Кеше Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Дизайн және тоқыма» бөлімінің ұйымдастыруымен «Талантты тұлғалардың өмір жолы» тақырыбында кездесу кеші өтті. Жас буынды шығармашыл жерлес тұлғалардың ғұмыр жолымен таныстырып, оларға патриоттық тәрбие беріп, адамгершілікке баулуды мақсат еткен шараға ҚР Суретшілер одағының мүшесі, қылқалам шебері Қазым Аманқосов, белгілі қолөнерші Тамара Кузембаева, Мәдениет саласының үздігі, музыкант, әнші-термеші Маралбек Бабақұлов және «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дәулет Төленді қатысты.
Шарада сөз алған қонақтар өз шығармашылықтарының қыр-сыры хақында кеңінен әңгімелеп, өмір белестерінен сыр шертті.
– Адам баласының өнерге деген қызығушылығы мен ынтасы жас кезінен басталады. Әрі балаң шақтағы күш-қуатты өзің қалаған мамандыққа аямай жұмсай білсең, қартайғанда жемісін көресің. Мәселен, өз басым жастық шағымда ойымдағы дүниені еш ойланбастан қағазға түсіре беретінмін. Қазір ақыл толысқан соң, бір суретті салмас бұрын жүз ойланып, мың толғанып, оның нобайын әуелі санаңда пісіріп барып қана жарыққа шығарамын. Бұл дегеніміз жас кезінде шабыттың тасып тұратындығын көрсетеді. Жастық шақ – адамның басындағы бағы. Сондықтан оны әрдайым бағалап, тек жақсы нәрсеге ғана жұмсаңдар, – деді Қазым Аманқосов.
Өз кезегінде сөз алған Дәулет Төлендіұлы бүгінгідей бәсекелестік заманында қай салада болмасын жаңашылдыққа бет бұрып, дәуір көшінен қалмау қажеттігін айтты. Өзге де қонақтар орамды ойларын ортаға салып, мазмұнды әңгіменің тиегін ағытты. Студенттер де көкейдегі сауалдарын жолдап, еркін пікір алмасты.
Құрмаш Қаптағай