Биыл жыл басынан бері Жамбыл облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде 205 өтініш қаралыпты. Оның ішінде 117 азамат, яғни өтініш білдіргендердің 57,1 пайызының құқығы бөлшек саудада бұзылған екен. Бұл туралы департамент басшысы Байқадам Дүйсенбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде тарқатып айтты.
Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ
Биыл тұрмыстық коммуналдық шаруашылық қызметі бойынша құқығын қорғау үшін департаментке 27 адам қайырылған. Сондай-ақ электронды сауда бойынша – 17, көлік қызметінде – 5, байланыс қызметі – 5, қоғамдық тамақтану – 3, медицина қызметі – 2, қаржы, туристік қызметтер бойынша бір-бір өтініштен түскен.
Әрине, біз осындай статистикаларды қарап отырып, жыл өткен сайын өз құқығын қорғай алатын тұтынушылардың саны да артып жатқанын байқаймыз. Әсіресе, биыл сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартуы бойынша қаралған өтініштердің үлесі артқан екен. Департамент басшысы Байқадам Дүйсенбаев брифингте статистикаларға сүйене отырып, тұтынушылардың құқығы көп жағдайда неден бұзылатынын айтты.
– Әрине, жыл сайын тұрғындардың құқықтық сауаттылығы артып келеді дейміз. Бұл бойынша ақпараттық жұмыстарды жылда үзбей жүргіземіз. Десек те, бірінші кезекте қайшылықтар кәсіпкерлердің «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңын білмеуінен орын алады. Екіншіден, тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің аздығы дер едім. Бұған әлі бірқатар толықтырулар енгізу қажет деп есептеймін. Үшіншіден, шағын және микро кәсіпкерлік субъектілеріне тексеріс жүргізу бойынша енгізілген мораторий. Міне, біздегі басты кедергілер – осы, – дейді ол.
Сонымен биыл тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде түскен өтініштердің үлесі былтырғыдан 61,4 пайызға артқан. Ал барлық сұрақтардың 80 пайызы қанағаттандырылыпты. Яғни тұтынушыларға жалпы көлемі 12 894 443 теңге қайтарылып, 53 тұтынушы сапасыз тауарын қайта айырбастаса, 118 азаматқа түсініктеме беріліпті.