Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Тастар, моншақтар, ақ бүркеншек тіл мен көз сұғынан сақтайды»: Этнограф мамандар сәукеленің мәні мен бас киімнің маңызы жайлы айтты

0 570

Жақында қазақстандық дизайнердің 3D принтерде басып шығарылған ерекше сәукеле түрі желі қолданушылары тарапынан талқыға түсті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап. Қазақстандықтардың кейбірі дизайнерге қатысты қазақтың салиқалы бас киімінің мағынасын түсінбеген деп, назын білдірді. Қазақтың бас киім түрлері жайлы не білеміз, оларды киюдің әдебі қандай? Қыз баласының жасауына кірген сәукеленің мәні неде?

Қазақ ежелден бас киімге үлкен жауапкершілікпен қараған. Оған қатысты мифологиялық түсінік, ырымдар да жиі кездеседі. Ертеден бас киім қасиетті саналып, оны айырбастап, аяқасты етуге тыйым салынған. Ал жақсы кісілердің бас киімдері ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде қалып отырған.

Жақында желіде қазақстандық дизайнер Ниса Кинжалина өз үйлену тойына 3D принтерде басып шығарылған ерекше сәукеленің түрін жасап шықты. Желі қолданушыларының кейбірі отандасымыздың бұл әрекетіне заманауи тренд деп бағаласа, енді бірі сәукеленің негізі құндылығына кереғар деп бағалады.

Этнограф маман Бибизия Қалшабаева жаңа форматтағы сәукелеге қатысты өз пікірін білдірді. Айтуынша, бұл туындыда ұлттық калорит жетіспейді.

“Сәукеле деп аталғанымен, ұлттық калорит жоқ сияқты. Сәукеленің формасы бар, бірақ ұлттық элемент жетіспейді. Сондықтан көзіме әдемі болып көрініп тұрған жоқ. Тек желекті жақсы жасаған. Мүмкін қазіргі жаһандану дәуіріндегі жастардың талғамына келетін шығар. Алайда дәстүрлі мәдениетті жақтайтын адамдарға аса қонымды емес”, – дейді маман.

Қазақ мәдениетіндегі бас киімдердің орны мен сәукеленің жасалуы, киілу әдебі, ертедегі сәукеле түрлері жайлы мамандар деректерін ұсынамыз.

Қазақ халқындағы әйел мен ерлерге арналған бас киім түрлері 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультеті, археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы Бибизия Кенжебекқызы Қалшабаева қазақ дәстүрлі мәдениетінде бас киімнің, оның ішінде ерлер бас киімінің орны ерекше екенін айтады. Себебі қазақ ежелден “бас киім – бағың” деп есептеген.

“Бас киімді жерге тастамай төрге ілу не жоғарыға қою, теппеу, лақтырмау, баспау сияқты тиымдар қазірге дейін сақталып отыр. Бас киімнің сонау ертеден сақ дәуірінен бері киелі саналғандығы жөнінде көптеген зерттеуші өз еңбектерінде жазады. Соның бірі суретші, дизайнер, қазақтың бас киімін зерттеп жүрген М. Жұмағұловты мысалға келтіруге болады.

Бас киімге қарап адамның әлеуметтік орнын, жағдайын білуге де болады. Оған әртүрлі сәндік бұйымдар тағады, бұл бір жағынан тіл көзден сақтасын деген ырымнан туындаған. Сәукелеге тағылған әртүрлі тастар, моншақтар, ақ бүркеншек тіл мен көз сұғынан сақтайды деген ырым бар”, – дейді”, – дейді этнограф.

Бас киім жас ерекшелігіне қарай да бөлінеді, дейді Бибизия Қалшабаева.

“Қазақ бас киімін ерлер бас киіміәйелдер бас киімі деп бөлуге болады. Ерлер бас киіміне: мұрақ, түлкі тымақ, жалбағай, далбай, бөрік, тақия, т.б. жергілікті атауларына қарай да әртүрлі атала береді.

Мұрақ хан сұлтандардың, жалпы ақсүйектердің бас киімі саналған. Оны айыр қалпақ деп те атайды, себебі екі жағы айыр болып, екі жағы қошқар мүйізденіп келген. Ол қымбат матадан тігіліп, сыртынан қымбат жібек жіптермен не алтындаған, күмістеген жіптермен зерделеніп әсемделіп тігіледі. Мұрақты шошақ қалпақтың сыртынан киген, алтындалған жіптермен зерленген бұл бас киім жиындарда кім келгенін білдіреді”, – дейді маман.

