Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылыту маусымына дайындық қызу жүруде

Тараздықтар қыстан қысылмай шығатынына сенім мол

0 607

Қоңыр күздің де алғашқы айы аяқталуға жақын. Әне-міне дегенше қыр астынан қылышын сүйретіп қыс келеді. Сақылдаған сары аязда тұрғындардың бүрсең қақпауы үшін тұрғын үйлер мен нысандардың жылу жүйесімен толықтай қамтамасыз етілуіне баса мән берілгені абзал,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Бұл бағыттағы жұмыстар Тараз қаласында қалай жүргізілуде? Шаһар тұрғындары биыл қыстан қиналмай шыға ала ма?

Тараз қаласы әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, шаһар бойынша жылу өндіруші және жеткізуші 5 кәсіпорын бар екен. Мұндағы жылу қуатын өндіруші қазандықтардың жалпы саны – 56, қазандықтарда 171 негізгі қазан орналасса, оның 90-ы резервтік. Жылу қазандықтары негізінен табиғи газбен жылытылады. Бүгінгі күнде барлық кәсіпорындарда газ тұтыну үшін келісімшарт жасалып, резервтік отын ретінде «Таразэнергоорталық», «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ мазутты, «Жамбыл-Жылу» мекемесі мазут пен көмірді, ал өзге жылу өндіруші мекемелер көмірді пайдалануда.
Қыс түскен бетте-ақ шағын аудан тұрғындары жылу мәселесіне жиі шағымданатыны жасырын емес. Айталық, былтыр көпқабатты 350 үйдің тұрғыны жылуға жете алмай отырғандарын айтып, базыналарын жеткізгені көпшіліктің есінде. Биыл осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылған сыңайлы. Ендеше, қолда бар деректерді сөйлетіп көрсек, бүгінде облыс орталығының тұрғын үй қорында 1380 көппәтерлі үй болса, оның 1309-ы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. 71 барак типтес үй автономды түрде жылытылуда.
Жауапты науқанға дайындық барысында көппәтерлі тұрғын үйлерге қала әкімінің бас инспекторлары мен басқару органдары тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, дайындық паспорттары жасалуда. Қазіргі таңда 1240 үйдікі әзір тұр. Жылыту маусымы басталғанда барлық тұрғын үйлердікі дайын болмақ.
Ағымдағы жылдың тамыз айында Тараз қаласында 15 күн мерзімге ыстық судың берілуі уақытша тоқтатылып, жылу желілерінде қысыммен сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде 15 жылу камерасындағы жылу құбырларында кемшіліктер анықталып, қалпына келтірілген. Соның арқасында барлық 885 тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл дегеніміз қаладағы жылу өндіруші және жеткізуші кәсіпорындар тарапынан жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп отырғанын көрсетеді. Айталық, бүгінгі күні «Таразэнергоорталық» АҚ-да БКЗ №160-100 бу қазандығы мен ғимарат шатырын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Жалпы орталықпен жылыту маусымына орай 23 іс-шара әзірленіп, 237,7 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар «Т.И.Батуров атындағы ЖГРЭС-і» АҚ-да №1 энергоблок күрделі жөндеуден өтіп, 15 қазанға дейін тәмамдалады деп күтілуде. Қалған «Жамбыл-Жылу», «Таразтрансэнерго», «София» сынды жылу таратқыш мекемелердің локалды қазандықтары мен жылу желілерінде жоспарлы дайындық жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ «Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерімен М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту» нысаны бойынша жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталған.
Тағы бір айта кетерлігі, «Шөлдала», «Құмшағал» сынды шағын аудандар мен 28 саяжай алқаптарында газ құбырларының тартылуына байланысты қатты отынға деген сұраныс азаюда. Дегенмен бұл мәселе әлі де толықтай шешілмегендіктен, шаһар бойынша 9 көмір қоймасында 8,3 мың тонна қатты отын бар. Көмір сортына қарай 14-17 мың теңгенің аралығында сатылымға шығарылған.
Биыл балалар дәстүрлі оқу режиміне көшіп, мектептеріне оралды. Олардың сапалы білім алуы үшін оқу ордаларының жылы болғаны аса маңызды. Бүгінде білім бөліміне қарасты 110 мекеменің 109-ы қаладағы жылу тасымалдаушы кәсіпорындар тарапынан, 1 мекеме, яғни №58 оқу ордасы жеке пеш арқылы жылытылады. Аталған мектепке ағымдағы жылы 15 тонна көмір жеткізілген.
Бұлардан бөлек, дебиторлық берешектерді өндіру бойынша да ілкімді істер қолға алынған. Атап айтсақ, қаладағы жылу өндіруші және жеткізуші кәсіпорындарға 533,1 миллион теңге берешек қалыптасып, оның 225,3 миллион теңгесі тұрғындар, 88,1 миллион теңгесі бюджеттік мекемелер және 219,7 миллион теңгесі басқа да заңды тұлғалар тарапынан туындаған. Бүгінде жалпы жылу беруші кәсіпорындар тарапынан 41,5 миллион теңгенің 305 ісі сотқа жолданып, 8 868,8 мың теңге толық өндіріліп алынған.
Көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу көрсеткішін бақылау мақсатында 1007 есептеуіш құрал орнатылса, оның 795-і нақты жұмыс істеп тұр. 212-сі мемлекеттік тексеруден өткізілмегендіктен немесе бұзылуы салдарынан жұмыс істемей тұрған көрінеді. Сонымен қатар осы жылдың басында үшжақты жасалған Қаржылық лизингке сәйкес, 125 дана есептегіш аспаптар кезекті тексеруден өткізіліп, 25 данасы демонтаждалып тексеруге жолданған. Қалған 93 аспап жылыту маусымы басталғанға дейін тексеруден өтеді деп күтілуде. Тағы бір баса атап өтерлігі, 2019-2021 жылдары қала аумағындағы жеке секторлардағы тұрғын үйлерге 598 улы газ датчиктері орнатылған. Оның 150-і 2019 жылға, 148-і былтырға, ал 300 данасы осы жылға тиесілі.
Жоғарыда біз келтірген деректер шаһарда жылыту маусымына дайындық қызу жүргізіліп жатқанын айғақтап тұр. Бұл жұмыстардың нәтижесін алдағы қыс айлары көрсетпек. Десе де, бүгінгідей дерт дендеген тұста тұрғындардың суық үйде бүрсең қақпай, жылы пәтерде тұрмыс кешеріне үміт басым.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.