Қалалық қоғамдық-саяси газет

Махаббат пен сұлулықтың нышаны

0 422

Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртістері «Төрткүл» керуен сарайының ашық аспан астындағы түнгі сахнасында «Қыз Жібек» саунд-драмасын көрермендер назарына ұсынды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

«Қыз Жібек» – шамамен XVII ғасырда жазылған қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дастан. Бұл тарихи оқиға, кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Жырдың негізгі кейіпкерлері Төлеген мен Жібек – бірін-бірі шын сүйген ғашықтар, бірақ әке батасынан аттап кеткен Төлегеннің өлімі мен Жібектің қайғылы тағдыры талай жанарларға жас үйіреді. Жібектің бейнесі – сұлулық пен әсемдіктің нышаны, қазақ халқының мақтанышы, рухани ескерткіші десе де болады.

Ұзақ жылдар бойы ұмытылмай, махаббаттың символына айналған оқиғада қазақ халқының өмірі, тұрмысы, кәсіп-тіршілігі, салт-санасы, елдік, ерлік істері, ар-ожданы мен арман-мақсаты шынайы әрі көркем жырланады. Жыр мазмұнына тоқталар болсақ, Базарбай байдың Төлеген атты ұлы 14 жасқа толғанда өзіне жар іздеп, 210 сұлудың арасынан Сырлыбай ханның Жібек атты қызын ұнатқандығын білеміз.

Кейіпкерлердің мінездері айқындалған, шығарманың соңы да бұрынғы нұсқаларынан ерекше көрініс тапқан. Бұл қойылым шығармашылық ұжымға дұрыс әрі ұтымды таңдалғаны байқалады. Дастанның шебер тілі, тамаша әдеби теңеулер актерлерге өз кейіпкерін терең түсінуіне көмекші болғаны білініп тұр. Қойылым барысында драмаға сәйкес кейіпкерлер арасындағы қақтығыстар мен өзара тартыстар да ұтымды көрінген.


Үш ай Сырлыбай ханның елінде болған Төлеген өз еліне бармақ болып сапарға шығады. Бірақ Жібекті қызғанып, жол тосқан Бекежан қапыда Төлегенді өлтіріп, қазасын Жібекке өзі келіп естіртеді. Сол үшін Бекежан өлім жазасына кесіледі. Саунд-драманың қоюшы режиссері – Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов, қоюшы суретшісі – Қырғыз Республикасының халық суретшісі Марат Шарафидин, балетмейстер – Нұрлан Қарабаев, композиторы – Еділ Құсайынов, жарықпен көркемдеуші Мұрат Исаев болды. Басты кейіпкер Төлегенді Сухраб Мадумаров, Қыз Жібектің бейнесі Зарина Асанға бұйырыпты. Ал Бекежан – Мәмбет Қожалиев, жырау – ҚР мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков, Кербезді Жадыра Құлтаева сомдады.
«Төрткүл» керуен сарайының ашық аспан астындағы түнгі сахнасы бұл күні нұр мен жыр, сыр мен гүлге тұнып тұрды. Оюлы қамзолы, құндыз бөрік, саптама етігі өздеріне құйып қойғандай жараса кеткен драма кейіпкерлері мың бұрала би билеп, ән салып, сол ғасырдың көзіндей болып жарқырай түсті. Бірде арландай ақырып, енді бірде бөрідей ұлып, жылқыдай тулап, түн қойнауында көктің көзін тіліп өткендей түрлі дыбыстарды айнытпай салып, өрелі өнер көрсете білді.

Тараздық театр әртістерінің репертуарына енген эпос труппа үшін сәтті сахналанған туынды екені айдан анық. Кейіпкерлер арасынан таңдалған актерлік құрам, әуен, хореограф спектакльге серпін беріп, көрікті туынды ұсынған әртістердің ойыны ұтымды өтіп қана қоймай, сондай-ақ қазақтың танымал туындыларын жаңа заманауи үлгіде сахналауға болатынын тағы бір дәлелдеді.

Осы орайда «Қыз Жібекті» тамашалауға келген көрерменнен жалпы қойылым туралы пікірін білдік.
– Менің есімімді әжем эпостағы Жібектей сұлу, ақылды қыз болып бойжетсін деп ырымдап қойған екен. Бүгінгі қойылымнан байқағаным, Жібек пен Төлеген, Бекежан – қай-қайсысы болсын өз кейіпкерінің бейнесін тамаша жеткізе білді. Сан ғасырлардың үмітін ақтап, әлі де оқылым үстінде жүрген бұл шығарманы халыққа қаз қалпында жеткізген әртістердің болашағына сәттілік тілеймін, – деді Жібек Бейбарыс.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.