Атырау облысында қорадан үш баланың мәйіті табылды
Қазіргі таңда балалардың сүйегі сот-медициналық сараптамаға жөнелтілді
Атырау облысында қорада болған өрттен үш баланың сүйегі табылды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 5 қазан күні кешкі сағат жеті шамасында Махамбет ауданындағы Ортақшыл ауылында болған.
Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменті мәліметіне сәйкес, Ж. Жаскеленов көшесі, 23 үйдің шөп қорасынан өрт шыққандығы туралы хабар кешкі сағат 19.27 шамасында түскен. Кейін шөп қораның бұрышынан үш жас баланың сүйегі табылған.
Қазіргі таңда балалардың сүйегі сот-медициналық сараптамаға жөнелтілді.
Атырау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, сүйегі табылған балалар 2012, 2014 жылдары туылған И. М., Н.Б., Р.С. есімді балалар болуы мүмкін деген болжам бар.
Себебі, 5 қазан күні 21.40 шамасында Махамбет аудандық полиция бөліміне 2012, 2014 жылы туылған балалардың ойнауға шығып кетіп, үйге оралмағандығы туралы хабар түскен.