Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бүгін – Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкейдің туған күні

0 364

  Бүгін, 28 қыркүйек күні қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан қаламгерлердің – Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкейдің туған күні. Алғашқы пьесаның авторы Мұхтар Омарханұлының туғанына 124, Алтайдың кербұғысы Оралхан Бөкейдің туғанына 78 жыл. Қазақтың Шер-ағасы – Шерхан Мұртазаның туғанына 89 жыл.

                                                                      Мұхтар Әуезов (1897 – 1961)

Мұхтар Омарханұлы бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысына қарасты Қасқабұлақ ауылында туған. Жасында Семейдегі медреседе, одан кейін бес сыныптық орыс мектебінде, 1915–1919 жылдары мұғалімдер семинариясында білім алған. 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде «Еңлік–Кебек» пьесасын жазады. Яғни төл әдебиетіміздегі алғашқы пьесаның авторы – Мұхтар Әуезов.

Қаламгер осы пьесасынан кейін «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты. Сол жылдарда Семейде, Орынборда әр түрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, басқа да белгілі әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен жақындасады. «Абай» журналын шығаруға атсалысады.

«Оян, қазақ» деп ұран тастаған қозғалыс, олардың демократиялық идеялары Әуезовтің өмірлік мақсат нысанасын белгілеуіне тірек болды. Алашорда қайраткерлері өкімет орындарынан, ресми саясаттан ығыстырыла бастаған соң, 1923 жылдан бастап көркем әдебиет саласына бар күш-қуатын жұмсап, өнімді еңбек етуге кіріседі.

 

                                                                      Оралхан Бөкей (1943-1993)

Ал «Алтайдың кербұғысы» атанған Оралхан Бөкей тірі болса, бүгін 78 жасқа толар еді. Алтайдың көркем бейнесін туындыларына арқау еткен саналы ғұмырында көркем суреткер Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда Оралхан «…ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүйікті, ең сүлей суреткерлерінің бірі ретінде…» ел есінде қалды.

Қолына қалам алғаннан-ақ өзі дүниеге келген Өр Алтайдың көркемдігін сынын бермес сырлы сөзбен өрнектеді. Оның күрделі әрі мағынасы терең тіркестері әсте көп жазушыларда қайталана бермейді. «Оралхан не жазса да, қанымен, жанымен жазушы еді. Және қай жанрда жазбасын олардың бір де бірі қаламдастар мен қалың қауым назарынан тыс қалмайтын. Оралхан бір оқылатын жазушы емес. Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі  суреткер», – дейді Оралхан жайлы жазушы Дулат Исабеков.

                                                                          Шерхан Мұртаза (1932-2018) 

Халқы «Шер-аға» деп білетін Шерхан Мұртазаның өмірден өткеніне үш жылға жуықтап қалды. Тірі болса жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы бүгін 89 жасқа толар еді.

Бір күнде туған Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкейдің ағалық-інілік сыйластығы барша қазаққа үлгі бола алады. Қазақтың шоқтығы биік жазушыларының сыйластығы қаншалықты ыстық болғанын Шерхан Мұртаза алпыс жасқа толған кезде Оралхан Бөкейдің жазған мына бір екі абзац хатынан-ақ аңғаруға болады.

«Аға! Мен сізді ешқашан аты-жөніңізбен атаған емеспін. Ең алғаш көргеннен бастап «Аға» деп амандастым және сол 1967 жылдан бері туған ағадай шыншыл көңілмен сыйлап, құрмет тұтып келемін. Бәлкім, осынау алды мен арты айырбастала беретін алдамшы өмірде, сынаптай толқыған әрі айнығыш заманда туған ағайынымен де ат құйрығын кесісердей дүрдараздық болар да, бірақ Сіз бен біздің арамызда ширек ғасырдан бері ағалық-інілік жарастыққа жарықшақ түскен жоқ (тіл-көзден сақтасын). Мен Сізді, Аға, жаһандағы жалғыз ұстазым деп, жар сала айтудан ұялмас едім, әрі осының өзін мақтан тұтар едім.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.