Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәрбие мен тәртіптің темірқазығы

0 252

Әдеп пен әділдік үшін күресіп, қылмыстың алдын алудың хас үлгісін көрсетіп, бейбіт күнде ел тыныштығын күзеткен, қиындығы мол қызметтің жүгін арқалаған жандар – полиция өкілдері. Осынау мереке қарсаңында ел сенімін ақтаған, абыройы асқақ, еңбегі ерен полиция қызметкерлеріне сұрақ жолдаған едік.

Күнделікті қоғамдық тәртіпті қырағылықпен қадағалайтын полиция қызметкерінің бейнесі қандай болуы керек?
Шырмауы мол шырғалаң қызмет иелерінің мамандық барысындағы қиындығы неде?

Арман БАЙДІЛДАЕВ,
Тараз қаласы Полиция басқармасы №1 полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының орынбасары, полиция майоры:

– Мансабымды 2008 жылдан бері бастадым. Яғни Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсіп, 2012 жылы бітірдім. 2012-2017 жылдар аралығында учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істедім. 2017-2020 жылдар аралығында азаматтық және қызметтік қару айналымының бақылау тобының инспекторы лауазымын атқардым. Ал қазіргі таңда 2020 жылдан бері Тараз қаласы Полиция басқармасының №1 полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының орынбасары, полиция майорымын. Осы қызмет баспалдақтарынан сүрінбей өтуімнің өзі өмірге үйретті, қиындыққа мойымайтын қайсарлыққа баулыды. Ал, ең бастысы, полиция өкілі өз жұмысының фанаты болуы керек. Психикалық, моральдық тұрғыда кездескен қиындыққа төзген адам ғана қия шыңға бет алады. Адамгершілігін жоғалтпаған кісі ғана бұл істің биігіне жетеді. Полиция қызметкері «қоғамға пайдам тисе, шешілмеген түйінді шешсем» деген оймен күн кешеді. Принципсіз полицей – ол маман емес.
Бұл мамандықтың қиын сәттерін жаңадан жұмысқа орналасқан уақытта басыңнан кешіресің. Оң-солыңды танымайтын уақыт – ең бір сынға толы, шырмауы мол шырғалаң кезең. Себебі ең алғаш кісі өліміне апарған қылмыстарға шақырту алғанда қобалжып, қатты қысыласың. Өлімді бірінші рет көргенде, бойыңды қорқыныш билейді. Бұл мамандықтың ең ауыр сәті де осындай кісі өліміне байланысты. Одан кейін көз үйреніп кетеді. Алғаш басыңнан қиын-қыстау уақытты өткеріп жүргенде, аға буын үнемі алдымыздан шығып, қиындықта қолдап, ақылын айтып, жол көрсетті. Сондай алдыңғы толқынның арқасында ысылып, өз мамандығымызды еркін игеріп кеткен жайымыз бар.

Меруерт БАЙГУБЕКОВА,
Тараз қаласы Полиция басқармасы ЖПҚ ювеналдық полиция бөлімшесінің аға учаскелік полиция инспекторы, майор:

– 2006 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Бауыржан Момышұлы атындағы Шымкент заң колледжін, 2013 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін бітірдім. 2006 жылдан бастап ішкі істер органдарында, Жамбыл облысы ІІД №1 полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеймін. Ішкі істер органдарында 15 жылдан астам қызмет етіп келемін. Қызметімнің қиындығы сол – өз отбасыма көңіл бөлуге уақыт таппай жатамын. Рейдтерге шығып, адамдармен тіл табысып, қиын сәттерге мойымай, қарсы тұруға дағдыланамыз.
Отбасымның мұрасын жалғаушымын. Көш басы атам Көшкінбай Мұстафаев полиция полковнигі, Жамбыл облысы ІІМ СК бастығы қызметін атқарған. Бірақ мен ішкі істер органдарына «ата-баба ізімен» ғана емес, өзім саналы түрде осы мамандықты ұнатқан соң ғана атамның жолын жалғауға бет түзедім. Заңға қызмет ету және мен жүрген ортада әділеттіліктің салтанат құруы жеке басымның сипатын қамтиды. Инспектор ретінде жұмыс жасай отырып, мектеп оқушыларымен тығыз байланыста болғаным, оларды әділеттілікке баулығаным, бойына жақсы қасиеттерді сіңіруге атсалысқаным өзіме ұнайды. Жас балғындарды дұрыс мінез-құлық пен парасатты тәрбие жолына бағыттауыма бұл үлкен мүмкіндік деп білемін. Болашақ ұрпаққа жасөспірімдердің әлеуметтік өмірінің кейбір заңды аспектілері мен конвенцияларын түсіндіруге көмектесу – менің басты міндетім. Негізі, өз ісінің қиындықтарына қарамай, мемлекет пен қоғамға қызмет етуді өзіне маңызды және қажетті сезінген кезде ғана адам нағыз маманға айналады деп ойлаймын.

