«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ талдауының негізінде ақылы автомобиль жолдарының 7 жаңа учаскесін пайдалануға беру туралы шешім қабылданды. Олардың қатарында Нұр-Сұлтан-Павлодар, Шымкент-Өзбекстан шекарасы (Ташкентке), Щучинск-Көкшетау, Қапшағай-Талдықорған, Шымкент-Тараз, Тараз-Қайнар, Шымкент-Қызылорда жолдары бар. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде «ҚазАвтоЖол» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Айжан Туғанова мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған учаскелер ақы алу жүйесінің барлық қажетті жабдықтарымен қамтылған.
«7 жаңа ақылы учаскелерді пайдалануға енгізу туралы жобаларға қол қойылды және Әділет министрлігінде тіркелуде. Бірінші техникалық санаттағы учаскелердегі ақылы жүйені 15 қарашадан бастап енгізу жоспарланып отыр. Бұл ретте осы учаскелер 1-қазаннан бастап тесттік пайдалануға берілген болатын. Бұл алгоритмдердің жұмысын, бағдарламаларды жөндеуді және өнеркәсіптік пайдалануға енгізу алдында ақы алу жүйесінің инфрақұрылымын кешенді тексеруді қамтиды», – деп түсіндірді спикер.
Айжан Қалкенқызы бұл жүйенің ақылы учаскелерде шлагбаумдардың мүлде болмауымен ерекшеленетінін жеткізді. Автомобильдердің өтуі арнайы камералар мен жабдықтардың көмегімен бақылау аркаларына бекітіледі екен. «Ашық» жүйесінің басты артықшылығы – жолдарда кептелістердің немесе кезектердің болмауына байланысты автомобильдердің жылдамдық режимін сақтауы.
«Осындай жолдармен жүруге ақы төлеу үшін автокөліктің мемлекеттік нөміріне шотты толтырудың 20-дан астам нұсқасы қарастырылған: QAJ mobile (мобильді қосымша), kaspi.kz, kiwi-әмиян, Forte bank және т.б. Cондай-ақ дабыл бақылау аркаларында оқылатын және жол жүру төлемі есебіне теңгерім есептен шығарылатын арнайы белгілерді (RFID белгілер) желімдеу көзделген», – деді А.Туғанова.
Айта кетейік, 2013 жылдан бастап I санаттағы ақылы учаскелердің жол жүру мөлшерлемелері өзгерген жоқ. Қазіргі таңда «ҚазжолҒЗИ» АҚ қолданыстағы тарифтерден едәуір төмен болатын II және III санаттағы жолдардың тарифын айқындау әдістемесін әзірлеген. Бұл құжат «Атамекен» ҰКП мен құзырлы қауымдастықтардың келісуінде.