Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мен — Назарбаевтың өнімімін»: Тасмағамбетов 65 жасқа толды

0 216

Мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, зейнетке Ресей Федерациясындағы Қазақстан елшісі қызметінде шыққан Атырау облысының тумасы Иманғали Тасмағамбетов бүгін, яғни 2021 жылдың 9 желтоқсанында 65 жасқа келді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі kznews.kz сайтына сілтеме жасап.

Жас кезінде комсомол болып, Тәуелсіз Қазақстанда саналуан биік лауазымдарды атқарған ол өзге қызметтерді есептемегенде, Үкімет пен Алматы, Астана қалаларын басқарып, осыдан екі жыл бұрын, 18 желтоқсанда зейнетке аттанды.

Кейін «Камаз» компаниясының директорлар кеңесіне тәуелсіз мүше ретінде кіргені мәлім болды.

Клара жеңгеміз екеуінен үш баласы бар. Балаларының арасында 1979 жылы туған тұңғышы Әсел қоғамдық өмірде белсенді, қайырымдылықпен айналысып, сырқат балаларға көмектесумен айналысады. Белгілі бизнесмен Кеңес Рақышевтің әйелі.

Тасмағамбетовтің халық ықыласына, оның ішінде қазақтілді қауымның сүйіспеншілігіне бөленуінің бір сыры шығармашылыққа жақындығы, ұлт дүниетанымына жанашырлығы болса керек. Мәселен, 2016 жылы вице-премьер болып тұрғанда, қазақтың жаны тілінде екенін мәлімдеді.

«Мәселе осында, біз бір-бірімізбен қазақша сөйлессек, біз өз тілімізді өзіміз құрметтесек, біз оған шын мәнінде жанашырлық білдірсек қана тілдің болашағы болады. Тіл бар жерде қазақ бар, тіл жоқ жерде қазақ жоқ. Бітті, басқа формула жоқ бұл мәселеде», — деді жастардың алдында сөз сөйлеген ол.

Сол жылы, Үкімет отырысында, орыстілді балалар мектепке барғанда қиналмауы үшін барлық балабақшаны қазақ тіліне ауыстыруды ұсынды.

Тіпті Ресейде елші қызметін атқарғанда, қазақ тілінде баяндама жасауымен елең еткізді. Рязан облысының Қасымов қаласында Ораз-Мұхаммед ханға ескерткіш қойылды.

Осылайша саналы ғұмырында саналуан белесті бағындырған «сегіз қырлы, бір сырлы» зейнеттегі саясаткер, Атырау облысының әкімі болып тұрғанда «Мен — Назарбаевтың өнімімін» деп айтқанымен де халық жадысында ерекше жатталды.

Айтпақшы Иманғали Тасмағамбетовтің есімі жыры ұзаққа созылған елордадағы LRT құрылысы бойынша сотқа шақырылған, бірақ келмеген экс-әкімдердің қатарында аталды.

Алматы тізгінін ұстап тұрғанда, адам қаны төгілген атышулы Шаңырақ оқиғасы елді дүрліктіріп, оған қатысқан Арон Атабек таяуда, түрмеден босатылғаннан кейін көз жұмды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.