Үкімет тарапынан Жамбыл облысына күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 9 815 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген. Оның 2 665 тоннасы шілде айына, 2 990 тоннасы тамызға, 2665 тоннасы қыркүйек айына, қалғаны қазанға тиесілі. Энергетика министрлігі мұның тоннасын босату құнын 189 000 теңгеге бекітті. Өңірдегі 12 оператор арқылы шаруашылықтарға үлестіру бағасы литріне 168-170 теңгеден айналуда. Бұл нарықтағы бағамен салыстырғанда 15%-ға арзан,әлбетте шаруашылықтар үшін қолайлы,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев ӨКҚ баспасөз брифингінде мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда облысқа жанармайдың 5 305 тоннасы жеткізіліп,4279 тоннасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне таратылған. Ал шаруалар тарапынан түскен өтініштер саны – 569.
«Биылғы қыркүйек айына бөлінген 2665 тонна дизельдік отынға операторлар тарапынан толық қаржы аударылған. Алайда, еліміздегі жанар-жағармай тапшылығына байланысты дизель отыны уақытынан кешігіп жеткізілуде, бүгінде толық көлем мұнай өңдеу зауытынан шығып, аймаққа жөнелтілді», – деді Ерлан Елібайұлы.
Ол күзгі дала жұмыстарынан бөлек, қосымша мал азығын және шөп жинауға 3500 тонна кепілдендірілген жанармай бөлінген де айтты. Алайда, жеткізуші оператор ретінде белгіленген компаниялардың бірі – «Новая АЗС» ЖШС бекітілген босату бағасымен келіспей, Т.Рысқұлов ауданына тарататын «Wedo Energy» ЖШС-мен (1000 тоннаға), Шу ауданына тарататын «Шу мұнай өнімдері» ЖШС-мен (240 тоннаға) келісім-шартқа отырмаған. Бұл аталған аудандарда жанармай тапшылығын тудыруда.
«Бұл мәселені шешу үшін Энергетика министрлігі мен «Новая АЗС» ЖШС-на хат жолданған болатын.Ауыл шаруашылығы министріне де Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Н. Нұржігітовтың атынан хат жіберілді. Әзірге ешқандай ресми жауап жоқ», – деп атап өтті спикер.
Айта кетерлігі, Жамбыл облысындағы көктемгі дала жұмыстарына Үкімет тарапынан 11 573 тонна кепілді дизель отыны бөлінген болатын. Энергетика министрлігі бұл жанармайды мұнай өңдеу зауытынан тоннасын босату бағасын 174 000 теңгеге бекітті. Оны ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тарату үшін арнайы комиссия құрылып, өңірдегі 10 ауданға 12 таратушы оператор анықталды. Олар дизель отынын шаруашылықтарға арзандатылған түрде, 158-160 теңгеден үлестірді. Бұл нарықтағы бағадан 20 %-ға арзан. Сондықтан да ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көктемгі дала жұмыстарын жүргізуде үлкен көмек болды.
Жанармайдың аймаққа жеткізілгені – 10 803,8 тонна, шаруашылықтарға таратылғаны – 7 827,7 тонна. Өтінім берген шаруашылықтар саны – 1 263. Жуалы, Сарысу аудандары бөлінген көлемді толық игерген екен. Ал Байзақ, Жамбыл, Меркі аудандарының көрсеткіштері 70 %-ға жетпейді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі