Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Арыс қаласында қазақ ұлтының мақтанышы Дінмұхамед Қонаевтың бюсті бой көтерді.
Салтанатты шараға Мұрат Әуезов пен Қонаевтың немере інісі Дияр Қонаев, генерал Аман Шабдарбаев, қоғам кайраткері Сәбетбек Еркімбай, ғылым докторы Алуа Таңжарықова, Қонаевтың жеке дәрігері Ахат Әминұлы және жазушы, қоғам қайраткері Серғазы Есімбетов сынды елге танымал тұлғалар болды.
Алқалы жиында қала әкімі Гүлжан Мамытқызы сөз сөйлеп, Д.Қонаевтың Арыс қаласының дамуына қосқан үлесі туралы айтты.
Ұлт мақтанышына айналған ұлы тұлғаның ажары айшықталған мүсінді Арыс қаласының тумасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинашев сыйға тартты.