Қалалық қоғамдық-саяси газет

Оңай олжаға кенелгісі келетіндер көбейген

0 397

Соңғы кездері Шымкент қалалық Полиция департаменті таратқан ақпараттарды қарап отырсақ, тәртіп сақшылары негізінен алаяқтықпен және ұрлықпен күресіп жатқандай әсер қалдырады. Келіп түсетін ақпараттардың басым бөлігі алаяқтық. Әртүрлі жағдай бойынша алдап-арбап, ақшасын алып қойған деректер күн сайын түседі десек, жалған болмас. Кей кездері күніне 2-3 алаяқтық ақпаратты оқимыз. Сонда дейміз-ау, қылмыс әлемінде алдап-арбау алдыңғы қатарға шыққаны ма? Тіпті, адамдардың да оңай жерден олжалы болғысы келетіні таңдандырады,- деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Бір күнде ұқсас үш оқиға

Мәселен, жуырда ғана шым­кенттік полицейлер пәтер алып беремін деп алдап кеткен азамат­ты анықтады. Бұл жағдай 17 қыр­күйек күні болған. Тура осы күні алаяқтық бойынша 3 жағдай тір­келген. Еңбекші аудандық по­ли­ция бөліміне хабарласқан тұрғын бейтаныс азаматтың мемлекет тарапынан пәтер алып беремін деп 2 500 000 теңгесін алып, алдап кеткенін айтып шағым түсірген. Полицейлер күдіктіні тез арада тапты. Дәл осы күні тағы да түр­кістандық азамат Абай полиция бөліміне хабарласып, таныс аза­маттың мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіпкерлік ашу үшін бе­ріліп жатқан ақшаны алып бер­мек болғанын, оған сыйақы ре­тінде 140 мың теңге бергенін ай­тады. Алайда танысы уәдесінде тұрмай ұстатпай жүр. Тағы біреуі өзінің есепшотына ақша аудар­тып, көзбе-көз бой тасалаған. Белгісіз тұлға такси жүргізушісіне өзінің «Киви кошелек» есеп­шо­тына 20 000 теңге ақша салуын өтініп, мекенжайға келген сәтте қолма-қол беретінін айтып, кейін қашып кеткен. Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс шараларын жүргізу барысында бұл күдіктіні де анықтап, ұстады.

Бір қызығы, осыдан бір күн бұрын да алаяқтықтың әр түрі бойынша 3 оқиға тіркелген. Оның бірі белгісіз жан қала тұрғынының атынан 1 000 000 теңге несие алып, белгісіз бағытқа аударып жі­берген. Осы күні белгісіз жан банк қыз­меткерімін деп хабар­ласып, «сіздің атыңыздан біреулер рәсімдеп жатыр» деп алдап құ­пия­сөзін алып, депозитінде тұр­ған 1 200 000 теңгесін алып қойған.

Тағы бірі, белгісіз тұлға «Атау­лы әлеуметтік көмектен» қаражат шығарып беремін деп, 600 000 теңге ақшасын алып кеткен. Абай полиция бөлімінің тәртіп сақшы­лары күдіктіні ізін суытпай ұста­ған. Аталған қылмыстық оқиғалар 16-17 қыркүйекте болса, 15 қыр­күйек күні бір азамат полицияға хабарласып, танысының «Каспи голд» карточкасы мен дербес нөмірін бірге сұрап алып, мұның атынан 200 000 теңгеге шағын несие рәсімдегенін хабарлаған.

Несие рәсімдеу оңай болғаны ма?

Бұдан бөлек, Шымкент қала­сына қарасты Қаратау ауданының тұрғынына өзін газ қызметкерімін деп таныстырған белгісіз жан тұ­тынған газ ақысын төлеп беремін деп 110 мың теңгесін қолма-қол шешкізіп алған. Енді бірі, olx интернет қосымшасында саты­лымда тұрған ұялы телефонын сатып алмақ болып, ұялы теле­фонына келген хабарламаны сұрап алып, ондағы 100 000 теңге ақшасын басқа есепшотқа аударып алған.

Қарап отырсақ, өзгенің аты­нан оңай несие рәсімдейтіндер көбейген. Одан бөлек, алаяқтық қылмыстардың ішінде мемле­кеттік бағдарлама аясында беріліп жатқан жеңілдіктерді оңай жол­мен алу да жиі кездесіп тұр. Ха­лықтың осал тұсын білетін алаяқ­тар осы қадамға жиі баратынын байқадық. Мәселен, қала тұрғы­нына белгісіз азаматша «Атаме­кен» бағдарламасы арқылы қай­тарымсыз 580 000 теңге ақша алып беремін деп сеніміне кіріп, 200 000 теңге ақшасын алаяқтық жолмен алдап, алып кеткен. Дәл осындай жағдай тағы бір қала тұрғынының басында болған. Ол 580 000 қайтарымсыз ақша үшін 300 мың теңге берген. Сонда 580 мыңның жартысын әлдебіреудің қолына ұстатып, ал тиісті қаржы­ны алғанда оны қайда жұмсамақ? Түсініксіз жайттар…

Сан соғып қалған тағы бір қала тұрғыны белгісіз тұлғаның «Атаулы әлеуметтік көмектен» қаражат шығарып беремін деге­ніне сеніп, 900 000 теңгені, енді бірі 200 000 теңгесінен айырылған. Мемлекеттік жеңілдіктерді оңай олжалағысы келген тағы біреу алаяқтың қолына 450 мың тең­гесін беріп, оның үй алып беремін дегеніне сеніп қалған.