Этнографтың айтуынша, қазіргі кезеңде бұл бас киім үлгілері қолданыста көп кездеспейді. Маман ерлерге арналған бас киім түрлері жайлы былай дейді:

Бөріктің өзін тігілген материалына қарай құндыз бөрік, пұшпақ бөрік т.б. деп бөлген. Оның төбесі дөңгелек пішінді, жиегі әртүрлі терілермен (құндыз, түлкі, т.б.) көмкерілген, төбесі шошақтау болып келеді. Бас киімнің бұл түрін жас жеткіншектен бастап, сән қуған 30-35 жасқа дейінгі ер адамдар да киген. Әсіресе, елдегі сал серілер, ақын, жыршы, әншілер төбесіне үкі таққан бөріктерді киген, үкілі бөрік тіл көзден сақтану үшін киілген.

Тымақтың пішіні қазіргі құлақшындарға келеді, түлкіден, ақ киізден жасалып, қара барқытпен әрленеді. Түлкі тымақ түлкі терісімен маңдай тұсын, екі жанын артқы тұсын жауып тұрады. Оның аймақтық ерекшелігіне қарай пішілу үлгісі де әрқалай болып келеді, сондықтан халық арасында «арғын тымақ», «үйсін тымақ», «найман тымақ» деген түрлері де бар.

Қазіргі кезеңде бас киімнің бұл түрі де Қазақстанның көптеген жерінде, әсіресе, мал шаруашылығындағы қазақтарда сақталған. Ал Монғолия қазақтарының қариялары бас киімнің бұл түрін той-томалақтарда сәндік үшін де киіп келіп жүргенін көзіміз көріп жүр.

Қазақ ерлерінің күнделікті үй тұрмысында киілетін бас киім түрі – қалпақ. Оны көбіне күзем жүні мен ешкінің ақ түбітін қосып әбден пісіріп басқан жұқа ақ киізден тігіледі.

Тақия күзгі, қысқы бас киімнің астынан киетін қатты матадан тігіледі. Оны жасөспірімнен бастап, қарияларға дейін киетін болған.

Төбесі төрт сай болып, етегі аласа, кестелі шошақ тақиялар оңтүстікте кездессе, аласа етекті, төбесі киіз үй сияқты тақияларды орта жүзде, ал, жалпақ төбелі етегі биік тақиялар кіші жүзде көбірек кездеседі. Ер адамдар үйде отырғанда жалаңбас отырмай, тақиямен отырады.

Ерлердің көрсетілген бас киімдерінен басқа қалпақ, дулыға, күләпара, т.б түрлері де болған. Қалпақ киізден жасалынған, ол жазда ыстықты өткізбейді. Оның қымбат матадан зерленіп жасалған түрлері де болады. Ал дулыға батырлардың киетін әшекейлі бас киімі.

Бибизия Қалшабаева жас қыздардың бас киімдеріне: үкілі тақия, бөрік, ұмытылып кеткен қасаба, сәукеле, жаулық, кимешекті жатқызады.

“Ұмытылған қасабаны қазақ халқына қайта қауыштырған этнограф, қоғам қайраткері Ө.Жәнібековтің еңбегі ерекше.

Қасаба көне түркі, қыпшақ бас киімінен келеді. Ол тақиядан биіктеу, арт жағында әйел бұрымын жауып тұратын желегі болады. Жаулықты орау, не кимешектің пішімінде, оны киюде аймақтық ерекшеліктер бар. Ол көкіректі түгел жауып тұратын тұтас ақ матадан тігіліп, бет жағы ойылып, жағы, өңірі оқаланып кестеленеді. Төбесіне шылауыш не күндік сияқты ақ мата оралады. Мәселен, кимешектің биік етіп орауы көбіне батыс облыста кездеседі. Сол сияқты қыздардың бас киімінде тақиядан басқа қыздар кепеші, сораба,  бас киімі, әйелдерде жырға, т.б. бас киім түрлері бар”, – дейді маман.

Сәукеле сөзінің шығу тегі мен мағынасы

Бибизия Калшабаева сәукеле сөзінің шығу тегіне байланысты әртүрлі дерек бар екенін алға тартады.

“Күйеу мен қалыңдық алдынан шыққан ауыл жастары алыстан келе жатқан қалыңдықтың алдымен күн сәулесіне асыл тастары жарқыраған сәукелесін байқап, ұры-қары, қарақшыларға ұрынбай «сау келеді» десіп ауылға хабар берген. Осы сөзден шықты десе, енді біреулер бұл бас киім үлгісі сонау сақ заманынан келе жатқандықтан сақ атауымен де байланыстырады”, – дейді ол.

Этнограф, мәдениеттанушы Досымбек Қатыран түркі халықтарында бұл сөз әртүрлі аталады, дейді.

““Сәукелә”, “чокилә” деп атап жатады. Яғни шоқиған, шошақ дегенді білдіреді. Сәукеле – әлеуметтік мәртебені білдіретін бас киім түрі. Ол адамның ерекше екенін білдіріп тұрады. “Шошайған бөрік” деген мағынаға саяды”, – дейді маман.

Сәукелені аристократиялық деп бағалауымызға бола ма?

“Сәукеле қыз жасауының құрамдас бір бөлігі. Ол аса бағалы, құнды болғандықтан қазақтар өзінің әл-ауқатына қарай жасатқан. Этнографиялық деректерде оны 5-тен 25-ке дейін жылқы құны жұмсалатын десе, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбегінде Байсақал байдың қызына арнап тіктірген сәукелесін Кенесарының ағасы Саржан төре 500 жылқыға теңеген делінеді, ал Х.Арғынбаев та өзінің «Қазақ халқындағы семья мен неке» деген еңбегінде сәукеленің құны 25 жылқы болғандығы жөнінде мәлімдейді.

Осыған қарап, сәукеле қалыңдықтың әлеуметтік жағдайын көрсетеді. Сәукеленің биіктігіне қарай бағалық әшекейлердің көп болатындығы белгілі, сондықтан ондай сәукелелердің де құны қымбат болады.  Әрине бұл бас киім қазақ халқының байлығы мен сән-салтанатының үлгісі, сондықтан осындай құнмен кез келген қазақ жасата алмайды”, – дейді Бибизия Қалшабаева.

“Қарапайым адамдарға қолжетімді болған. Шығынның бәрі қалың малдан алынған, кейде тіпті жасаулар қалың мал құнынан асып кететін жағдайлар болған. Қанша қалың мал төленсе, соншалықты жасау да беріледі. Жасаудың қымбаты сәукеле болып саналады. Қазақтың алыс-беріске мән беретіні осыдан кеп туындайды”, – дейді Досымбек Қатыран.

Сәукелені қазақтар қайдан, қалай тіктіретін болған?

Досымбек Қатыран сәукеленің жасалуы бірнеше кәсіп иесінің қатысуымен өткенін айтады. Зергер сәукелеге әшекей, бейнелерді әзірлеп береді. Шошақ болып келетін киізді сыртын қаптап, одан кейін әшейлер жапсырылады.

“Сәукелені қолынан іс келетін ісмер, шеберлер тігеді. Мұнда да сәукеле тігетін шеберлердің де ауқатты, балалы шағалы, өнегелі отанасы екендігі ескерілген. Баласы жоқ әйелдерді жолатпаған”, – дейді Бибизия Қалшабаева.

Сәукелені басқа біреумен, тіпті туысыңмен айырбастауға немесе басқа адамға киюге беруге бола ма?

Этнограф, тарихшы Бибизия Қалшабаева тек сәукеле ғана емес, бас киімді ауыстыруға, біреуге беруге болмайды, дейді.

“Бас киіммен бірге бағың кетеді деп жатады. Сәукелені той өткен соң іліп қойып, оның орнына үй шаруасымен айналысатындықтан желек киген. Сәукеленің өзі бір кіші отау тәріздес, сондықтан ел арасында біреуге бермейтін себебі, отауың бұзылмасын да деген ырым болса керек”, – дейді ол.

Сәукелені қыз ұзытылып кеткен соң қанша уақыт киген және ол өмір бойына сол отбасында сақталған ба? 

Балалы болғанға дейін жас келін бір жылға дейін сәукелені туыс-туғанға киіп барып жүреді. Осылайша, қыздың жаңа түскен келін екенін білетін болған.

“Сәукеле – жас келін екенін білдіретін статус. Беташар өткен соң, сол ауылдың келіні болды. Содан соң “жолын берсін” деген ниетпен қайын сіңлісіне, өзі түскен отбасындағы жас қыздарға береді.

