Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көршіге қараған күн құрысын

0 649

Бүгінде су тапшылығы ғаламдық мәселеге айналуда. Бұл жағдайға байланысты ғалымдар көзқарасын білдіріп, 2030 жылға қарай судың жайы күрделене түседі деп болжам жасап отыр. Қарапайым ғана мысал, соңғы жылдары мұнар басын қысы-жазы қар басып жататын тау шыңдарында да қардың азайғанын байқаймыз. Экологиялық ахуалды қазірден бақыламаса, қалыпты экономикалық жағдай да тығырықтан шығудың тетігі болмай қалмай ма деген сауал туады.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Еліміздің батысы, шығысы мен оңтүстігінде су көздері бар. Соның өзі Қытай, Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келеді. Негізгісі – Іле, Жайық, Сырдария, Ертіс. Қазақстанның орталығында мұндай ірі су көздері жоқ. Жылдан-жылға іргелес мемлекеттер дамып, өркендеуде. Тиісінше оларға да су аса қажет. Көрші мемлекеттердің әл-ауқаты жақсы болса, бұдан бізге де орасан пайда түседі. Жаңа бағытта байланыс орнатуға жол ашылады. Бірақ халықаралық су заңының талабы бойынша әр мемлекет өз аумағындағы тіршілік көзінен қажетін алуы керек. Бұл да – өзекті мәселелердің бірі. Себебі еліміздегі ірі өзендер мемлекетаралық, яғни Іле, Жайық, Сырдария, Ертіс және Талас пен Шу өзені көрші елдерден келеді. Сондықтан су мәселесіне салғырт қарамау маңызды. Өзге өңірлерді айтпағанда, Жамбыл облысы Шу-Талас гидрографиялық бассейніне жатады және жерүсті су ресурстарының 80 пайызы Қырғызстаннан келеді. Бір сөзбен айтқанда, облыс толығымен көрші елдің су саясатына тәуелді болып отыр. Осы бағытта кикілжің туындамас үшін мәселелер 1983 жылы КСРО-ның Су шаруашылығы министрі бекіткен Қазақстан мен Қырғызстан Республикалары арасында Шу және Талас өзендерінің су көлемін бөлу ережесіне, сондай-ақ 2000 жылдың 21 қаңтарындағы Үкіметаралық келісімге сәйкес жүргізіледі.

Облыста суармалы жерлерді тиімді пайдалану және оның көлемін ұлғайтуға бағытталған ауқымды іс-шараларға қарамастан, сумен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Соңғы жылдары өңірдің шаруалары ағын судың тиісті деңгейде жетпеуінен табысты ұлғайту мүмкін болмай тұрғанын айтады. Бұл жағдай облыс басшыларының ықпалымен шешілмейтіні белгілі ғой. Сондықтан республикалық деңгейде шешім қабылданбаса, жағдай тіпті ушығып кетуі мүмкін. Мысалы, соңғы бес жылға талдау жасайтын болсақ, облыс аумағында, әсіресе, Шу өзені бассейні бойынша ағын сумен қамтамасыз етуде күрделі мәселелер орын алып отыр. Бес жыл бойы ауыл шаруашылығына мемлекетаралық келісім бойынша бекітілген су көлемінің тек жартысынан сәл-ақ жоғары көлемін алуға қол жеткізіп отырмыз. Ал биыл Қырғызстан тарапы кесте бойынша бекітілген су көлемінің тек 53 пайызын ғана жіберіп отыр. Талас өзені бойынша да сәйкес су көлемі белгіленген кезден түсіп жатыр. 2018 жылы келісілген су көлемінің 78,3 пайызы бөлінсе, 2020 жылы алынған су көлемі 89,9 пайызды құрап отыр. Ал Күркіреу су өзені мен Үлкен Шу каналын көрші мемлекет біржола байлап тастағандай.