Шыңғыс АБЛАЕВ,
Тараз қаласы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы:

– Мен бала күнімнен полиция қызметкері болғым келді. Полиция қызметкерлерін қатты құрметтейтінмін. Сала қызметкерлері өте батыл әрі салмақты болып көрінетін және формалары да өзіме қатты ұнайтын. Кішкентай кезімде достарыммен полицей мен заң бұзушы болып ойнаушы едік. Сол ойын қатты әсер ететін. Сол бала күнгі қиялмен өсе келе оқуға түсіп, армандаған қызметке де жеттік. Полиция қызметінің қауіпті тұстары көп. Осы мамандықты таңдау себебім де – сол. Бойымдағы жақсы қасиет – батылдығым. Сондықтан қиындықтардан қорықпай, полицей болуды бұрыннан қаладым. Әділдік үшін күресіп, адамдарға барынша көмектесіп, халықтың ризалығына бөлену – біз үшін үлкен мәртебе. Күні-түні жұмыста жүреміз. Уақытпен санасу деген мүлде болмайды. Сол үшін қарапайым халықтың ішінде заң қызметкері құрметті мамандық деп ойлаймын. Мен Халық қаһарманы, капитан Ғазиз Байтасовты үлгі тұтамын. Ол кісі өзін қазіргі заманның халық батыры, халық жанашыры екенін айқын дәлелдеді. Әлдекімді өлім аузынан арашалап, өзі сол қиын сәтте жан тапсырды. Батыр ағамыз өмірден өтсе де, аты өшпей, мәңгілік есімізде қалды.
Полиция қашанда халықпен бірге деп ойлаймын. Қарапайым халықтың абыройына нұқсан келуіне жол бермейтін мамандық иесі болғанымды мақтаныш етемін. Әр азаматтың Отанын сүюі – міндеті. Мен өз қызметім барысында қолымнан келгенше қасақана жасалған өлімді, жол апаттарын азайтқым келеді. Қандай қылмыс болмасын, бүкіл мән-жайды анықтайтын полиция қызметкерлері емес пе? Осынау ерен еңбектің арқасында мен де Отаныма аз да болса септігімді тигізгім келеді. Өз ойымша, құқықтану сабағымен қатар, полицей мамандығына көңіл бөліп, мектепте үйрету керек. Баланың қауіпсіздігі үшін. Оған қоса полиция мамандығының қоғамдағы рөлін оқушыларға таныту керек. Полиция қызметкерлері халық үшін күреседі. Ал қарапайым халықтан ережелер мен заңдарды сақтауға кеңес берер едім. Біздің қоғамымызда полиция мамандығы құрметті, маңызды рөлді атқаратын, батырлық пен сабырлықты талап етеді. Сондықтан да мен өз мамандығыммен мақтанамын!

Жанерке ӘЗІМХАН,
Тараз қаласы Полиция басқармасының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы, аға лейтенант:

– Жұмысымның қиындығы – отбасыммен өткізуге уақыттың тапшы болуы. Бірақ адам өзі ұнатқан мамандығын атқару барысында дәл сол қиындықты көтереді, мойымайды. Оның себебі – мамандығына деген махаббат қиындықтан алып шығады. Өз жұмысым барысында біреудің қайғысына, енді біреудің қуанышына ортақ боламыз. Біреудің іздеу салған баласы табылғанда, өз жақыныңды тапқандай қуанасың. Ал кейде бар баласының қадірін білмейтін жайсыз отбасыларды көргенде, жүрегің елжіреп, жаның ашып кетеді. Менің ойымша, дәрігер мен полиция қызметі – ең қиын сала. Қайғы мен қуанышы арпалысқан мамандықтар ғой.
Нағыз полиция өкілінің бойында шыдамдылық болуы шарт. Қыз, мейлі ер бала болсаң да, тәулігіне 24 сағат жұмыс жасайсың. Кейде ауыр қылмыстар орын алып, дабыл қағылады. Кез келген уақытта жұмыс жасауға сақадай сай жүруіңе тура келеді. Өз жеке басың қашанда екінші орында тұрады, себебі біз халықтың адамымыз. Мәселен, бала күнімнен полиция өкілі ең батыл мамандық иелері деп ойлайтынмын. Әлі тұрмысқа шықпадым, бірақ мен тұрмысқа шығатын адам осы саланың азаматы болса деген ойым бар. Менің өз отбасым заң қызметкерлерінің ұрпағы болғандықтан, бұл мамандық біз үшін ерекше орынға ие. Негізі бұл мамандыққа келген қыздар ұлға ұқсап кетіп жатады екен. Бірақ мен өз нәзіктігімді жоғалтпадым. «Генерал болуды армандамаған солдат – ең жаман солдат» демеуші ме еді. Мен де генерал болуды арман етемін.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.