Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Денесін бір айдан кейін тапты»: 19 жылға сотталған шымкенттік әйел не үшін түрмеге түскенін айтты

0 265

Қылмыскер достарымен бірге қызды ұрып өлтірген. Олардың барлығы ұсталып, сот шешімімен 19 жылға бас бостандығынан айрылған. Otyrar.kz сайтына берген сұхбатында сотталған әйел өз оқиғасы мен жазасын қалай өтеп жатқаны туралы айтып берді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Әйел Шымкентте орналасқан 167/4 қатаң режимдегі колониясында жазасын өтеп жатыр. Бұл – Қазақстандағы аса ауыр қылмыс жасаған әйелдерге арналған жалғыз түрме.

«Бала кезімнен бұзық болдым. Көп төбелесетінмін, қазір бұл үшін өкінемін. Ол кезде ажырасқан едім, бір қызым бар. Достарыммен кездесіп, сыра ішуге бардық. Біздің ортамызға бейтаныс қыз келіп қосылды. Сөйлесіп, күліп отырғанбыз. Мен бір адамның ұялы телефонын тартып алғаным туралы айттым. Келесі күні үйге полицейлер келіп, үстімнен қылмыстық іс қозғалатынын мәлімдеді. Кейін мен туралы сол қыздың арыз жазғанын білдім. Өкпем қара қазандай еді. Сөйтіп қала сыртында кездестік», – дейді әйел.

Қызды күштеп көлікке отырғызып, қала сыртына алып шыққан. Оқиғаның қалай болғанын еске алу қиын дейді. Барлығы жақсы болатын шығар деп үміттенген, алайда олай болмай шыққан.

«Қала сыртына алып шыққан соң, бір-екі рет шапалақпен ұрдым. Ол құлап қалды. Темірдің қайдан шыққан білмеймін, жанымдағы досым темірмен қыздың басынан ұрып жіберді. Мен темірді бірден алып, екінші досыма ұстаттым. Қазір олар да қамауда отыр. Қыз құлаған соң, біз кетіп қалдық. Жолда ұялы телефонымның түсіп қалғанын білдім. Қылмыс орнына қайта келдік, ол кезде қыз тірі жатқан еді. Жолдан көрінбеу үшін жардан құлатып жібердік. Мен қатты қорқып кеттім, не істерімді білмей қалдым», – деп қосты ол.

Марқұмның денесін бір айдан кейін ғана тапқан.

«Бір ай өткен соң полицейлер келіп, мені алып кетті. Мәйітті ит алып келген екен. Сот-медициналық сараптамалар нәтижесінде мәйттің сол қыздікі екені анықталды. Бізді 19 жылға соттады. Мен кінәмді мойындаймын, ол қызды өлтіргім келмеген. Қайта оралған кезде оны қалаға алып кетпегеніме өкінемін. Бостандыққа шығып, анасынан тізерлеп кешірім сұрағым келеді. Біреудің өмірін қиятын мен ешкім емеспін», – деп қосты қылмыскер.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.