Бүгін Тараз қаласы әкімдігінің қызметкерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестің мүшелері, «Ұлттық сапа» орталығының мамандары және қоғам белсенділерінен құралған топ шаһарда құрылысы аяқталуға жақын жолдардың сапасын зерделеді.
Әуелі топ мүшелері «АрсикоСтройИнвест» серіктестігі қолға алған бірнеше көшеге барып, орташа жөндеу жұмысының барысымен танысты. Биыл Сәмен Дөненұлы мен Желтоқсан көшелерінің қиылысатын тұсынан бастап, Қойгелді көшесіне дейінгі аумаққа жаңа асфальт жол төселіпті. Жолдың талапқа сай болуын қоғам белсенділері мен мамандар жіті тексере келе бірқатар кемшіліктердің барын анықтады. Осы ретте жергілікті тұрғындар кәріз қақпақтарынің құдыққа сәкес келмейтінін айтып, орынды өтініштерін жеткізді. Серіктестік басшысы Нұрлыбек Кенжебаев жұмыс барысында орын алған бірлі-екілі кемшілікті бірер күнде реттеуге сөз берді. Дәл осы компания қолға алған Бульварный көшесінің 5-ші бұрылысындағы асфальт та талапқа сай төселген. Жаңадан салынған жолдың биіктігі 6 сантиметр, ені де жобада көрсетілген шартпен толық сәйкес келіп тұр.
Биыл қалада жол жөндеу бойынша қыруар жұмыс атқарылуда. Оның басым көпшілігі пайдалануға беріліп, тұрғындар тілегі орындалды. Жұмыстың сапасын қоғамдық бақылау тобынан бөлек, қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегі жол секторының меңгерушісі Дамир Айманов бастаған мамандар да аралап, жіті тексереді. Сектор меңгерушісі өз сөзінде Байзақ батыр көшесінен Құмшағал шағын ауданындағы өткелге дейінгі жолды орташа жөндеуден өткізген «Арайстроймаркет 2003» серіктестігінің жұмысына көңілі толатынын жеткізді. Себебі аталмыш серіктестік жоспардан тыс қосымша көлік қоятын тұрақ пен кейбір аумақтарға арық науаларын орнатыпты.
Бұл күні қоғамдық бақылауға шыққан топ мүшелері қаладағы бірнеше көшені аралап, кемшілікке жол беріп отырған серіктестіктерге жағдайды реттеуді тапсырды.
Алдыңғы