Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қуанса, бала қуансын!

0 1  037

Халықаралық балаларды қорғау күні қаланың түкпір-түкпірінде кеңінен аталып өтті.

Зере ҚУАНЫШ, Шапағат ӘБДІРҰЛЫ Суреттерді түсірген С.АБЖАПАРОВ

Облыс әкімдігінің білім басқармасы қалалық білім бөлімінің мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен бірнеше іс-шара өтті. Соның алғашқысы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде ұйымдастырылды. Онда көңілді клоун Ду мен үлкен қуыршақ Тэдди және Миранда балаларды қарсы алып тұрды. Одан кейін бүлдіршіндер сахнадан ғажайып «Алтын кілт» ертегісін тамашалады. Сондай-ақ мерекелік шарада арнайы концерт ұйымдастырылды. Онда «Риверданс» балдық би студиясының, «Камертон» эстрадалық вокал студиясының және «Жас дәурен» үлгілі хореографиялық ансамблі мен «Шұғыла» бейнелеу өнері студиясы мен сәндік-қолөнер шығармашылық бөлімінің тәрбиеленушілері өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Жүргізушілер «Алтын кілт» ертегісіндегі кілтті тапқан балаларға сандықтан түрлі тәттілерді үлестірді.

Сондай-ақ бұл күні Тұңғыш Президент саябағында өнер мектебі арнайы көрме ұйымдастырса, «Мамыр» саябағында «Бақытты балалық шақ» атты музыкалық қойылым өтті. Ал «Жеңіс» саябағында қалың көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлайтын бірқатар шаралар легі ұйымдастырылды.

– Кез келген бала бақытты болуға лайық. Біздер қауырт тірліктен босап, балаға жиі көңіл бөлуіміз керек. Тек мейрам күні ғана емес, олардың әр күнін мерекеге толтыру әр ата-ананың парызы деп білемін. Бүгінгі атаулы күнде қаланың әр тұсында түрлі шараларды өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Әр шаңырақта баланың күлкісі естіліп, бүлдіршіндеріміз тек бақытты ғұмыр кешсін, – дейді қала тұрғыны Бану Өмірәлиева.

Сонымен қатар қала әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты 25 спорт алаңшасында шаһар тұрғындарының қатысуымен жаппай спорттық шара өткізілді. Оған шамамен мыңға жуық тұрғын қатысты.

Ал шағын футбол турниріне 10 құрама қатысып, өзара бақтарын сынады. 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен бәсекені қала әкімдігі ұйымдастырды. Жалпы жарыстың қорытындысы бойынша І орынды – «Тараз», ІІ орынды – «Тараз-2013», жүлделі ІІІ орынды «Хет-трика» командалары иеленді. Жеңімпаздар түрлі сыйлықтармен марапатталды.

Мереке мерейін асырды
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен бірқатар іс-шара өтті. Мерекеге байланысты Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің алдында «Шуақты балалық шақ» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.Концертте түрлі халықаралық, республикалық, қалалық өнер байқауының жеңімпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ «Ынтымағы жарасқан туған елім» атты би фестивалінде 9-14 жас аралығындағы балалар 9 топқа бөлініп, өзара баттл ұйымдастырса, «Әлем – балалар көзімен» атты асфальтқа сурет салу байқауында бүлдіршіндер қиялдарына ерік беріп, шығармашылықтарын көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар «Латын әліпбиі – тәуелсіздіктің жаңа белесі», «Ағылшын тілін үйренейік» атты акцияда бүлдіршіндер өздерінің ақылы мен білімінің жарқын үлгісін көрсетті. Ал «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты кітап көрмелерін көріп жүрген балалар алуан түрлі кітаптардың аурасынан ләззат алды.

– Бүгін бүлдіршіндердің төл мерекесіне орай бірталай іс-шараны қатарынан өткізіп отырмыз. Карантин шараларын толық ұстанып, ашық аспан астында мерекені ұйымдастырдық. Әр бала өз қызығушылығы бар іспен айналыссын деп бір жерде латын жазуын үйретсек, келесі жерде сурет салу жарысын, тағы бір бұрышта концерт болса, ал тағы бір жерде көрме болып жатқаны сондықтан. Тіпті «Менің атым Қожа» фильмін де көрсетіп жатырмыз, – деді Бақыт Тоқсанбаева.

Ал мерекеге келіп сурет салып отырған 12 жасар Сабина Ержанқызы «Тараз» деген жазуды гүлмен бейнелеген. 8 жасар Айаруды өзімен бірге алып келген анасы Айгерім Нұрбақытқызы: «Балам осы күнді сағына күтті. Ол табиғат және мульт-фильм кейіпкерлерін салғанды қатты ұнатады», – дейді.

Бір байқағанымыз, ата-аналардың көбі мұндай өнер көрмелері жиі болып тұрса деген көзқараста екен. Ары қарай іс-шара көркін газет-журналдардың парағынан көйлек киіп алаңға шыққан шебер тіпті де асырып жіберді. «Кітап патшайымы» деген атпен кітапханашы Гүлжан Бошаева арнайы балаларды кітапқа қызықтыру үшін газет-журналдардың парағынан өзіне көйлек жасап киіп келген екен. Сөйтіп, барлық сала қамтылған өнер көрмесінің сахнасында бейбітшіліктің көгершініндей болып бүлдіршіндер қалықтап биге басты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.