Қалалық қоғамдық-саяси газет

7-20-25: Өңірден Алматыға көшкен отбасы қалай үйлі болғанын айтып берді

0 577

Бүгінде қазақстандықтардың жұмыс іздеп, ірі мегаполистерге көшуі қалыпты үрдіске айналған. Десек те көптеген азаматтар ірі қалаға қоныс аударғанда тұрғын үй мәселесімен бетпе-бет келіп жатады,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы маңынан үйлі болған Зәуре Нұғманова баспана алуда зейнетақы жинақтамасын қолданғанын айтады.

“Шығыс Қазақстаннан Алматыға көшкелі бері қаланың әр бөлігінде пәтер жалдап тұрып келдік. Өз үйімізді алу үшін ұзақ уақыт жұмыс істеп, ақша жинауға тура келді. Осы жылы зейнетақының бір бөлігін үй алу үшін қолдануға рұқсат берген соң күйеуімнің зейнет шотындағы 5 миллион теңгеге қол жеткіздік. Бұл қаражат алғашқы жарнаны төлеуге кетті. Алғашында ЦентрКредит банкі арқылы ипотека рәсімдейміз деп ойладық, алайда бұл банктен қарыз алу мүмкін болмады. Кейіннен Сбербанкке жүгіндік. Жолымыз болып, несие алдық”, – дейді Зәуре Нұғманова.

Айтуынша, ерлі-зайыптылар “7-20-25” тұрғын үй бағдарламасы жайлы кездейсоқ білген.

“Алғашында бұл бағдарлама жайлы естісек те, мән беріп қарамаппыз. Бір күні Өтеген батыр ауылына жолымыз түсті. Сол жақтан “GRES PARK” тұрғын үй кешенін байқап, ұнатып қалдық. Сатылымдағы үйлер жайлы білу үшін сату бөліміне кіріп, жөн сұрастырдық. Сөйтсек, қазір сатылымның екінші кезеңі басталып кетіпті, бірінші кезеңде баспана алып үлгергендер қазір өз үйлерінде тұрып жатыр екен. Осы тұста мердігер ұйым өкілі “7-20-25” бағдарламасы бойынша банкке баруға кеңес берді. Осылайша, аталмыш тұрғын үй бағдарламасының арқасында өз баспанамызды иелендік”, – дейді жаңа қоныстанушы.

Бұған қоса, ол құжат жинау мен несие рәсімдеуге небәрі 20 күн кеткенін атап өтті. Сөзінше, осы уақыттан кейін отбасы жаңа үйге қоныстанған.

Зәуре Нұғманова үлкен қалаға көшкенде айтарлықтай қиындықтарға тап болмағанын сөз етті.

“Алматыға тез үйреніп кеттік. Негізі жолдасым да, мен де инженерміз, сондықтан бізге жұмыс табуды да қиынға соқпады. Мегаполистің көрікті жерлері жайлы бұрыннан білетінбіз. Бос уақытымызда қалада жиі серуендеп, шаһардың сыртындағы табиғатқа да демалысқа шығып тұрдық. Біз белсенді өмір сүру салтын ұстанған жандармыз, бәлкім, содан болар Алматы бізді құшақ жая қарсы алды”, – дейді ол.

Айта кетсек, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы еліміздің аумағында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту мақсатында құрылған. Бағдарламаның арқасында қазақстандықтар жаңадан салынған үйлерді сатып алу мүмкіндігін иеленді. «7-20-25» бағдарламасының операторы – “Қазақстанның орнықтылық қоры” АҚ.

«7-20-25» бағдарламасы тиімді әрі төмен 7%-дық мөлшерлемесімен ипотека ұсынады. Ал бастапқы жарна баспана сомасының 20%-ын құрайды. Бұл тұрғыда Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалалары тұрғын үй құны 25 миллион теңгеден, Қарағанды қаласы үшін 20 миллион теңгеден және басқа да аймақтарда 15 миллион теңгеден аспауы керектігін атап өткен жөн. Ипотека мерзімі 25 жылға дейін жетеді.

Бүгінде бағдарлама бойынша ипотека алу үшін мына банктерге жүгінуге болады: 

  • Банк ЦентрКредит
  • Сбербанк
  • Қазақстанның Халық банкі
  • Еуразиялық Банкі
  • Jusan Bank
  • Bank RBK
  • Forte Bank
  • Altyn bank

Ипотека рәсімдеуді жоспарлаған азаматтарға мынадай талаптар қойылады: 

  1. ҚР азаматы болуы;
  2. Ел аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы;
  3. Тұрақты табысының болуы;
  4. Басқа да ипотекалық кредиттерінің болмауы.

ҚР ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылы 343 мыңнан астам қазақстандық басқа өңірге қоныс аударған. Оның ішінде азаматтардың көп бөлігі Алматы қаласында тұруды жөн санайды екен. Мәселен, өткен жылы оңтүстік астанаға 72 мыңнан астам адам Алматы, Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарынан көшіп келген.  Жаңа қоныстанушылардың саны жөнінен екінші орынға Нұр-Сұлтан қаласы табан тіресе (66,5 мың азамат), Шымкент қаласы үшінші орынға жайғасыпты (39,3 мың азамат).

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.