Қарап отырсаңыз, бұл біреудің алдап кеткен алаяқтығынан бө­лек, пара берумен тең. Мемлекет­тік жеңілдікті пара беру арқылы қолға түсіргісі келетіндерге де заң болуы тиіс. Олардың өздері де заң аясында жауап беруі керек емес пе? Сонда ғана алданушылар аяғын аңдап басар.

Оlx-тан есебін тауып үптейтіндер де бар

Алдап түсіремін деген жанға алаяқтықтың түрі көп екен ғой. Шым­кенттегі кәсіпкерлік ны­санға келген таныс емес тұлға, кәсіп­кердің сеніміне кіріп, құны 4 276 000 теңге тұратын ұн алып кеткен. Содан бері не ақшасын, не ұнын қайтара алмаған кәсіпкер поли­цияға шағым түсіреді. Енді бірі кө­лік әперемін деп 1 200 000 тең­­гені жымқырса, olx жарна­ма­сында тұрған балалар әткеншегін ала­мын деген азаматша телефо­ны­на келген sms нөмірін алып, есеп­шотындағы 50 000 теңгесін ауда­рып алады. Olx интернет қо­сым­шасынан талай адам алданған сияқты. Ұялы телефонын сатуға қойған азаматтың да 300 мың теңгесін әлдебіреу жымқырған.

Осылайша, алданып қалған­дардың басым бөлігі белгісіз жан­дардан зардап шексе, енді біреу­лері өз таныстарынан да көңілі қалып отыр. Танысы банк карта­сын пайдаланып 500 000 теңге несие рәсімдеп, жоқ болып кет­кен жағдайлар да кездескен.

Қаржы пирамидасынан зар­дап шегушілер әлі күнге дейін кездеседі. Ақша салсаң, көбейеді дегенге сеніп, қолындағы бар 150 мың теңгесін құйып, соңында по­лицияға жүгінген. Байқағаны­мыздай, өзін банк қызметкерімін деп алдайтындар да көп екен. Қала тұрғынына белгісіз тұлға хабарласып, өзін банк қызмет­керімін деп таныстырып, алаяқ­тық жолмен сеніміне кіріп, жеке басының мәліметтерін біліп, есеп­шотында болған 60 000 тең­гесін иемденіп кеткен. Адамның сеніміне кіріп, арбаушылар қала тұрғынының құны 325 мың теңге тұратын сиырын да алып кеткен.

Иә, бір кездері жүргізуші куә­лігін сатып алу белең алған бола­тын. Қазір шүкір, ол жаман қа­сиет­тің беті қайтты дегенімізбен, он­дай жағдай әлі де бар болып шықты. Жүргізуші куәлігін 150 мың теңгеге бағалап, соңында ұстатпай кеткен. Қала тұрғыны мемлекет тарапынан тегін пәтер алып беремін деген бейтаныс жанның қолына 450 000 теңгені ұстата салса, тағы бір тұрғын кү­йеуін мүгедектік зейнетке шыға­рып беремін деген жанға сеніп 240 000 теңгесінен айырылған. Банк қызметкерімін деп хабар­ласқан тағы бір алаяқ қала тұр­ғы­нының депозитіндегі 1 500 000 теңгені қолды еткен.

Міне, мұның бәрі де тек қыркүйек айында болған, яғни тек қылмыстық іс ашылған 26 жағдай ғана. Әлі іздестіруде жүр­ген біз білмейтін қаншасы бар?!

Былтырғыдан 35 пайызға көбейген

Шымкент қаласының Поли­ция департаменті Тергеу басқар­масы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Өмірбек Бек­бердиевтің айтуынша, қала­мызда жиі кездесетін қылмыстар қатарына интернет алаяқтары мен қаржы пирамидаларын жат­қызуға болады. «Себебі азаматтар алаяқтардың жалған мәлімет­те­ріне сеніп, оңай жолмен ақша та­бу мақсатында өздерінің қара­жаттарын беріп, алданып жата­ды», – дейді ол. Басқарма басшы­сы жыл басынан бері 2 635 алаяқ­тық қылмыс тіркелгенін, оның бүгінде 910-ы ашылып, сотқа жолданғанын атап өтті. Алаяқтық өткен жылдың осы уақытымен са­лыстырғанда 35 пайызға кө­бе­йіпті. Яғни, былтыр осы уақытта 2 092 болса, биыл 2 635!

Полицейлер негізінен алаяқ­тықтың ақша қаражатын алу, не­сиелендіру жүйесі және төлем кар­таларын қолдану арқылы қыл­мыстық жолға баратындарды жиі кездестіретінін айтады. Одан бө­лек, интернет алаяқтық, жер қа­тынастары бойынша, жылжы­май­тын мүлікті иемдену, қаржы пира­мидалары да көптеп кездеседі.

Бұрын мұндайды «Аңқау елге арамза молда» деп жатушы еді. Ал қазір депозитіндегі ақшасынан не­месе сыртынан несие алып жат­қанда келген sms хабарламаны біл­мей айтып қойған кейбір аңқау жандарды қоспағанда, мемле­кет­тік бағдарламамен үй, ақша ал­ғы­сы келгендер мен қаржы пира­ми­дасына тұтылғандарды аңқау­лық­тан гөрі олжаға оңай жеткісі келген жалқаулыққа жатқызуға болатын сияқты. Тіпті, мұндайды алаяқ­тық­қа алдану деп емес, өзі де жа­уап­кершілікке тартылатын қыл­мыс­тың басқа түріне енгізген жөн-ау. Сонымен, алданушы көп пе, алдау­шылар көп пе? Қоғамда неге мұн­дай қылмыстың түрі көбейді?..

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.