Нұр-Сұлтанның бас мемлекеттік санитария дәрігерінің қаладағы шектеу және карантиндік іс-шараларды жеңілдету туралы қаулысы шықты, – деп хабарлайды»Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Құжатқа сәйкес, 12 қыркүйектен бастап жексенбіде қоғамдық көліктің жұмысына рұқсат етіледі.
«Қалалық қоғамдық көліктің жұмысы («пик» сағаттарында автобустар санын көбейту, соңғы аялдамада салонды дезинфекциялау құралдарымен өңдеу, барлық есіктерді ашу, жолаушыларға қолжетімді орындарда тері антисептигі бар санитайзерлер орнату, әлеуметтік қашықтықты міндетті түрде сақтау және жолаушылар мен жүргізушілердің бетперде киюі) штаттық режимде жұмыс кестесімен», – делінген қаулыда.
Сондай-ақ, діни бірлестіктердің жұмысына өзгерістер енгізілді.
«Діни бірлестіктер объектілерінің жұмысына штаттық режимде (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар және т.б.) жұмыс кестесін белгілей отырып, күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтаумен ұйымдастыру.
Мешіттер, православ шіркеулері және басқа да діни объектілер аумағында ашық ауада бетперде режимін және бір адамға кемінде 4 метр есебімен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып өткізуді қоспағанда, ұжымдық діни іс-шараларды (оның ішінде «жұма намаз», күнделікті православиелік дұғалар және басқалар) өткізуге тыйым салынады.
Діни бірлестіктер объектілерінің жанында орналасқан «Ashyq» жобасына қатысатын қоғамдық тамақтану объектілерінде 30-дан аспайтын адаммен еске алуды өткізуге рұқсат етілген», – делінген құжатта.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.