Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылдық спортшы қол күресінен әлем чемпионы атанды

0 152

Румыния астанасы Бухарестте қол күрестіруден 2021 жылдың 27-28 қарашасында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы анықталды. Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қызыл жұлдыз ауылының тұрғыны Хусейн Бешлиоглы қарсыластарынан оза шауып, мойнына чемпиондық медаль тақты. Stan.kz тілшісі Румыниядағы көк туымызды желбіреткен Хусейнді құттықтап, спортшымен сұхбаттасқан еді.

– Хусейн, чемпиондық атағыңыз құтты болсын! Жалпы көңіл күйіңіз қалай? Бұл спортқа қалай келдіңіз? 

 Көңіл күйім тамаша! Жылы лебіздеріңізге рахмет! Өзім Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Қызыл жұлдыз ауылының тұрғынымын. Осы спортпен айналысқаныма үш жылдай уақыт болды. Бірінші осы спортқа ағам қатысып, мені 2018 жылдан бастап осы қол күреске алып келді. Өзіме сол сәттерден қатты ұнап қалған. Жаттықтырушылармен танысып, қол күрестіруді әдетке айналдырдым. Елімізде жақсы дамыған спорттардың бірі. Қазіргі кезде еліміз әлемдік дәрежеде бірінші орында.

 Жарыс барысында жарақат алып қалмадыңыз ба?

– Жоқ. Жарысқа шығарда қолымызды әбден қыздырамыз. Бір жақсысы, ешқандай жарақат жоқ. Жаттығу кезінде де солай қалыптастырамыз. Салмағымызды бірте-бірте көтереміз. Бүкіл денемізге ауыртпалық түседі. Сондықтан да денемізді қыздыру керек. Анда-санда жүгірудің де пайдасы тиеді. Бұның алдында Қазақстанның чемпионы болдым. Азиян чемпионатынан екі алтын мен екі қола бар. Бұл – әлемдік жарыстағы ең жоғары жетістігім. 25 елден 1000-ға жуық спортшы қатысты. Жарыста салмақ дәрежесіне және жасымызға қарайды. Өзім 80 салмақ дәрежесінен қатыстым. Алғашқы кездесуім Өзбекстан елінің спортшысымен өтті. Финалда румыниялық спортшымен айқастық. Біздің шаршы алаңымыз арнайы стол. Екі төреші екі жағымыздан қадағалайды. Арнайы бейнекамераларды да пайдаланады. Қолымыз ұсталмай жатса, онда жіппен айқастырып байлап қояды. Отбасым Әулиеата өңірінде жанкүйер болып отырды. Өзіміз Тараздан 14 спортшы келдік.

– Әңгімеңізге рахмет, Хусейн! Тағы да жеңісіңіз құтты болсын! 

Біз енді Хусейн Бешлиоглы тәрбиелеген Тараз қаласындағы №3 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Азамат Төлеуишовты шәкіртінің жеңісімен құттықтап қайттық.   

 Жеңістеріңіз құтты болсын! Оқырмандарымызға сіздердің мектептеріңіз қызық болары сөзсіз. Жасөспірімдер арасынан әлем чемпионын дайындаған орын туралы айта кетесіз бе?

– Рахмет үлкен! БАҚ өкілдерінен сіздер бірінші болып құттықтап жатырсыздар. Мектебімізде аптасына балалар төрт рет жаттығады. Шамамен 100-дей баланы тәрбиелеп жатырмыз. Қызығушылық танытқан 12 мен 18 жас арасындағы жасөспірімдер қатысуда. Жалпы 23 жасқа дейін де қабылдаймыз. 1977 жылдары армрестлингтың федерациясы ашылған. 1998 жылдан бастап өзіміздің Таразда қаласында шәкірттер тәрбиелеп келеді. Ең алғаш Ахмет Алиев деген ағамыз – өз қолтаңбасын қалдырған спортшы. Хусейн бауырымыздан бөлек, ересектер арасынан әлем чемпионатын алған спортшылар да бар. Бізде тек қана олимпиада жоқ. Хусейн әлемдік жасөспірімдер арасынан чемпиондық атақ алды. Қатты қуанып жатырмыз.

 Жарысқа қатысуларыңызға кімдер демеушілік жасайды?

– №3 БМБЖСМ мен өңірдегі спорт басқармасының қолдауымен қатысудамыз. Қазақстанның федерациясы да өз қолдауын аямайды. Еліміздегі әрбір аймақтардан бұл жарысқа қатысып жатыр. Жарыс жасөспірімдер арасында ұйымдастырылды. Қазақстан барлық командалық есептен бірінші орынға шықты. Бұған бүкіл әлем қатысуда. Денсаулыққа өте пайдалы спорт. Адамның ой-өрісіне және физикалық тұрғыдан жақсы әсер етеді. Бір жақсысы, бір-бірінің бетіне, денесіне зақым келтіріп жарақаттамайды. Адамның денсаулығына еш зияны жоқ. Өзінің арнайы үш техникасы бар. Облыс бойынша біздің залымыз бірінші орында. Өзіміздің аға жаттықтырушы Ескендір Рысбековтың техникаларымен жұмыс жасаймыз. Жергілікті билік әрқашан өз қолдауларын білдіріп жүр. Сол кісілердің арқасында балалар жүлделерге ие. Бізге спортшы қыздар да келеді. Кейбіреуі «фигурамыз бұзылып кетеді» деп жатады. Мүлдем олай емес. Қол күрес “качок” қылып жібермейді. Қайта адамның дене бітімі әдемі өседі. Қара күш беретін спорт қой. Біз тек олимпиадаға кірмей тұрмыз. Әйтпесе, көк туымыз бұдан да жоғары көтерілетін еді. Румыния мемлекетінде әнұранымыз шамамен 30-40 рет қойылды. Бірінші және екінші орынды да қазақтар ғана алған жағдайлар болды. Финалда жігіттеріміз бір-бірімен де кездесіп қалады.

 Хусейнді қалай дайындадыңыз? Жарыста қобалжу болды ма? 

– Хусейн аздап қобалжыды. WhatsApp арқылы хабарласып, қолдау білдірдім. Жаттығудағы әдіс-тәсілдерді есіне салдым. Аллаға сансыз шүкір! Жарыстың екінші күні бірінші орын алды. Қазақстан мен Азияның чемпионы болған. Міне, енді әлем чемпионы! Көптеген белестерді бағындырудамыз. Бізде чемпиондар өте көп. Паралимпиадаға да дайын спортшылар бар. Қазір мемлекеттен көптеген стипендия қарастырылуда. Өзіміз қатты қуаныштымыз. Әзірге әкімдіктен хабарласып ешкім құттықтамады. Бірақ та спорт басқармасы арнайы келіп, спортшыларымызды құттықтап жатады.

 Рахмет! Жамбылдықтардан әлем чемпиондарын тәрбиелей беріңіздер. Сау болыңыз!

– Рахмет! Айтқандарыңыз келсін!

Енді спортшыларымызды жергілікті билік өкілдері ұмытып кетпей арнайы құттықтап, әрқашан қолдау білдірсе екен дейміз. Олимпиада ойындарына армрестлинг қосылатын болса, Қазақстанның туын желбірететін спортшыларымыз әрқашан дайын екен. 

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.