Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда тоғыз айда талай тірлік тындырылды

Қала әкімі Ержан Жылқыбаев аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевқа атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді

0 381

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың алдында тоғыз айда атқарылған жұмыстар жайында есеп берді. Шаһар басшысы баяндамасында өткен жылмен салыстырғанда биыл әлеуметтік-экономикалық салаларда оң динамика сақталғанын баса айтты.
Тарқатып айтсақ, өнеркәсіп саласындағы өсім – 104 пайызды, ауыл шаруашылығы саласында – 100,2, негізгі капиталға салынған инвестиция – 100,5, құрылыс жұмыстарының көлемі – 100,2, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 105,6 және бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 100,1 пайызды құраған. Ал қала бюджетінің кіріс бөлігі 110,8 пайызға орындалып, шығыс бөлігінің игерілуі 100 пайыздық межені діттеген.

– Құрметті Бердібек Машбекұлы, ағымдағы жылдың 6 айында атқарылған жұмыстар бойынша есебімді тыңдағанда 26 тапсырма берген болатынсыз. Аталған тапсырмаларыңыздың дені орындалып, қалғанын жыл аяғына дейін орындау көзделуде. Атап айтсақ, темір қақпақтары ұрланып, ашық қалған ауыз су құбырлары реттелді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Сондай-ақ қураған талдардың орнына жаңасын егу бойынша да жұмыстар жүйелі жүргізілді. Көшедегі тоғандарға су жүргізу мәселесі де назардан тыс қалмай, нәтижесінде 280 көшеге су берілді. Былтыр 175 көшеге су жіберілген болатын. Жалпы 699 көшеге су беруге мүмкіндік болса, әзірге 40 пайызға орындалып отыр. Бұл межені 100 пайызға жеткізуге күш салатын боламыз.
«Тектұрмасқа» баратын жол жөнделіп, жарық шамдары ауыстырылды. Жаздыгүні ыстық суды үзбей беру туралы тапсырмаңыз да сәтті орындалды. Одан кейін «Таразға тарту» жобасы шеңберінде де ауқымды жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар қаланың айналасында орналасқан алқаптарға автобустар жүргізіліп, халықтың арыз-шағымы бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Қазіргі таңда қоғамдық көліктер түнгі сағат 21:00-ге дейін қатынауда. Сондай-ақ қаланың экономикалық тұрғыда дамыту потенциалы да сақталуда. Шаһардың өзіндік кірістерінің атқарылуына талдау жасалып, камералдық бақылау, салықтық әкімшілендіру, салық берешегін өндіру жұмыстарын күшейту есебінен қосымша түсімдерді қамтамасыз ету мүмкіндігі анықталды. Нәтижесінде қала бюджеті екі рет түзетіліп, мәслихатта өзіндік кірістер көлемінің жалпы сомасы 3,2 миллиард теңгеге өсті. Оның ішінде салықтық түсімдер 3,1 миллиард теңгеге ұлғайса, корпоративтік табыс салығы 980 миллион теңгеге, жеке табыс салығы 942 миллионға, әлеуметтік салық 760 миллионға, мүлікке салынатын салықтар 320 миллионға, көлік салығы 81 миллионға және кәсіпкерлік қызметті жүргізгені үшін алымдар 73 миллион теңгеге көбейді. Ал салықтық емес түсімдер 127 миллион теңгеге артты. Инвестиция тарту мәселесіне келсек, 2021-2022 жылдары жалпы құны 18 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, 1044 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Мұның барлығы – сіздің тапсырмаларыңыздың аясында жүзеге асатын жұмыстар, – деді Ержан Жұматұлы.
Бұдан бөлек, биыл қалада индустриялық аймақ арқылы жүзеге асатын жалпы құны 3,6 миллиард теңгеден асатын 14 жобадан тұратын әлеуетті қатысушылар базасы қалыптастырылған. Алайда қазіргі таңда оны толық жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылым желілерінің болмауынан жұмыстар тоқтап тұр. Ал шағын және орта бизнесті дамыту бойынша 6 айдың қорытындысында облыс әкімінің берген тапсырмасы бойынша қаланың шет аудандарында шағын және орта бизнесті дамыту үшін «100 жаңа жобасы» қолға алынған. Жалпы 65 жоба қаралса, бүгінгі таңға 8 кәсіпкер «Сбербанк» арқылы 640 миллион теңгеге қаржыландырылған.