Беташардың мәні қызды “өлтіріп тірілту” деген символдық мәнге ие нәрсе. О дүниелік кісінің беті ашылмайды, ал мұнда жырмен арнайы айтылып беті ашылады. Оның мәні өмірге қайта келумен теңестіріледі. Келін қай жерге түссе сол жердің адамы болып кетеді. Осыдан келіп туатын нәрсе әмеңгерлік салт. Ерден кетсе де, елден кетпейді. Сол елге келген адам сол елде қалады. Сондықтан сәукелені де осы жерде қалдырады”, – дейді Досымбек Қатыран.

Бибизия Қалшабаева арулар сәукелесін қыздарына мұра ретінде қалдыра алатын, дейді.

“Байқағанымыз кейбір жазбаларда бір ақ рет киген деген мәліметтер кездеседі. Негізі жас келін үй шаруасында сәукелені төрге іліп, желегін кисе, ал той-думандарда сәукелесін жоғарыда айтқандай екі бала туғанға дейін киетін болған. Сәукеле сандыққа салынып сақталып, қызына мұралықпен бере алатын болған”, – дейді Бибизия Қалшабаева.

Бұрынғы замандағы және қазіргі уақыттағы сәукеле айырмашылығы

Сәукеленің биіктігі жарты метрден артық болған. Есік алдына келіп ұзатылған қыз иілгенде сәукеленің ұшы ошаққа жетейін деп тұрады. Сәукеленің биік болуының себебі қарапайым адамдардан өзгешеленіп тұруында, дейді мәдениеттанушы Досымбек Қатыран.

“Сәукеленің жасалуы үш әлемге қатысты. Жоғарыда тұратындар басынан буынады, ортада тұратындар ортасынан буынады, жер астында тұратын тіршілік иелері аяғынан буынады. Адамдар орта әлемде орналасқандықтан белден буынады екен мыс деген пікір бар. Сәукеледе де осы көрініс байқалады. Жоғары жағында үкі, құстың бейнелері бар, ортаңғы жағында эмбрион, ұрық, ағаш, гүл, жапырақ сияқты нәрселер бейнеленген. Төменгі бөлігі, яки басқа киілетін жері су жәндіктері мен жануарларына қатысты: құндыз, сутышқан терісінен жасалып, жәндіктер бейнеленуі мүмкін. Үш әлемді бейнелеу арқылы келе жатқан адам өткенді, қазіргі уақытты, болашақты байланыстырып отырады деп саналған”, – дейді Досымбек Қатыран.

“Сәукеле ұзатылатын қызға арнай тігілетін, аса бағалы бас киім, пішіні жағынан сақ заманындағы биік, әрі сүйір төбелі салтанатты киімге ұқсайды. Кейбір этнографиялық зерттеулерде оның биіктігі 50-70 сантиметрге дейін жетеді, делінсе, кей зерттеулерде екі сүйем не одан да көп сүйем деп көрсетіледі. «Қазақтың этнографиялық категориялар ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедияның 5-томында сәукеленің құрылымын кереге, милық, төбе, тәж құлақбай және артқы бау деп бөледі”, –дейді Бибизия Қалшабаева.

Айтуынша, сәукеле құрылымының әрқайсысы жеке-жеке жасалынып, біріктіріледі.

“Сәукеленің негізін құрайтын сол керегесі арнайы жұқа етіліп басылған ақ киізден, не қатты болып тұру үшін қыл салынған сырылып тігілген матадан жасалынып, сырты қымбат әрі қалыңдау мақпал, барқыт, шұға, атлас маталармен қапталып, милығы бағалы бұлғын, құндыз аң терілермен жиектеліп, тәж, құлақбау оқамен оюланып, жібек жіптермен кестеленеді.

Төбесі, маңдай, құлақ тұстары алтын, күміс теңгелермен, әртүрлі моншақтармен, інжу, маржан тастармен, сырға тәріздес салпыншақ етіліп күмістен жасалынған әшекейлермен безендіріледі.

Сәукеленің арт жағынан жібек ақ матадан жамылғы не желек тігіледі. Сәукелеге тағылған үкі, құс қауырсыны бір жағынан тіл көзден сақтау үшін болса, екінші жағынан өмір ағашы бәйтеректің символы делініп, өсу, өркендеуді білдірсе, сәукеленің өзі жер кіндігі Көктөбенің символы делінеді аталған энциклопедияда”, – деп келтіреді маман деректерді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.