Тығырықтан шығудың тетігі қандай? Су мәселесі шаруашылыққа тұсау болмай ма?
Трансшекаралық су көздерінен бөлек, өңірде ішкі су көздері бар. Оның негізгі үлесі – жерасты сулары. Жерасты суларын пайдалану мақсатында Жамбыл облысының әкімдігі 2020 жылдың 16 қазанында У.М.Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институтымен аймақтың ауыл шаруашылығы саласын кеңейтіп, жерасты суларының үлесін арттыру мақсатында меморандумға қол қойды. Оны іске асыру барысында институт «Жамбыл облысының ауылдық аумақтарын тұрақты дамыту үшін жерасты суларын фонтандық пайдалану перспективаларын бағалау» атты жобасын ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің конкурсына ұсынды (2020 жылғы 6 тамыздағы 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша зерттеулерді гранттық қаржыландыруға арналған). Аталған жоба сараптамадан сәтті өтіп, бүгінде институт ҚР БҒМ Ғылым комитетімен келісімшартқа отыру жұмыстарын жүргізуде. Келісімшарт дайын болған соң, жоспарлағандай тиісті жұмыстар басталады. Бұдан бөлек, 2021 жылдың 29 сәуірінде Жамбыл облысының әкімдігі жерасты суларын кеңінен пайдалану мақсатында «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-мен меморандумға қол қойды. Аталған институт Меркі, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Байзақ аудандарында 26 ұңғымаға зерделеу жұмыстарын жүргізіп, бүгінде қорытынды ақпарат дайындауда (ұңғыманы тиісті мақсатта пайдалану бойынша). Мәліметтерді ұсыну уақыты мамыр айының соңы деп белгіленген.

Облыс бойынша жалпы суармалы жер көлемі 179,8 мың гектарды құрайды. Оның ішінде сумен қамтамасыз етіліп отырғаны 101,9 мың гектар болса, 77,9 мың гектарды қайта қалпына келтіру жұмыстары 2021-2025 жылдар аралығына жоспарланған. Осы мақсатта халықаралық қаржы институттары Еуропа қайта құру және даму банкі мен Халықаралық қайта құру және даму банкінен несие бөлінуде. Ол бойынша Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай және Меркі ауданындағы суармалы жерлер қалпына келмек. Бүгінгі күнге барлық нысандарда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлердің жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтамауына байланысты АШТӨ сумен толық қамту үшін қиындықтар туындауда. Осы ретте шаруаларға суды аса қажет етпейтін дақылдар өсіру ұсынылған. Одан бөлек, облыста 2018 жылы құрылған механикалық жасақ арқылы 2018-2020 жылдары барлығы 245,36 шақырымды құрайтын 68 су шаруашылығы нысандарына жөндеу, тазалау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 17495 гектар суармалы алқап қалпына келтіріліп, толығымен ағын сумен қамтылып отыр.

Сонымен қатар су үнемдеу технологиясы облыс бойынша 2020 жылға дейін 30,0 мың гектарға енгізілген болса, 2021 жылы 40,0 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы барлық аудан мен қалада жүзеге асып жатыр. Биыл аймақта суармалы жерлердің 30 674 гектары тамшылатып суару және 9 322 гектарында жаңбырлатып суаруға көшкен. Өңірдегі ірі бастамалардың бірі жыл сайын туындайтын су тапшылығын түбегейлі шешу және Қырғызстан Республикасына тәуелділікті азайту үшін жалпы құны 14,0 млрд теңгені құрайтын жаңа 3 су қоймасын салу көзделуде. Олар Қордай ауданында «Ырғайты» (су жинау көлемі – 15,2 млн текше метр) және «Қалғұтты» су қоймалары (су жинау көлемі – 14,6 млн текше метр. Байзақ, Талас аудандарына тиесілі «Ақмола» су қоймасы (су жинау көлемі – 11,1 млн текше метр). Аталған су қоймалары салынған жағдайда, 2023 жылға суармалы егістік алқабы 211,3 мың гектарға ұлғайып, көрші елге тәуелділік 50 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Су қоймалары бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге 2018-2020 жылдары республикалық бюджеттен 43,6 миллион теңге қаражат бөлініп, игерілген. Бүгінге техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптамаға өткізіліп қойған. Қазіргі уақытта түзетулер бойынша жұмыс жасалып жатқан екен. Мемлекеттік сараптаманың қорытындылары алынғаннан кейін ғана жұмыс жобасы әзірленбек.