– Бұдан өзге, жаңа Бас жоспардың жобасын есепке алғанда, қалада мемлекет меншігіндегі бос жатқан жерлер бар. Ол жерлерге 5 қабаттан жоғары 7-9-12 қабатты үйлерді соғу, қала тұрғындарына демалыс орындарын салу мүмкіндігіміз бар. Осы бағытта ұсыныс енгізілетін болады.
Қаладағы барлық орта және кіші бизнес нысандарының алдын сол меншік иелерінің есебінен абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Қазіргі таңда Абай, Төле би, Жамбыл даңғылдары мен Д.Қонаев көшесіндегі 42 кәсіпкерлік нысанының аумағын абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталды.
Қаланың даму перспективасына талдау жасалынды. Оның туристік потенциалын кеңінен пайдаланатын боламыз. Ол үшін «Көне Тараздың» жалғасы ретінде «Көне Тараз» қалашығы аумағын дамыту перспективасы зор. 1-кезең 9,2 гектар аумақты қамтып, 106 жеке тұрғын үй, 17 кәсіпкерлік мақсаттағы нысан орналасқан. Бағалау нәтижелерінің қорытындыларына сәйкес, көлемі 6,10 гектар, 109 жер учаскесі және өзге де жылжымайтын мүліктер 3,1 миллиард теңге бағаланды. Бұл аумақта шығыс базары, керуен сарай кешені, қолөнершілер орталығы, «Хан мен билер» орталығы, қонақ жайлар, кафе, мейрамхана, демалыс орындары, бірқатар әлеуметтік нысандар жобаланған. Сонымен қатар археологиялық қазба жұмыстарын жүргізе отырып, тарихи қабаттарды қалпына келтіріп, археологиялық саябақ ұйымдастыру жоспарлануда. 2-кезең 9,8 гектар аумақты қамтып, 116 жеке тұрғын үй, 7 кәсіпкерлік мақсаттағы нысан орналасқан. Бұл аумақта «Түркі әлемі» кешені, қонақ жайлар, кафе, мейрамхана, 2-3 қабатты тұрғын үйлер, бірқатар әлеуметтік нысандар, Түйте каналының бойына тарихи-мәдени ескерткіштердің шағын макеттері орналасқан саябақ салынатын болады. Жобаны іске асыру үшін абаттандыруға жергілікті бюджеттен – 372 миллион теңге, инфрақұрылымын дамытуға – 650 миллион теңге, инвесторлар есебінен салынатын нысандарға шамамен 17,5 миллиард теңге тартылады, – деді қала әкімі.
Есепті жиында шаһар басшысы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен оның нәтижелеріне де тоқталды.
– «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» бағдарламаларының аясында 1632 жобаға 61,3 миллиард теңге бөлінді. Кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2021 жылы субсидия тетігі бойынша Тараз қаласында 12 миллиард 276,1 миллион теңгеге 838 жоба қаржыландырылды.
«Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» тетігі аясында 5 миллиард 391,1 миллион теңгеге 732 жоба кепілдендірілді. «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасымен 43 миллиард 133,6 миллион теңгені құрайтын 17 жоба жанданды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде болса, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 36 адамға шағын несие беруге 316,1 миллион теңге қарастырылып, 39 азаматқа 418,5 миллион теңге шағын несие берілді. Жоспардан бөлек, реинвест есебінен 6 адам 59 миллион теңгеге несиелендірілді. Республикалық бюджеттен 502 адамға 291,7 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру жоспарланып, қаржы толық игерілді, – деді Ержан Жұматұлы.
Сонымен қатар Ержан Жылқыбаев тұрғындар тарапынан ең көп көтерілетін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мәселесін шешуге де барынша күш салып жатқандығын мәлімдеді.
