарлы әңгіме және ертегі секілді өте сирек кездесетін, ерекше көрсетілім. Көрсетілімнің режиссеріҚұлмамыр Бауыржан, гример-костюмер Абдықали Абылай, қоюшы–суретші Сугуров Ержан болған. Рөлдерді Ермағанбетов Нұрсұлтан, Рахматулла Ұлмекен,Куйчибева Гулсыназ,Шегетай Нұрасыл,Абдықали Абылай,Қозайыр Анель,Хайруллаев Сырым,Копейсинов Ықылас,Сугуров Ержан, Шымкентбай Айымжан, Жазылбек Алдиярбек сомдаған.

«Зона»

Александр Кирийдің авторлығындағы «Зона»драмасы жас актерлердің өзіндік  интепретациясына ие болды. Зона –белгілі бір аймақ, бізді қоршаған орта. Режиссер зонаны аялдайтын жер емес, сынақ ретінде елестетеді. Оның пікірінше, сынақтың екі жолы бар: не шыдайсың, не сынасың. Қай жолды таңдайтынымыз, адамдардың өз құзырында. Басты кейіпкер Арсен бұл драмада қай жолды таңдайтыны, тобырға қосылып тәртіпке деген қарсылығы көрсетілген. Драмада Шегетай Нұрасыл- режиссер, Ермағанбетов Нұрсұлтан- гример-костюмер, Көпейсинов Ықылас- қоюшы-суретші болды. Рөлдерді Шегетай Нұрасыл, Хайруллаев Сырым,Көпейсинов Ықылас, Сугуров Ержан, Ермағанбетов Нұрсұлтан, Абдықали Абылай, Құлмамыр Бауыржан, Жазылбек Алдиярбек сомдаған.

«Басқа әлем»

Ойландыртатын, күлдіртетін, толғандыртатын көрсетілімдерден кейін, музыкалық шоу концерттің де кезегі келді. Сахнадағы әсерлі әндерді студенттер Асетова Эльдана, Сейдіш Диана, Жорабек Айя, Рахматұлла Ұлмекен, Саменқұлов Жартыбай, Боранбай Әлішер, Оңғарбеков Ермахан, Кенішбек Сұлтанхан, Кемалов Сүйеніш, Көпжасарқызы Инабат орындады. Жетекшілер студенттерге шығармашылық еркіндік берген соң сахнада отандық «Қазақтың қыздары», «Доғар», «Жаным бол», «Сен емес пе?», «Мама» сияқты эстрада әндерімен қатар, шетелдік «Пошел вон», «Beggin’»«Cake by the ocean» секілді хиттер де айтылды. Өнерпаздар заманауи аранжировкамен қатар, акустикалық фортепиано сүйемелдеуімен де әндер орындады. Орындаушылар музыкалық талантарымен қатар, хареография, актерлік шеберлік, шығармашылық креативті шешімдерімен де көрермендерді сүйсіндірді.

Кафедра меңгерушісі Айгүл Қабиқызы балалардың жұмысына қанық екенін айтып өтіп, әр студент өзінің тұлға, әнші ретінде, қай салаға икемі бар екенін көрсете алғанын айтты:

– Бүгін еркін тақырыпта ән кеші, шоу бағдарлама болып отыр, әрқайсысы өзінің өнерін, өзінің даусын, өзінің пластикалық әрекетін, төрт жылдан бері неге үйренгенін, болашақта кім болатынын, қай саланы алып кете алатынын көрсетіп, бойымызда тұрған сұрақтарға жауап берді. Менің ешқандай күмәнім жоқ, әр студент берілген бағдарламаны толықтай меңгеріп шықты, жақсы білім алып, ұстаздар қауымы толықтай білімді жеткізе алды, – деген ойымен А.Қабиева бөлісті. Кафедра меңгерушісі өнерде жүрген балалар еш уақытта жамандыққа бойылмайды, еш уақытта жаман қылық жасамайды, өте әдепті, мәдениетті болып тәрбие алады, деген сөзбен ән кешін аяқталды деп жариялады.

«Lala Land»

«Өнер» апталығы «Lala Land» концерттік бағдарламасымен тәмәмдалды, демек, апталық өзінің мәресіне жақындап қалды. Бұл апталыққа бірқатар оқу бағдарламасы бойынша болашақ әншілер, актерлар, бишілер, режиссерлар, ұстаз-педагогтар қатысты. Әр студент атсалысып, өзінің жұмысын көрсетті, ұйымдастырушы-педагогтар ұйымдастыру жұмыстарына араласып, режиссерлар қойылым жасап, актерлар сомдап, бишілер би қойып, ұстаздардың көмегіне сүйеніп, сәйкесінше өз білімдерін көрсетті.

Апталықты университет ұжымы, студенттер, арнайы шақырылған қонақтармен қатар, ата-аналар да тамашалады. Олар іс-шара соңында жас өнерпаздарға өздерінің тілек-лебіздерін білдірді.

– Құрметті ұстаздар, осындай шәкірттерді тәрбиелегеніңізге рахмет. Балалар, сендердің өнерлерін өрге жүзе берсін, бақытты болыңдар, бұдан да биіктерден көріне беріңдер, барлықтарың алға баса беріңдер, тек қана алға ұмтылыңдар, ұстаздарға осындай студент тәрбиелегендеріне тағы да рахмет, – деп бітіруші студенттің әжесі өз тілегін айтты.

– Бұл топ талантты студенттердің қатарына жатады, адамгершілік жағынан, өнер жағынан, барлық жағынан. Негізі, топ жетекшілігі ретінде олар тағы да өз өнерлерін көрсетеді деп ойлаймын. Болашақта жақсы азамат, жақсы, тәрбиелі кадр болады деп ойлаймын, – деп ұстаздардың бірі Баян Көшербайқызы өз пікірімен бөлісті.

Осылай, «Өнер апталығы» өзінің мәресіне жетті. Апталық соңында студенттер асыл ата-аналарына және ардақты ұстаздарына шексіз алғысын айтты. Студенттер өздерінің шеберлігін, дарынын, шығармашылығын, креативті ойларын сахнада көрсетіп, өзінің өнерін елімізге, тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнады. Талантты, бәсекеге қабілетті болашақ мамандарымыз барда еліміз үлкен биіктерге жететініне сенімздіміз.

Дидар Оразбекова,

М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті

«Мәдениет және өнер» кафедрасының аға оқытушысы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.