Облыс көлемінде жалпы 121 су қоймасы мен бөгеттер бар. Оның ішінде Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жамбыл су қоймалары» КММ-нің теңгерімінде 106, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының теңгерімінде 7 және жекеменшікте 8 су қоймасы мен бөгеттер бар. Осы су қоймалары мен бөгеттердің күнделікті мәліметін (толуы, тасталуы, түсуі) теңгерім иелері жүргізіп отырады. Қырғызстан Республикасының таулы аудандарындағы жауын-шашын қорларының болжамын негізге ала отырып, облыстың су айдындары мен тоғандарын толтырып алуға теңгерім иелеріне ұсыныстар енгізіледі.

«Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі меншігінде 106 су қоймасы мен бөгеттері бар. 106 су нысандарының 23 каскадты өзектер, 5 бекітілмеген, 27 балық және егін шаруашылығына, 14 балық шаруашылығына, 35 егін шаруашылығына, 1 өнеркәсіп қажеттілігіне, 1 экологиялық мақсатта пайдаланылады. «Жамбыл су қоймалары» КММ соңғы мәліметі бойынша су қоймалары мен бөгеттерде нақты жиналған судың көлемі 83,132 млн текше метрді құрайды. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитеті «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бақылауындағы ірі су қоймалары да бар. Оның құзырында Қырғызстанда орналасқан Шоң-Қақпа (Киров) мемлекетаралық пайдаланудағы су қоймасы бар. Жобалық көлемі 550,0 млн м3 болса, қазіргі таңда жиналған су көлемі 446,99 млн текше метрге шамалас.

Осыдан он жыл бұрын қалаға Байзақ, Жамбыл ауданынан 10 мың гектар жер қосылды. Болашақта аталған аумақтарда инфрақұрылым тартылып, құрылыс жұмыстары қызады. Себебі қала жылдан-жылға өсіп, сәйкесінше тұрғындардың да үлесі артып жатыр. Шаһарда егістік алқабы үшін бар-жоғы 600 гектар ғана жер бар. Шаруашылық бағытындағы негізгі күш аудандарда. Биыл су жететін алқаптарға жоғары рентабельді дақылдар өсіріліп, 30 жылдан бері жөндеу көрмеген алқаптарда су қажет етпейтін дақылдар егіледі. Арпа, бидай, мақсары егу жоспарда бар. Бірақ одан табатын табыстың көрсеткіші су жететін аумақтарда өсетін өнімдерден 4-5 есе аз. Мақсары егуді Шу, Жуалы, Сарысу, Талас, Қордай аудандары мықтап қолға алған. Биыл шаруашылықтарды қолдау мақсатында мақсары егіп, одан алынған өнімді өңдейтін кәсіпорындарға субсидия беріледі. Мақсары өсіретіндердің қатары артуда. Су үнемдеу технологиясы бізге ауадай қажет. Себебі өсімдіктерге су нағыз керек шағында азаяды. Ол да түсінікті, себебі Қырғызстан да тіршілік көзін егістікті суаратын маусымда көп пайдаланады. Барлық суармалы жердің шамамен 50 пайызына су үнемдеу технологиясын пайдалануымыз керек. Яғни 90 мың гектарға жеткізу керек. Бұған мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Мәселен, бір гектарға кететін шығын көлемі 800 мың теңге болса, оның елу пайызы субсидияланып қайтарылады. Егістікті дәстүрлі әдіспен суарса, бір гектарға мың тонна су кетеді. Ал үнемдеу технологиясы арқылы жұмсалатын су көлемі 500 тоннадан 700 тоннаға дейін жетеді. Жаңа технологиялардың әлеуеті жоғары екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Демек, алдағы уақытта белгіленген жоспарлы жұмыстардың барлығы орындалып, оң нәтижеге қол жеткізсек, егістікті суару үшін көрші елдің су беру саясатына аса мұқтаж болмасымыз анық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.