Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алманың төрт сұрпынан 300 тонна өнім алмақ

0 487

Бүгін аудан әкімі Сәкен Арубаев пен орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы Аса ауылдық округіне қарасты «Altyn Alma» ауылдық кооперативінің 50 гектар алма бағына барды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Кооператив төрағасы Ұлбала Құлыбекова алма өсірумен 3 жылдан бері айналысуда.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай алма бақты тамшылатып суарамыз. Қондырғы насос үлкен үш бассейіндегі суды 27 мың алма ағашына жеткізеді. Қазір жиын-терімнің нағыз қызған шағы. Мұнда күндік ақыға 55 жұмысшы жұмылдырып отырмыз. Әр азаматқа 5 мың теңге төлейміз. Арнайы 2 жүк артатын техника алқапта тыным таппай жүр. Биыл 300 тонна алманы шығынсыз жинап алатынымызға сенімдімін. Саудаға Польша мемлекетінен әкелінген алманың чемпион, голден, бребер, гала сұрыптарын шығарамыз. Ал өнімді өткеру оңайға соқпайды. Алма келісі 150 тг ден кем емес, – дейді кооператив төрағасы.

Алма бақтағы аста-төк өнімдерді көрген өңір басшысы:
– Нағыз еңбектің бел ортасында жүріп, тірліктің тінін жалғай білген өзіңіздей еңбекқор жандар көбейе берсін. Алманың тауарлы түрі мен дәмді екені байқалады. Саудаға өткеру мәселеңізді кәсіпкерлік бөліміне тапсырамын, – деді Сәкен Қаланұлы.

– Жалпы, өңірде алма бақты жайқалтып, өнім алып отырған шаруалар бар. Олар Ақбұлым, Ақбастау, Аса ауылдарына тиесілі, – дейді ауылшаруашылығы саласының ардагері Аманалы Құрбанов.

Аудан әкімімен бірге Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов, аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самат Жарасбаев бірге жүрді.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.