Қалалық қоғамдық-саяси газет

Байзақтағы жарылыс: Не өзгерді? Кімдерге көмек көрсетілді?

0 263

Жамбылдағы жарылыстан айдан астам уақыт өтті. Осы мерзім ішінде елді мекенде не өзгеріп, апат салдарын жою бағытында қандай жұмыстар атқарылды? Бұқараның базынасына билік құлақ асып, қаза тапқандардың жақындары мен жаралыларға өз деңгейінде көмек көрсетілді ме? Міне, осы сауалдарға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте жауап беріп, бүгінгі таңға атқарылған жұмыстарды баян етті,-деп хабарлайды » Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі .

Аймақ басшысының сөзіне сүйенсек, жарылыс орын алғаннан кейін құрылған штаб өз жұмысын жалғастыруда. Қазір бес жұмысшы тобы бес бағытта жұмыс жасап жатыр екен.

-Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыстан 17 адам қаза тауып, бір сарбаз әлі күнге табылмай жатыр. Десе де оны іздеу жұмыстары бір сәтке де тоқтаған емес.
Қаза тапқандардың жақындарына ең әуелі жерлеу үшін Бірыңғай зейнетақы қорынан қаржы берілді. Бүгінгі күнге 15 жанұяға төленіп, 2-нің штажы мен төлемі белгіленген межеге жетпеді. Төленген соманың құны – 13 мың мен 152 мың теңгенің аралығында.
Екіншіден асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін әлеуметтік төлемақы есебінен 76 мың мен 262 мың теңге аралығында белгіленді. Төлемдер қазан айынан бастап төлене бастайды.
Үшіншіден әскерилерге қатысты заңға сәйкес, соңғы бес жылдағы жалақысы әлеуметтік төлем ретінде берілетін болды. Бұл сома – 7 миллион мен 23 миллион теңге аралығын құрады.

Бұдан бөлек республикалық қазынадан 10 миллион, жергілікті бюджеттен 5 миллион теңге қайтыс болған азаматтардың жақындарына көмек ретінде тапсырылды. Тағы бір айта кетерлігі, 17 азаматтың жанұясының жағдайы толықтай зерделеніп, екінші деңгейлі банктердегі 47 несиесі кешірілді. Сондай-ақ марқұмдардың жұмыссыз туыстарын қызметпен қамтып, қазір қалған алты азаматты жұмысқа тұрғызу жұмыстары жүріп жатыр, – деді облыс әкімі.
Брифингте Бердібек Машбекұлы жарылыстан зардап шеккен нысандарды қайта қалпына келтіру бағытында жасалып жатқан жұмыстарды да баян етті.
-Апаттан 176 нысан, оның ішінде 159 тұрғын үй зақымданды. 35 баспана күрделі жөндеуді қажет етсе, қалғандарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2 мектеп пен 1 медициналық пунк қайта қалпына келтірілсе, бір мектептің орнына жаңа оқу орны тұрғызылуда. Бұдан бөлек 2 шақырым жол жөндеуден өтіп, күрделі жөндеуді қажет еткен 35 үйдің құрылысы қазан айында толықтай бітеді деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарына демеушілер 150 миллион теңге көлемінде көмек көрсетсе, қосымша резервтен 1 миллирд 200 миллион теңге тағы бөлінді. Міне, осы қаржыға 12 құрылыс компанияның 180 адамы мен 22 техникасы күн-түн демей еңбек етуде , – деген өңір басшысы жаралыларға жасалып жатқан жағдайдан да хабардар етті.
– Жарылыс кезінде барлығы 87 адам жарақат алды. Оларға 291 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Үйлері қираған тұрғындарды біз қалауларына қарай уақытша шатырмен қамтып, күн суытқан тұста жылы киімдермен қамтыдық. Жарылыс аумағында болған үйлердің барлығының балалары мектепке барып жүр. Сондықтан қазіргі таңда еш қиындықтар туындап тұрған жоқ, – деді Б.Сапарбаев.

Брифинг барысында журналистер тарапынан жарылыстың себебі мен жауаптылар қашан анықталады деген сауалға облыс әкімі қазір арнайы тексеріс жүргізіліп жатқанын, соның қорытындысында барлық жағдайдың анық-қанығы айтылатындығын жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.