Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үйретуден жалықпаған

0 385

Ұстаз деген әулет бар. Өз мамандығының қадір-қасиетін, өз еңбегінің сүйінішін дәл өзіндей сезіне алатын, бағалай білетін кім бар екен?! Мектеп қоңырауының сыңғыры, сүйікті шәкірттерінің күлкісі құлағынан кетпейтін бақытты күндер оның бар өмірінің мән-мағынасы болып кеткен. Оны естімесе, ол елегізіп тұрады. Саналы өмірінің ең бір мазмұнды, қызықты 60 жылын осы бір қасиетті іске арнаған профессор Сәбит Тамайұлы өз еңбегінің жемісіне зор қанағатпен қарайды.

Бірер жыл ғана мектеп қабырғасында жас мұғалім болып бастаған ол аттай 60 жылын жоғары оқу орнында студенттерге дәріс беруге арнаған екен. 60 жыл тек айтуға ғана оңай. Ал оны табандылықпен айнымай, жалықпай атқарып келу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін жұмыс.

Түлкібас ауданының Бүйрекбастау ауылында туған Сәбит қарапайым отбасы, еңбекқор жанұядан шыққан. Әкесі Қошқарбай Тамайұлы жылқышы екен де, анасы үй шаруасын күйттеген жан болатын. Ағасы Тамайұлы Сәрсенбай соғыста жараланып келіп, колхоз жұмысына араласады.

Мектепті бірер жыл бұрын бітірген туысқан ағалары Нұрғали Сарыбеков, Серікбай Молдияр Қазақ мемлекеттік университетінің география, биология мамандықтары бойынша оқуға түсті, одан әрі аспирантураға түсіп, ғылым докторы, профессор атағына ие болады. Жоғары оқу орындарында сабақ беріп, елге белгілі азамат болып танылады. Мектепті 1955 жылы үздік бағалармен бітіріп шыққан балаң жігіт Сәбит бірден келіп Алматының Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының «Физика-математика» факультетіне түсіп, студенттік өмірін бастайды.

Мінеки, Алматы! Түн ішіндегі айсыз ашық аспаны, үнсіз жымыңдасқан жұлдызы, сылдырап аққан арықтағы мөлдір суы, қанатын жайып, көктемнің күнінде жапырағын ашқан тал-терегі – бәрі-бәрі де ертегідей бала қиялын әлдилеген арман қала. Өмірге деген құштарлық қандай, оқуға деген ынта мен іңкәрлік қандай! Айнала төңірек ғажап сұлулыққа бөгіп, мүлгіп тұр. Аспанмен таласқан ақ бас Алатауы жас сұлудың сәукелесіндей болып сәт сайын өзгеріп, құбылып тұр. Өте шыққан бес жыл талпынып келген балаң жігітті енді естияр азамат қылып, мол біліммен сусындатып, кәнігі маман етіп еліне қайтарады.

Алғашқы ұстаздық қадам 1960 жылы тамыз айының 1-ші жұлдызынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының Састөбе орта мектебінен басталады.

Жарықтық Қапекең – Қапаш Тасболатов тіршілігінде айтып кеткені бар еді: «Ұстаз әрдайым алдынан қарағанда да, бір қырынан немесе арқасынан қарағанда да, өз шәкірттеріне көркем болып көрінуі керек. Ішкі әлемі мен сыртқы келбеті сәйкесіп, келісімін тауып тұрғанда ғана сыйлы болады», – дейтін.
Білімді маман қай уақытта да көзге көрінбей, еңбегі мен шеберлігі еленбей қалған емес. Аз уақытта ол әріптестерінің ішінде ауызға ілініп, Шымкент педагогикалық институтының Ғылыми кеңесінің шешімімен «Физика» кафедрасына ассистенттік қызметке қабылданады. Одан соң 1963 жылы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының «Физика» кафедрасына конкурспен мұғалім болып ауысады да, артынша-ақ 1967 жылғы шілдеден бастап Жамбыл педагогикалық институтының «Математика және физика» кафедрасына аға оқытушы болып орналасады. Бұл жылдар жас Сәбиттің ғылымға енді біржола мықтап бет бұрған, құлшына кіріскен жылдары еді.

1968-69 жылдары Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің физика факультетінде «Қатты денелер физикасы» кафедрасының проблемалық ғылыми-зерттеу лабораториясында зерттеуші қызметінде, одан соң аспиранты болып білімін ұштай түседі. 1974 жылы осы университеттің үлкен Ғылыми кеңесінде әлемге танымал ғалым, профессор Г.С.Ждановтың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғайды. Аз уақыттың ішінде Жоғарғы аттестациялық комитеттің шешімімен ғылым кандидаты, одан соң доценттік атаққа ие болады. Жылдар өте ол сол факультеттің кафедра меңгерушісі, деканы қызметтерін абыроймен атқарады.

Республиканың білім беру жүйесінде ұзақ жылдар үздіксіз әрі саналы еңбегі үшін, оқу мен тәрбие саласындағы елеулі табыстары үшін ол Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісімен, «Жұмыстағы үздік табысы үшін» төсбелгісімен және де көптеген марапат-мадақтамалармен наградталған. Осының нәтижесінде бүгінде ол Тараз өңірлік университетінің профессоры болып құрметке бөленіп отыр.

Сәбит Тамаевтың отбасы бақытты күй кешті. Сүйікті жары Гүлжан Сейітқызы өзіне әріптес ұстаз болып жұмыс істейді. Мәскеудің ғылыми-зерттеу институтында оқып келіп, аспирантура бітіріп, ғылым кандидаты деген дәрежеге ие болады. Отбасындағы сенімді серігі Гүлжан аса тәрбиелі, текті жерден шыққан жан еді. Оның ағасы Хамза Сейтов ұзақ жылдар Жамбыл технологиялық институтының ректоры болып жемісті еңбек еткен.

Адам өмірі ізі шұбырған ұзақ сонар-салқар көш сияқты. Бірде жылыстап келіп еңіске түссе, енді бірде өрлеп келіп биікке көтеріледі. Ауыртпалығы мен игілігі қатар жүреді. Осындай өмір жолының ұзына бойында Сәбитке сүйеніш, қамқоршы бола білген асыл жары Гүлжан өзі де қатар жүріп, білімі мен ғылыми деңгейін бір төмендеткен емес. Жібектей есілген майда мінезі, мейірімді жүзі төңірегіне шуақ шашып жүретін.
Бірақ… бірақ өмір күнде той емес. Бірде қуанса, енді бірде қабырғаңды қаусатып, тізеңді бүгіп кетеді. Өкініштісі сол, Гүлжанның ертерек дүние салып кеткені. «Гүлжанымның орнын ешкімге айырбастамаймын! Ол менің таусылмас арманым ғой», – деп қала берді Сәбит. Тебіреніске толы осы бір сөзі көп жұрттың есінде қалыпты.

Профессор Сәбит Тамаевтың азаматтық келбеті, білгір парасаты, өнегелі ісі әлі талай ұрпаққа үлгі болып таралып, көпшіліктің көзін де, көңілін де өзіне тартып тұратыны анық. Ардагер ұстаздың биік мәртебесі өзін қоршап жүрген замандастарының, жүздеген шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленген. Ендеше, ол бақытты адам!
Рахым САДЫҚБЕКОВ,
Тараз өңірлік университетінің
профессоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.