– Республикадан, Ұлттық қордан және облыстық бюджеттен бөлінген 23 миллиард теңге Тараз жұртшылығының бірқатар өзекті мәселелерін шешуге септігін тигізді. Әрине, барлық мәселені бір жылдың ішінде шешіп тастау мүмкін емес. Сол себепті біз қаладағы инженерлік-коммуникациялық жүйелерді жаңарту, тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, ирригация желілері мен жылдар бойы елеусіз қалып қалған көше жолдарын жөндеу бойынша 2021-2023 жылдарға арналған 3 жылдық өңірлік даму бағдарламасын әзірледік. Аталған жоспарға сәйкес, 89 нысанда су, кәріз жүйелерін жөндеу, 156 көше мен 151 көпқабатты тұрғын үй аулаларын сыртқы жарықтандыру, 27 көшедегі 38,2 шақырым лоток жүйелерін ауыстыру, 6 канал арнасын тазалау және 241 аула алаңшаларын абаттандыру жұмыстары жоспарлануда. Осы бағдарлама аясында біз ағымдағы жылы 10 көшенің су құбыры жүйелерін жөндедік. Сондай-ақ қаладағы ұзындығы 44,4 шақырым жол және 12,5 шақырым шағал жол орташа жөндеуден өткізілуде. Бүгінде 17 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталса, 8 нысанда жұмыстар жалғасуда.
Бұдан бөлек, «Құмшағал», «Шөлдала» шағын аудандары мен 28 саяжай алқабын, «Шалғай Қарасу» 1,2,3,4,5,6,7 тұрғын алқаптарын электрмен жабдықтау құрылысы, «Көктем» тұрғын алқабына газ тарату желісінің 2-ші кезеңі, Абай даңғылының бойындағы Тастандиев көшесінен бастап Майқы би көшесіне дейінгі, Ы.Дүкенұлы көшесінің бойындағы су сорғыш станциясынан бастап Элеваторная көшесіне дейінгі су құбырларын қайта жаңғырту жобалары да іске асырылуда. Өткен жылдан өтпелі «Қарасу» алқабындағы сумен қамту нысаны тамыз айында пайдалануға берілсе, жыл аяғына дейін газ және электрмен қамту жұмыстарының аяқталуы күтілуде. Сондай-ақ 2021 жылы «Қант зауыты», «Кірпіш зауыты» тұрғын алқаптарында газдандыру жұмыстары басталып, жоспарлы тірлік тетігін табуда.
Тағы бір қуанышты хабар, 2005 жылдан бастап тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұрған 1460 азаматқа «Қарасу» алқабынан инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылған жер учаскелерін беруді бастадық, – деді қала әкімі.
Ержан Жұматұлы есепті баяндамасында қала құрылысы мен шаһардың келбеттік сәулетін жақсарту бағытында жасалған жұмыстарды да назардан тыс қалдырған жоқ. Оның сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылы 135 нысанның құрылысына 24,2 миллиард теңге бөлінсе, 37 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде бүгінгі таңға 21 тұрғын үйден 1091 пәтер пайдалануға берілген.
Бұдан бөлек, қала көшелерінің бойында орналасқан ғимараттардың қасбеттерін, коммерциялық нысандар мен сауда павильондары «Дизайн кодқа» сәйкес безендірілуде. 10 үйдің қабырғасына муралдар салынып, 5 көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбеттерін сырлау жұмыстары жүргізіліп отыр. Тұрғын үй қорын жаңғырту аясында 2,7 миллиард теңгеге 57 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Транспорттық инфрақұрылым нысандары бойынша 72,6 миллион теңгеге 30 аялдаманы жаңадан орнату және бұрыннан бар 30 аялдаманың негізін төсеу жұмыстары жоспарланып, заманауи аялдамалар орнатылған. 14 миллион теңгеге қаладағы саябақтар мен скверлерге және қала көшелерінің бойына 257 урна мен қоқыс жинайтын 100 контейнер қойылған. 14 ауланы абаттандыру жұмыстарына құны 265,4 миллион теңгеге 3 мердігер мекемемен келісімшарт жасалып, бүгінде жұмыстар аяқталу үстінде.
Қаладағы базарларды ретке келтіру жұмыстары да қолға алынып, «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы «Зарина», «Гауһар» сауда орталықтарының маңында орналасқан бутиктер алынып тасталған. Мұндағы саудагерлерге «Айрылмас» және «Жібек жолы» базарларынан орындар берілген.
Есепті кезеңде атқарылған осындай жұмыстарды баян еткен қала әкімі әлеуметтік сала мен бұқарамен кері байланыс бағытындағы тындырымды тірлікті тілге тиек етті. Және бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін жүйелі жалғасын табатындығын жеткізді.
Баяндамашыны мұқият тыңдаған Бердібек Машбекұлы кейбір салалар бойынша кенжелеп тұрған тұстарды айтып, олқылықтардың орнын толтыру бағытындағы нақты тапсырмаларын берді.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.